БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГИЯ – САРҚЫЛМАЙТЫН ҚУАТ КҮШІ

Техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық инженерлік академиясының корреспондент-мүшесі, Халықаралық экология және тіршілік қауіпсіздігі ғылымдары академиясының академигі Мергенғали Байөміров жетпістің белесіне шықты. Сондай-ақ, мерейгердің ғылыми-педагогикалық қызметіне биыл 45 жыл толып отыр. Осы айтулы күндерге орай Атырау мұнай және газ институтында арнайы кеш өтті. Біз де профессормен кездесіп, оның зерттеу жұмыстары, ғылымның ел дамуына тигізер үлесі, энергия қорларын үнемдеу, сарқылмайтын қуат күші – баламалы энергияны пайдалану мәселелері төңірегінде әңгімелестік.

– Мергенғали Ерғалиұлы, Сіз еңбек жолыңызды комсомолдық жолдамамен химия зауытының құрылысында ағаш шебері-бетоншы болып бастадыңыз. Ғылымға қалай келдіңіз?

– 1963 жылы Қазақтың ауылшаруашылық институтына оқуға түсіп, инженер-механик мамандығын алып шықтым. Студенттік күннен бастап ғылыми ізденіске көп көңіл бөліп, ауылшаруашылық техникаларының проблемаларымен дәйекті айналысуға кіріскенмін. Кейін Гурьев ауылшаруашылық техникумына жолдамамен жіберіліп, ғылымға деген талабым айқындала түсті. Бұдан соң, аталған институттың Ауылшаруашылық машиналар кафедрасында ассистент болып жұмыс істеп жүріп, техника ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ғылыми жұмыс қорғадым. Міне, менің жоғары оқу орындарымен, соның ішінде ғылыммен байланысым осыдан басталды.

– Республикалық көлемдегі ғылыми мекемелерде талай жылдар бойы қызмет етсеңіз де, үнемі туған өңірге қарай талпынумен болдыңыз.

– Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласында ҚазПТИ-дың жалпытехникалық факультетінде әр санатта жұмыс істеп, кейін өз сұранысыммен Гурьевке (қазіргі Атырау) ауыстым. Сол кезде барлық күш-жігерімді оқу-әдістемелік жұмысқа, оқу процесін ұйымдастыру мен жүргізу әдістеріне, материалдық базаның өсуіне жұмсадым. Өйткені, ғылымның тереңдігіне үңілген сайын қызығушылығым арта берді.

Кейінгі жылдары ҚазПТИ-дың Маңғыстаудағы филиалы алдымен Ақтау политехникалық институты, кейін ол Атырау университетінің Ақтаудағы филиалымен біріктіріліп, Ш.Есенов атындағы Ақтау университеті ұйымдастырылды. Ал, 2001 жылдан бері Атырау мұнай және газ институтында кафедралар меңгерушісі, «Құрылыс және стандарттау» кафедрасының профессоры, «Дәстүрлі емес және балама энергия көздері» зертханасының меңгерушісі болып еңбек етіп келемін.

– Әңгіме барысында баламалы энергия көздері туралы айтып өттіңіз. Аталған энергияның әлем тарихында ең алғаш рет қашан және қандай жағдайда пайдаланылды?

– 1957 жылдың күзінде Байқоңыр ғарыш айлағынан Спутник атты бірінші жасанды жер серігі ұшырылған болатын. Сонда космонавттар күн сәулесінен алғаш рет ток алған. Сөйтіп, әлем елдері бұл тәжірибені қолдана бастады.

– Білуімізше, Сіз қазіргі таңда дәстүрлі емес энергия көздерін пайдалану, оны күнделікті тұрмысқа енгізу бағытында біршама жұмыстар атқарудасыз. Сіздің ойыңызша, оның пайдасы неде?

– Соңғы жылдары елімізде дәстүрлі емес энергия көздеріне көп көңіл бөлінуде. Өйткені, дәстүрлі энергияның (газ, мұнай, көмір, тордан алынатын энергия көзі — ред.) қоры жылдан-жылға азайып бара жатыр. Әсіресе, мұнайды көп пайдаланып келеміз. Жаңа кен орындары табылмаса, болашақта 50-100 жылдан кейін мұнай қоры бітіп те қалуы мүмкін. Екіншіден, оны қаншалықты көп пайдалансақ, табиғатқа соншалықты экологиялық зияны келеді. Үшіншіден, оны тасымалдау үшін көптеген қаражат кетеді. Ал, балама энергияны туындататын ауа, күн сәулесі, органикалық шірік қалдықтарды тасымалдаудың қажеті жоқ. Жел энергиясы немесе автономды күн сәулесі қондырғыларының табиғатқа қандай әсері болуы мүмкін? Шіріп тұрған дүниелер де ауаны құртады. Ал, оны кері өңдеп, күнделікті өмірде қажетті энергияға айналдыруға болады. Сондықтан, ол өте пайдалы.

– Бірақ, ол тұрақты энергия емес қой. Мәселен, күн күндіз бар да, ал түнде жоқ. Немесе бұлтты, тұманды күндерде күн көрінбейді. Ал, жел де сол сияқты. Атырауда сарқырама өзендер болмағандықтан, баламалы энергиясының көмегімен суды да қажетті деңгейде ала алмаймыз. Ал, адамдар үйдегі жарық пен судың күні-түні болғанын қалайды емес пе? Ал, өндіріс орындары энергияның қорын қалай жасақтамақ?

– Иә, бұл сұрағыңыз орынды. Баламалы энергияның бір кемшілігі — осында. Табиғаттан алатын энергия көзі болғанымен, оның қондырғылары көп қаражатты қажет етеді. Америка, Қытай, Балтық теңізі аймағы баламалы энергия көзіне көшіп жатыр. Кей елдер өздері пайдаланатын энергияның 18 пайызын осы дәстүрлі емес энергиядан алып отыр. Сондай-ақ, оның қуаты да аз. Күн сәулесі жерге жеткенше әлсіреп, бізге бәсеңсіген түрі жетеді. Сондықтан, өндіріс орындарына оны қолдану қиынға соғады. Осыған орай, баламалы энергия дәстүрлі энергияны алмастырып отыру үшін қолданған тиімді. Оны энергияны үнемдеудің бір жолы деп қарастырған дұрыс.

Институтта зертхана ашып, пиролиз негізінде жасайтын биогаз қондырғысы, суды жылытатын вакуумды гелиоколлектор және тағы басқа қондырғылардың басым көпшілігін Қытайдан әкелдік. Сондай-ақ, Алматыдан тапсырыс арқылы күн сәулесін жинақтағыш макетін жасаттық. Мұндай қондырғылар Атырауда «Америкалық қалашықта» та бар. Сондықтан, біздің өңір үшін бұл таңсық емес. Енді 2017 жылы Астанада өтетін ЭКСПО көрмесіне баламалы энергия беретін қондырғының макетін дайындап жатырмыз.

– Осы бағытта Сіздің еңбектеріңізді жалғастырып келе жатқан шәкірттеріңіз бар ма?

– Көптеген шәкірттер тәрбиеледім. Жылына кем дегенде 4-5 шәкіртім осы баламалы энергияның тиімділігі туралы халық-аралық деңгейде ғылыми жұмыс қорғайды.

– Сұхбатыңызға рахмет! Мерейлі жасыңыз құтты болсын!

Сұхбаттасқан

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз