Жарнама
Қоғам

«БІРТЕКТІЛІК ПЕН БІРЛІК»

Болашағы біртұтас ұлттың бойындағы жасампаздық әлеуетті түбегейлі ашуға мүмкіндік беретін төртінші бағыт көзі ашық, көкірегі ояу адамды бейжай қалдырмайды. Мұндағы 85-ші қадам «Мәңгілік Ел патриоттық актісі жобасын әзірлеу» деп аталады. Бұл акт азаматтық қағидатқа негізделген қазақстандық біртектілікті одан әрі нығайтып, мемлекет құраушы ұлт ретінде қазақ халқына айрықша жауапкершілік жүктеп, «Мәңгілік ел» идеясының жалпы азаматтық құндылықтар жүйесі ретінде көрінуінің тиістігін айқындамақ. «Тәуелсіздігімізбен бірге халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Елордамызды тұрғыздық. Қазақтың мәңгілік ғұмыры ұрпақтың мәңгілік болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ – мәңгілік қазақтың перзенті. Ендеше, Қазақ елінің ұлттық идеясы «Мәңгілік Ел» болып қала бермек», — деп Президентіміз атап көрсеткендей, аталмыш патриоттық жобаны осындай негізгі құндылықтарға сәйкес дайындау жоспарлануда.

Сондай-ақ, Ұлт жоспарының 86-шы қадамында бүгінгі ұлтаралық татулықтың ұйытқысы болып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясына «Үлкен ел – үлкен отбасы» кең көлемді жобасын әзірлеуді және жүзеге асыруды жүктейді. Әрине, әр отбасы өзінше бір мемлекет деп жүрміз. Сондықтан, «мемлекет те тату отбасындай болуы керек» деген егіз ұғымға сәйкес келіп тұр. Баршамыз бір отбасының балаларындай татулықта әрекет қылсақ, ауызбіршілігіміздің арқасында еліміз өз табыстарын еселей түсіп, алға қарыштап дамиды деп сенеміз. Міне, осы бағыттағы жұмыстарды әрі қарай тереңдете түсу, оны жан-жақты насихаттау – қазақстандықтардың басты міндеті. Біз тату тіршілігімізді басқаларға үлгі етуіміз керек, өйткені еліміздің болашағы – халқымыздың біртектілігі мен бірлігінде.

«Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы бойынша еліміздің туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасын және өңірлік мәдени-туристік кластерлерін құруды жүзеге асырумен тығыз байланыста іске асырылатындығы атап көрсетілген. Ежелгі қазақ жері оның байырғы тұрғындары – қазақтардың және тағдыр талайымен осында қоныс аударып келген сан түрлі ұлт өкілдерінің тату-тәтті достығы, ынтымақ-бірлігі жарасымды жарастық тапқан өңір екендігі белгілі. Осы орайда елімізді шетелдіктерге тартымды ету үшін жер қойнауы қазынаға толы өлкені, соншалықты бай табиғатымызды әлем халықтарына көрсетуіміз керек екені басты назарға алынбақ.

Ал, 87-ші қадамда азаматтық біртектілікті нығайтуда «Менің Елім» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру туралы айтылады. Ерліктің арқауы, елдіктің бастауы — Қазақ хандығы екенін біреу білер, біреу білмес. Елдік деген – аса қасиетті ұғым. Оны жай қарапайым сөзбен, шешендік тілмен, ерекше толғаныспен жеткізу қиын, бар жан-тәніңмен сезіне білуің қажет. Өйткені, ата-бабаларымыз, халқымыздың қаншама ұл-қыздары өз елі үшін қан мен терін төкті, олардың ерлік істері қаһармандықтың белгісіндей халық жадында мәңгіге сақталып қалды. Сол себепті, көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азамат тарихымызды түгендеп, қазақы болмысымызды әлемге танытып, қолымыздан не келетінін көрсете алуымыз керек.

«Нұрлы жол» инфрақұрылымдық жобаларын іске асыру мен индустрияландыру туралы айтылған 88-ші қадамда осы бағдарлама аясында қысқа және ұзақ мерзімде экономиканың өсуіне жағдай жасап, жаңа жұмыс орындарын ашуды қамтамасыз ету, өнімділікті және елдің транзиттік әлеуетін арттыру көзделген. Қазіргідей дағдарыстың алдын алуға, барша қазақстандықтардың әлеуметтік ахуалын төмендетпеуге негізделген осындай тың бағыттар шеңберінде ауқымды міндеттер қойылмақ.

Елбасы еліміздің біртұтастығы мен бірлігі жайында айтудан жалыққан емес. Бүгінгідей бейбіт өмірдің қалыптасуы – Мемлекет басшысы ұстанған саясат пен халықтың болашаққа деген сенімінің арқасы екені шын. Татулық бар жерде кикілжіңнің болуы екіталай, мұны уақыттың өзі дәлелдеді. Ендігі жерде ұлтқа, дінге, түрге бөлінбей, қазақстандықтар болып бейбітшілік пен бірліктің нәтижесінде еліміздің табысымен мақтана отыра, озық отыз елдің қатарына ену жолындағы ортақ мақсатқа жұмылуымыз қажет.

Ғарифолла МӘЖИТОВ,

Нұржау ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы,

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button