Жарнама
Қоғам

Битумға неге мұқтажбыз?

ЖОЛДЫҢ ЖАЙЫН ЖҮРГЕН БІЛЕТІНІ РАС. БІРАҚ, БІЛГЕННІҢ ТІЛІН АЛЫП ЖАТҚАН АДАМ ДА КЕМШІН. ӨЙТКЕНІ, БҮГІНГІНІҢ БӘРІ АҚЫЛДЫ. СОҒАН ҚАРАҒАНДА, «БІЛМЕГЕНІҢДІ КІСІДЕН СҰРА, КІСІ БОЛМАСА КІШІДЕН СҰРА» ДЕГЕН НАҚЫЛДЫҢ МӘНІ ДЕ ЖОЙЫЛҒАНАУ, СІРӘ. КӨП БОЛЫП КӨЛЕМДЕП ЖҮРІП, ЖҰРТ КӨТЕРІП ЖАТҚАН ЖОЛ САЛУДЫҢ ЖАЙ-ЖАПСАРЫН ТАЛАЙ МӘРТЕ АЙТҚАНБЫЗ. ОДАН ҚАНШАЛЫҚТЫ НӘТИЖЕ БОЛЫП ЖАТҚАНЫН ДА ТҮСІНЕ АЛМАДЫҚ. СЕБЕБІ, «МАЛ ҚҰЛАҒЫ САҢЫРАУ». ЕРТЕДЕ БҰЛ СҰМДЫҚ СОЙҚАН, ҚАРАЖҮРЕК ҚИЯНАТТАР БОЛҒАНДА, АЗҒЫНДЫҚ ІСТІ ЖЕК КӨРУДЕН АЙТЫЛАТҰҒЫН СӨЗ ЕДІ. БҮГІНДЕ ЕЛДЕ ЖАСАЛЫП ЖАТҚАН ЖҰМЫСТЫҢ ЖӨН-ЖОСЫҒЫН ЖАСЫРАТЫНДАР КӨБЕЙГЕН. ТІПТІ, КҮРДЕЛІ ТҮЙІННІҢ ДЕР КЕЗІНДЕ ШЕШІЛУІ ҮШІН ҚОЛҰШЫН БЕРМЕК НИЕТКЕ ДЕ ЕШКІМ ДЕН ҚОЙМАЙТЫН БОЛДЫ.

Қазір Қазақстанда ең күрделі, əрі қызу пікірталас туғызып отырған мəселе – көлік жолының сапасы мен оны салу мерзімі. Бұл жөнінде талай биік мінберлерден айтылып, тіпті республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың 95 пайызын жөндеу, ретке келтіру жəне сапасын арттыру туралы Үкіметке тапсырма да берген еді. Соған қарамастан, мəселенің күрмеуі шешілмей келеді.

Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында тағы бір қадап айтқаны – битум тапшылығы жөнінде. Əрине, жол құрылысындағы кемшіліктерді анықтап, нақты нəтиже шығарудың маңызы ұғынықты айтылды. Дегенмен, миллиондап мұнай өндіріп отырған елдегі битумға деген мұқтаждық «ұста пышаққа жарымайдының» кебі.

«Қойшы көп болса…»

Қазақстанда автокөлік жолының құрылысы жəне оны күтіп ұстауды қамтамасыз ететін екі компания бар еді. Оның бірі – «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы республикалық жəне халықаралық деңгейдегі жалпы ұзындығы 24,4 мың шақырым көлік жолы бойындағы сервисті дамыту жəне көліктің ақылы қозғалысын ұйымдастырады екен. Ал, 24,4 мың километр дегеніңіз – елдегі барлық көлік жолының 20%- ға жуығы. Демек, елдің «Автокөлік жолдары туралы» Заңына сəйкес «ҚазАвтоЖол» АҚ-ның миссиясы – жол-көлік инфрақұрылымындағы қауіпсіз əрі қолайлы көлік қозғалысын мүлтіксіз қамтамасыз ету.

Жер бітіп, су аққалы қалыптасқан Шығыс пен Батыстың арасын қазақ даласы арқылы қосатын Ұлы Жібек жолы əлі күнге маңызын жоймағанын ескерсек, сауда-экономикалық дəліз бойында көлік жолы мен жайлы инфрақұрылым желісін дамыту ауадай қажет. Өйткені, Қазақстан аумағымен халықаралық транзит бағытындағы 5 көлік маршруты өтеді.

Ал, «Казахавтодор» республикалық мемлекеттік қазыналық кəсіпорны бұған дейін жалпы қолданыстағы 23,5 мың шақырым жолды сақтап күтумен шұғылданып келді.

Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев биыл шілде айындағы Үкіметтің кеңейтілген мəжілісінде осы екі компанияның қызметі көңілден шықпайтынын, соған байланысты «ҚазАвтоЖол» мен «Казахавтодорды» біріктіріп, біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырған болатын. Сол мақсатта Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі «Казахавтодор» РМҚК-дағы мемлекеттік үлесті сатып алу жолымен «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясын бірыңғай автожол операторы ретінде қайтадан құрды. Енді «ҚазАвтоЖол» бірыңғай жол компаниясы республикалық маңызы бар жолдарды жыл он екі ай бойы күтіп ұстауды қамтамасыз етуде жедел əрі нақты шешім қабылдайды деген сенім кəміл.

Битумға байланысты бітім

Тағы бір мəселе – жол құрылысына қажетті материалдардың тапшылығын қолдан ұйымдастыру. Яғни, «жасанды» мұқтаждық. Баяғыдан бері осы саланың ұңғыл-шұңғылын жетік білетін əккі мамандардың ісі десек, оларға бұдан қандай пайда болмақ?!

Қысқасы, қазір елдегі битум шығаратын 3 зауыттың өнімі жол құрылысындағы сұранысты өтей алмай тұр. Тамыздың басында Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстан нарығындағы жанаржағармайдың бағасына қатысты баспасөз брифингін өткізген Энергетика министрі Болат Ақшолақов жол битумының тапшылығын болдырмау туралы да əңгіме қозғады.

– Ресей Федерациясынан гудрон импортына квота 280-нен 430 мың тоннаға дейін, сондай-ақ Ақтаудағы битум зауытында битум өндірісі ұлғайтылды. Бұл отандық битум өндірушілерге өндірісті 300 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Нəтижесінде жыл сайынғы жиынтық қуаты жылына 1,2-1,3 млн тоннаны құрайды, бұл жол құрылысы үшін ішкі нарықтың сұранысын өтеуге мүмкіндік береді, — деген еді Болат Оралұлы.

Сол жолы министр битумға д е г е н т а п ш ы л ы қ ж о л с а л а т ы н компаниялардың битумды біркелкі іріктемеуіне байланысты туындайтынын да айтып өтті. Атап айтқанда, қыс пен көктемде битумға сұраныс болмайды. Осыған байланысты, ведомство Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, қысқы жəне көктемгі кезеңде битум сатып алу үшін бірыңғай өнім берушіні айқындау мəселесін пысықтап жатқанын тілге тиек еткен. Арада тура бір ай өткенде, 5 қыркүйек күні тағы да брифинг өткізген Энергетика министрі Болат Ақшолақов елдегі битум өндірісін көбейтуге арнайы тоқталды. Сонда биылғы сегіз айда 726 мың тонна битум өндіру жоспарланғанмен, нақты өндіріс көлемі 600 мың тонна шамасында екенін айтып еді. QazaqBitum бойынша өндіріс жоспарының орындалмауын министр жол құрылысы компанияларынан сұраныстың болмауымен түсіндірген.

– Өйткені, өзге мұнай өңдеу зауыттарымен салыстырғанда, битумның бағасы өте қымбат. Ал, QazaqBitum оны импорттық шикізаттан (гудрон) өндіреді. Ондағы битумның бір тоннасының құны – 225 мың теңге. QazaqBitum шығарған өнімнің бағасы ресейлік гудронды сатып алу есебімен белгіленген. Ресейде тасымал құнын қоспағанда битумның бағасы 230 мың теңгеге дейін, Беларусьте тасымал құнымен қоса алғанда əр тоннасы 200 мың теңге. Демек біздегі баға арзан. Оның үстіне, QazaqBitum жұмыс орындарын сақтай отырып, қосымша құнды қалыптастырады. Олай болса, бізге осы компанияның өндірістік қуатын пайдаланған əлдеқайда тиімді, — деген еді Б.Ақшолақов.

Министр бұдан əрі Қазақстандағы ірі битум өндірушілер – QazaqBitum жылына 374 мың тоннаға дейін (бұрынғысынан 200 мың тонна артық), CaspiBitum Қаражанбас мұнайын өңдеу есебінен жылына 500 мың тоннаға дейін (бұрынғыдан 94 мың тонна артық) битум өндіретінін айтты. Түсінгеніміз – екеуі де ресейлік гудронды импорттау есебінен жүзеге аспақ. Енді ол үшін қыс пен көктемде битумға сұраныс аз, бағаның төмен кезінде жол жөндеушілерден өтінім түсуі шарт. Битумға қатысты мəселені осылай түсіндірген Болат Ақшолақов егер Ресейден келетін гудронның көлемі көп болса, тығырықтан шығуға мүмкіндік барын атап көрсетті. Сөйтіп, битумға байланысты бітімнің жасалғанын, енді Қазақстан бұл проблемадан шығатынын нық сеніммен айтты.

Депутат сауал жолдады Мəселе мұнымен бітпеген екен. Түркістан облысының Леңгір қаласындағы «QazaqBitum», Павлодар мұнай өңдеу жəне Ақтау қаласындағы «CaspiBitum» зауыттары өндіретін өнімнің жиынтық көлемі – небары 1 миллион тонна ғана. Ал, жол бойында құрылыс қарқын алғанда, битумның да бағасы шарықтай жөнеледі. Жол салушылар тоннасы 90 мың теңге тұратын битумның 250 мың теңгеге дейін неге қымбаттайтынын түсінбей дал болып жүр. Бір ғажабы, қазір битумды экспорттауға рұқсат бар да, жетпеген көлемін сырттан əкелуге тыйым салынған.

Халықтың көңіліне қонбай тұрған осы мəселеге орай, өткен аптада республика Парламенті Мəжілісіндегі «Ақ жол» фракциясының мүшелері Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Əлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады. Онда депутаттар халықпен кездесу сəттерінде жəне «Ақ жол» партиясының жол саласында тəжірибесі мол кəсіпкерлермен кездесулері барысында жергілікті жолдардың құрылысы мен сапасын арттыруға кедергі келтіріп отырған бірнеше проблема бар екенін атап көрсетті. Олардың айтуынша, бұл Президенттің тапсырмасын жүзеге асыруға да кедергі келтіреді екен.

«…Қазақстанда битум өндіретін 3 зауыттың қуаты жылына 1 миллион тоннадан аспайды. Ал, автобитумының еліміз бойынша қажеттілігі одан əлдеқайда көп. Оған қоса, ішкі сұраныста тапшылық туындап тұрған кезде, шетелден жол битумын импорттауға министрлік тарапынан тыйым салынған. С о н ы м е н қ а т а р , жол са л у маусымында кəсіпкерлер инерттік материалдарды жеткізу үшін теміржол саласында да кедергі көп болатынын айтты. Атап айтқанда, дер кезінде вагондар жəне маневрлік тепловоздардың жетіспеушілігі, жанармайдың қымбатшылығы, тағы басқа проблема жеткілікті н ə т и ж е с і н д е , ж ұ м ы с ы н уақытында аяқтамаған мердігерлер «қара тізімге» еніп, келесі мемлкеттік сатып алуға қатысу мүмкіндігінен айырылып, көптеген жұмыс орындарын қысқартып, ақыр аяғы банкроттыққа да соғып, елдегі жұмыссыздар санын көбейтуге мəжбүр.

Мемлекет басшысы Жолдауында: «… Қазақстан сияқты ірі мұнай өндіруші ел үшін битумның жетіспеушілігі нонсенс» деді. Бұған дейін битум тапшылығы өз шешімін таппай, керісінше шағын жəне орта бизнестің дамуына кедергі жасалуда.

…Көтеріліп отырған мəселенің аса маңыздылығын ескере отырып: 1. Келесі жол салу маусымына дейін еліміздегі битум өндіретін зауыттардың қуаттылығын арттырып, мердігерлерге зауыттармен тікелей келісім-шарт жасауға мүмкіндік беруге; 2. Жобалық-сметалық құжаттарды даярлау кезінде дамыған елдердің FIDIC тəжірибесін ескеріп, битумды үнемдейтін жаңа технологияларды енгізуге; 3. Битумның жетіспеушілігі жəне мемлекеттік шектеулер себебінен, кəсіпкерлердің өз міндеттемелерінің уақытынан кешігуін «форс-мажор» деп қарап, қатысушыны мемлекеттік сатып алудың шарттары бойынша «қара тізімге» енгізбеуді жəне осы іске тиісті мемлекеттік органдардың нақты іс-шараларын реттеуге ықпал етуіңізді сұраймыз. Құрметпен, «Ақ жол» фракциясының депутаттары» делінген Үкімет б а с ш ы с ы Ə л и х а н С м а й ы л о в қ а жолданған депутаттық сауалда.

Ел Парламенті Мəжілісіндегі «ақжолдық» депутат Серік Ерубаевпен хабарласқанымызда, ол бұл проблеманың өте маңызды екенін атап көрсетті. Өйткені, былтыр жол салуға қазынадан 500 миллиард теңге жұмсалса, биылғы қаржы одан 100 миллиардқа көп екен. Бірақ, өркениетті елдердегі ахуалмен салыс тырғанда бұл да аз.

Серік Сəрсенұлының айтуынша, шамамен 1994 жылдан бастап, жол құрылысына бөлінетін қаржы бірден бес-алты есеге азайған. Содан бері бұл мақсатқа қаншама қаражат бөлінсе де, 80-жылдары бөлінген деңгейге əлі жетпепті. Жол құрылысына Еуропа елдерінде ішкі жалпы өнімнің 3-4 пайызы, Қытайда 5 пайызы, тіпті, Беларусь Республикасында 1,2 пайызы бөлінеді екен. Ал, Қазақстандағы үлес 1 пайызға да жетпейтін көрінеді.

– Ойлап қараңыз, қазір Қазақстанда нағыз жол мамандарын дайындайтын оқу орны жоқ екен, — дейді Мəжіліс депутаты. – Олар көбінесе құрылыс мамандықтарымен қоса оқытылады. Қазір республика бойынша жол саласында жұмыс істейтін мамандардың тек 12 пайызының ғана арнаулы білімі бар, оның да жартысы «екінші мамандықтың» иелері. Салыстырмалы түрде алғанда, жыл сайын 40 мың заңгер, 30 мыңдай аудармашы бітіріп шықса, небары 1 мың жол маманы диплом алады екен. Бұдан кейін жол сапасы туралы сын айтуымызға бола ма?!

Сөз түйіні «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК мамандарының айтуынша, отандық жол құрылысында асфальт сапасын жақсарту үшін полимер битумды қолдану көрсеткішін 20 пайызға жеткізу бағытында жұмыс басталып кеткен. Өйткені, оның төзімділігі екі есе жоғары, сондықтан көлік жолы 12 жылда бір-ақ рет жөнделмек. Ал, қазір бес-алты жылдан соң жолды жөндеу керек. Бағасы кәдімгі битумнан шамамен 100 мың теңгеге қымбат болса да, Қазақстанда полимер битумды шығаруға мүмкіндік бар екен. Қазір республика бойынша бұл өнімді пайдалану 1 пайызға да жетпейді. Тек Алматыдағы үлкен айналма жол полимер битумнан салынып жатса, бұрын «Қостанай-Денисовка» тасжолының құрылысына қолданылған. Ал, Ресейде бұл көрсеткіш – 10, Еуропа мемлекеттерінде – 30 пайыз. Ендеше, мұқтаждықтан арылуға толық мүмкіндік бар екен. Тек ынта мен талап керек мұндайда!..

Назарбек ҚОСШИЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button