«Бұл – Тәуелсіздігімізді сақтап қалудың ең басты қадамы»
Atr.kz/21 наурыз, 2020 жыл. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пандемияға қатысты
қазақстандықтарға Үндеу жолдап, осынау сын сағатта ортақ істен ешкім де тыс қалмау қажеттігін баса айтты.
Қазақ халқының бұған дейін талай бірлескен істің арқасында қаншама қиындықтарды еңсергенін алға тартқан Елбасы сырттан келген бұл жағдайдан шығудың жолын көрсетті. Бұл – тұтас халық, қалың ел, жалпақ жұрт болып жұмылып, жарқын істің үлгісін көрсету.
Осы орайда қазіргі уақытта Елбасы айтқандай, облыс орталықтары мен маңызы бар қалаларда республикалық қор құрудың мәні зор. Бұл жұмыс Атырау өңірінде де шұғыл қолға алынып, қиын кезеңде ел-жұртқа қолдау көрсететін, қор құрылуы керек. Өйткені, қазіргі жағдайда салықтық түсімдер азайып, өндіріс ошақтары жұмысын тоқтатпаса да, экономикаға кеселін тигізіп жатқаны рас.
Медицина саласынада да өте көптеген қиындықтар туындауда. Сала мамандарының жұмысының бұрынғыдан бірнеше еселенгенін айтпағанда, азаматтардың сақтық шараларына қажетті күнделікті тұтынатын медициналық бетперде, антисептиктер секілді бұйымдардың жетіспей жатқанын күнделікті көріп жатырмыз.
Бұл ретте құқық қорғау органдарының да жұмысының күшейіп, ішкі-сыртқы тәртіпті қадағалау жұмыстары артты. Яғни, мемлекеттік деңгейде дер кезінде қабылданып жатқан шаралар аз емес. Дегенмен, бұл ретте тек қана мемлекеттің күш-жігері жеткіліксіз болатынын дұрыс ұғынуымыз керек.
Төтенше жағдайда орын алған осынау зауалды еңсеру үшін елімізде қосымша ресурстарды жұмылдырған әбден жөн. Осы орайда арнайы қор құрылып, оған әрбір азамат өзінің қолынан келетін үлесін қосуды ұсынамын. Шағын және орта бизнес өкілдері мен ірі өндіріс орындары да бұл іске белсене қолдау көрсетеді деп сенемін. Өйткені, елде қандай дағдарыс болса да, қазақстандықтарға жағдай жасауда жұмыс орындарын қысқартпай, халықты азық-түлікпен, қажетті тұрмыстық бұйымдармен қамтамасыз етуде және бағаны көтермей, тұрақты ұстаудың маңызы зор. Елдегі жұмыс орындарын сақтау арқылы қоғамға қамқорлық көрсету керек. Ал, бұл шараларды жүзеге асыруды тек мемлекетке қана жүктеп, өзіміз бейжай қарап отыруға болмайды. Мұндай жұмыстарды жүзеге асыруда біздің облыста тәжірибе де бар. Ортақ іске дер кезінде жұмылатын демеуші меценаттар да аз емес.
Олай болса, бұл сәтте де тұтастығымызды тағы бір дәлелдеп, сын-қатерден қорғанудың жолында Елбасының Үндеудің аясына топтасайық! Мұның барлығы –Тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызды сақтап қалудың ең басты қадамы. Ендеше, кезек күттірмес осынау іске көп болып жұмыла кірісейік!
Сайын ҚУАНЫШЕВ,
облыстық мәслихат депутаты.
Жазып алған: Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА