Жарнама
Қоғам

БІРЛІКТІҢ ЖЕҢІСІ ЕЛДІКТІҢ ЖЕМІСІНЕ АЙНАЛСЫН!

Отырысқа Қазақстан, Ресей және Беларусьтің мемлекет басшыларымен бірге Армения Республикасының Президенті Серж Саргсян және Қырғыз Республикасының Президенті Алмазбек Атамбаев, сондай-ақ Жоғары Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Виктор Христенко қатысты.

Мемлекет басшылары Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа қосылуы туралы шартты әзірлеу барысын, сондай-ақ Қырғызстанның Кедендік одаққа қосылуы жөніндегі Жол картасын қарады.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еуразиялық экономикалық ықпалдастық үдерісінде кезекті белестің бағындырылғанын айтты.
– Бүгінде біздің бұдан арғы іс-қимылымыздың стратегиясын кемінде 15-20 жылға айқындап, алыс көкжиекке қарау маңызды болып отыр. Одағымыздың XXI ғасырдың бірінші жартысындағы басты миссиясы екі жайтқа байланысты екенін түсіну керек. Біріншіден, әлемнің маңызды экономикалық макроөңірлерінің біріне айналу, бұл бізге Шығыс пен Батыстың, Еуропа мен Азияның арасындағы «экономикалық көпір» ретінде бәсекелестікте табиғи артықшылық береді. Екіншіден, елдеріміздің әрқайсысының әлемдегі дамыған мемлекеттер қатарына қосылуын қамтамасыз етеді, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ халықтар мен мемлекеттер үшін ауыртпалыққа емес, игілікке айналуы тиістігін атап көрсетті.
– Осындай ұстанымда болу арқылы ғана еуразиялық таңдаудың тартымдылығын қамтамасыз етіп, Еуразиялық экономикалық одақтың тағдырлы мақсаттарына қатысты кез келген күмәнді біржола сейілте аламыз. Біз Еуразиялық экономикалық комиссия Мәскеуде болады деп келістік. Минскіде Еуразиялық сот орналасады. Ол жерде біздің одақтың құқықтық аспектілері шоғырланады. Одақтың қаржы нарықтарын реттеу жөніндегі ұлтүстілік органы 2025 жылдан бастап Алматыда болады, – деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұл ретте Мемлекет басшысы одақтық қаржылық реттеушінің құрылуын күтпей-ақ Алматыны Еуразиялық экономикалық одақтың қаржы орталығы ретінде таныта беруге шақырды.
Сондай-ақ, ол Еуразиялық экономикалық одақ құру экономикамызды жан-жақты жаңғыртуға қуатты серпін беретініне сенім білдірді.
Армения Президенті С.Саргсян Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою сынды тарихи оқиғаға және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысуға шақырылғаны үшін алғысын білдірді.
– Кеден одағының мемлекеттер басшыларын ЕАЭО-ның, көп жағдайда оған кіретін елдердің бұдан әрі дамуын айқындайтын бірлестіктің құрылуының маңызды белесіне қадам басуымен шын жүректен құттықтаймын. Сөз жоқ, бұл – бәрінің көңіліне қонымды құжатты келісу үшін мүмкін болғанды жүзеге асырған, түрлі кедергілер мен келіспеушіліктерді еңсере отырып, ымыралы ұсыныстар бойынша тіл табыса білген көптеген сарапшылар мен лауазымды тұлғалардың еңбегінің нәтижесі. Бірақ соның барлығы мемлекеттер басшыларының саяси жігерінсіз мүмкін болмас еді, – деді С.Саргсян.
Армения Президенті Беларусь, Қазақстан және Ресейдің салалық мекемелерімен, Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесе жүргізілген жүйелі жұмыс Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа Арменияның қосылуы жөніндегі шарт жобасын көзделген мерзімде дайындап шығуға мүмкіндік бергенін айтты.
Қырғызстан Президенті А.Атамбаев Нұрсұлтан Назарбаев көтерген Еуразиялық экономикалық одақ құру идеясы шын мәнінде жүзеге асқанын атап өтті.
– Мен ЕАЭО барлық мүшелерінің экономикалық дамуы үшін бәріне пайдалы алаң қалыптастыратын пәрменді ұйымға айналады деп сенемін. Кеден одағымен және одан кейінгі ЕАЭО-мен интеграция Қырғызстан үшін саналы шешім және экономикалық саясаттың маңызды бағыты болып саналады. Кеден одағына мүше елдер біздің тек негізгі экономикалық серіктестеріміз ғана емес, бұлар – ең алдымен араларында ешқандай тілдік кедергі жоқ, рухы және ортақ тарихы жөнінен жақын халықтар, – деді А.Атамбаев.
Сондай-ақ, ол Қырғызстан экономикасын өтпелі кезеңде қолдау тетігін әзірлеуге көрсеткен көмегі үшін Қазақстан мен Ресейге алғысын білдірді.
* * *
Қазақстан Республикасының, Ресей Федерациясының және Беларусь Республикасының басшылары Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойды және соған сәйкес мәлімдеме жасады.
Нұрсұлтан Назарбаев үш елдің халқын шартқа қол қойылуымен құттықтап, мемлекеттеріміз экономикалық әлеуетін халықтың өсіп-өркендеуі үшін біріктіріп отырғанын атап өтті. Ол бұның экономикалық одақ екенін және мүше мемлекеттердің тәуелсіздігі мен саяси егемендігіне қатысы болмайтынын атап өтті.
Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы тарихи актіге Астанада қол қойылуының символдық мәні бар екеніне назар аударды.
– Астана Еуразияның дәл жүрек тұсында орналасқан. Бұл – қазіргі заманның ең жас елордасы. Мұнда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, ЕҚЫҰ, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы және өзге де халықаралық ұйымдардың саммиттері өтті. Біз ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге дайындалудамыз. Қазақстан еуразиялық интеграция идеясының ілгерілеуіне тарихи үлес қосты. Нақ осында ғасыр басында Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құрылды, біздің интеграциялық үдерісіміздің барысы мен қарқынын айқындаған бірқатар маңызды шешімдер қабылданды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақтың бесігі Астана болуының заңдылық екенін атап өтті.
– Бұл Қазақстан, Беларусь және Ресей халықтарының достығының, тату көршілестігінің, өзара қолдауының ұлы жылнамасының жалғасы болатынына менің еш шүбәм жоқ. Бізді ХХI ғасырда еуразиялық интеграция әлеуетін бірлесіп жүзеге асыру міндеті күтіп тұр, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы бастаманы өзінің алғаш М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде жиырма жыл бұрын жария еткенін еске салды.
– Тек уақыт қана түбегейлі көз жеткізу қасиетіне ие. Жаңа еуразияшылдықтың екі онжылдық тарихының тәжірибесі осыны дәлелдейді. Еуразиялық интеграция идеясы Ресей және Беларусь Президенттерінен қолдау тапты. Дәл сондықтан да біз бүгінгі күнге – Шартқа қол қоюға жеттік, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық интеграцияның іс жүзіне асуы қазірдің өзінде оң нәтижелер бергенін айтты.
– Тек соңғы бес жылда Қазақстанның Кеден одағына қатысушы елдермен арадағы тауар айналымы 88%-ға өсіп, 24 млрд долларлық мөлшерге жетті. Еуразиялық интеграция жөніндегі серіктес мемлекеттерге біздің экспортымыз 63%-ға ұлғайып, 6 млрд. доллар болды. Бұл абстрактілі сандар ғана емес. Олардың артында жүздеген нақты кәсіпорындар мен компаниялар, қазақстандық, беларусьтік және ресейлік серіктестермен арадағы өзара іс-қимылдың жаңа желілері тұр. Бұл – мыңдаған жаңа жұмыс орындары, тұрақтылық және өзіне жаңа өткізу нарықтарын ашқан Қазақстан бизнесінің табыстылығының өсуі, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы Армения мен Қырғызстанның да шартқа қосылу жөнінде нақты қадамдар жасап жатқанына назар аударды. Ол еуразиялық интеграцияны тереңдету осы үдеріске қатысушылардың барлығының мүддесі үшін жүзеге асырылатынына тоқталып өтті.
– Басты мақсаттың бірі – экономикаларымызды бірлесе жаңғырту және бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін елдердің әрқайсысының мүмкіндіктерін біріктіру. Бізге өзге интеграциялық бірлестіктердің, ең алдымен Еуроодақтың тәжірибесін ескеру маңызды. Әңгіме қатысушы елдің бірде-бірінің деиндустриализация үдерісіне ұрынып қалмауы, ұлттық экономикада өнеркәсіптің дәстүрлі салаларының, ауыл шаруашылығының құлдырауын болдырмау туралы болып отыр. Еуропа экономикасындағы рецессияның беретін сабағы осында, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев интеграция, әлемдік тәжірибе көрсеткендей, экономиканың дамуына қажетті ұзақмерзімді тұрақты жағдайды және азаматтардың бақуатты өмірі үшін жаңа мүмкіндіктерді білдіретінін атап өтті.
– Еуразиялық экономикалық одақты біз жаһандық байланыстармен етене жымдасқан, Еуропа мен дамып келе жатқан Азия елдері арасындағы берік көпір түріндегі ашық экономикалық қоғамдастық ретінде көреміз. Еуразиялық интеграцияны дамыта отырып, біз заңды кезеңдер – еркін сауда аймағы, Кеден одағы, Бірыңғай экономикалық кеңістік арқылы батыл ілгерілеп келеміз, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті ЕАЭО туралы шартқа қол қою арқылы жер шарының ең ірі тұтынушылық нарықтарының бірі, энергия ресурстарының ірі экспорттаушысы болып саналатын интеграциялық бірлестіктің құрылуы заңдық тұрғыдан ресімделгенін айтты. Мемлекеттердің тәуелсіздігіне кепілдік беретін негізгі ресурстар бұл бірлестіктің өзінде жеткілікті.
– Осылайша, бүгін ХХІ ғасырдың жаңа геоэкономикалық ақиқаты дүниеге келді. Ол үлкен қиындықпен құрылды. Ашығын айтайын: біз Еуразиялық экономикалық одаққа көп қиындықпен жеттік. Алдымызда жаһандық тұрақсыздық жағдайындағы қалыптасу мен дамудың күрделі кезеңі тұр. Интеграция бізге өздігінен керемет өмірге кепілдік бермейді. Жаңа сын-қатерлер мен жаңа міндеттер болады. Біз оларды бірігіп шешуге және баршамыздың күш-жігерімізбен дағдарысты еңсеруге дайын болуға тиіспіз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Еуразия кеңістігінде халықтардың тату көршілігінің түбегейлі жаңа үлгісі қалыптасып жатқанын, оған жоғары сенім, берік достық және мемлекеттеріміздің өзара қолдауы негіз болып отырғанын атап айтты.
– Еуразиялық экономикалық одақ – бұл ең алдымен біздің елдеріміздің миллиондаған азаматтары үшін жаңа мүмкіндіктер көзі. Қатысушы елдерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қолайлы шарттар жасалуда. Еңбек ресурстары нарығы бірігуде, бұл кәсіби деңгейді көтеру мен еңбек өнімділігін арттырудың маңызды факторы саналады. Азаматтар үшін Еуразиялық экономикалық одақтың әрбір мемлекетінде білім беру қызметі мен әлеуметтік инфрақұрылымдарына тең қолжетімділік жағдайлары жасалуда. Ішкі кедергілерді жою қазірдің өзінде мәдени-гуманитарлық байланыстарымызды күшейтуге, туризмнің өсуіне жақсы ықпал етті. Осы пайданың барлығын азаматтарымыз айқын ұғынып отыр. Бұл еуразиялық ықпалдастық үдерісіне кең ауқымды халықтық қолдау болуда, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті үш елдің жастарына да сөз арнады.
– Еуразиялық экономикалық одақ сіздер үшін құрылуда. Ол сіздерге қатысушы елдің кез келгенінде сапалы білім және кәсіби машықты игеруде артықшылық береді. Бүгінгі оқиға біздің елдеріміздің болашағы үшін, бірінші кезекте жаңа ұрпақ үшін жаңа мүмкіндіктер көзін ашады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы қатысушы мемлекеттердің орталық ведомстволары мен үкіметтері жетекшілерінің, Еуразиялық экономикалық комиссия мүшелерінің, сарапшылардың еуразиялық экономикалық ықпалдастық үдерістерін жүзеге асырудағы айрықша үлесін атап өтті. Ол ортақ жұмыстың нәтижесі тарихи құжатқа қол қою болғанын айтты.
– Еуразиялық экономикалық одақ – біздің елдеріміздің мәңгілік достығының, өзара іс-қимылы мен тату көршілігінің берік жаңа механизмі. 29 мамыр біздің елдеріміздің естелік күнтізбелеріне Еуразиялық ықпалдастық күні ретінде енуге лайықты деп санаймын. Біздің елдеріміздің халқын, осы рәсімнің барлық қатысушылары мен қонақтарын Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылуымен тағы да құттықтаймын, – деді Мемлекет басшысы.
Өз сөзінде Ресей Федерациясының Президенті В.Путин қол қойылған шарт экономиканы дамытып, үш ел азаматтарының әл-ауқатын көтеру үшін үлкен мүмкіндіктер ашатынын атап айтты.
– Ресей, Беларусь және Қазақстан өзара іс-қимылдың мүлде жаңа деңгейіне өтеді: тауарлар, қызметтер, капиталдар мен жұмыс күші еркін қозғалатын ортақ кеңістік құрады. «Үштік» мемлекеттері экономиканың энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және көлік секілді негізгі салаларында келісілген саясат жүргізетін болады. Іс жүзінде біз 170 миллионнан астам халқы бар ТМД кеңістігінде өндірістік, ғылыми және технологиялық әлеуеті зор, табиғи ресурстары орасан мол, ірі әрі бірыңғай нарық құрамыз, – деді В.Путин.
Ресей Президенті әлемдік экономикада толыққанды халықаралық құқықтық субъектілікке ие және Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидалары негізінде әрекет ететін жаңа экономикалық ұйым пайда болып отырғанын айтты. Ол сауда құрылымын жетілдіру, жоғары технологиялық тауарлар үлесінің артуы, елдеріміздің әлемдік экономикадағы бәсекеге қабілеттілігінің нығаюын қоса қамтитын ықпалдастық үдерістердің өзара тиімділігі қазірдің өзінде іс жүзінде дәлелденіп жатқанына назар аударды.
Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко Армения мен Қырғызстанның еуразиялық ықпалдастық үдерісіне қосылуын атап өтті.
– Өз кезегінде Беларусь елі келіссөздер барысында қол жеткізілген уағдаластықтарды толық жүзеге асыру жолында жүйелі әрі міндетті түрде ілгерілеуге дайын. Шартқа қол қою – осымен бітті деген сөз емес, ол – біздің дұрыс қадам жасағанымызды бүкіл әлемге дәлелдеуге тиіс болатын салиқалы үдерістің бастауы. Сонымен бірге Еуразиялық экономикалық одақты құру жөніндегі іс-қимылдардың қатысушы мемлекеттердің өзара саудасына айтарлықтай ықпал ететін мәселелерді шешумен байланысты болғаны жөн, – деді А.Лукашенко.
Соңында мемлекет басшылары үш елдің жұртшылық өкілдерімен бейресми әңгіме өткізді.
* * *
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта халықаралық ұйымдарға тән базалық аспектілер, мемлекеттердің егеменді теңдігі, аумақтық тұтастығы, сондай-ақ Одақтың мүше мемлекеттерінің саяси құрылымының ерекшелігін құрметтеу қағидаттары көрініс тапқан.
Бұған қоса, шарт Қазақстан, Ресей және Беларусь азаматтарының әл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру мәселелерін шешуге бағытталған және тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын, үйлестірілген экономикалық саясат жүргізуді қарастырады.
Жалпы алғанда, келешектегі интеграциялық тиімділік 2030 жылға қарай ІЖӨ-нің жиынтық өсімі 900 миллиард доллар көлемінде болатындығымен бағаланып отыр. Еуразиялық экономикалық одақ теңдік, негізділік, жүйелілік, прагматизм және өзара тиімділік қағидаттары негізінде құрылады.
* * *
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті.
Келіссөздер барысында индустрияландыру, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды, сондай-ақ халықаралық күн тәртібінің өзекті тақырыптары қаралды.
Мемлекет басшылары қол қойылған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың өзекті аспектілері мен елдердің осы бірлестік аясындағы өзара іс-қимылының негізгі бағыттары жөнінде мәселе қозғады.
Нұрсұлтан Назарбаев экономиканың маңызды салаларын дамытуға игі ықпалын тигізіп отырған Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың жоғары қарқынын атап көрсетті.
Өз кезегінде В.Путин екіжақты қарым-қатынастардың табысты дамып отырғанына тоқталып, жоғары технологиялы салалардағы өзара іс-қимылдың мейлінше белсендірек болу қажеттігін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша екі мемлекет басшысының қатысуымен мынадай құжаттарға қол қойылды:
— Ресей Федерациясы Үкіметі мен Қазақстан Республикасы Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы 2010 жылғы 9 желтоқсандағы келісімге өзгеріс енгізу туралы хаттама;
— Қазақстан Республикасы аумағында атом электр станциясын салудағы ынтымақтастық жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
— «Қазатомпром» ҰАК» АҚ мен «Росатом» МК баламалы энергетика және сирек және сирек кездесетін жер металдары өндірісі саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы бірлескен мәлімдемесі;
— Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының кешенді бағдарламасы;
— Қорасан-1, Ақдала, Оңтүстік Іңкай (4 учаске) кен орындарында жер қойнауын пайдалану мәселелерін реттеу жөніндегі Жол картасы.
Мемлекет басшылары Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қою рәсіміне арналған салтанатты өнер кешінде болды. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер және бақылаушы елдер басшылары «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрындағы концертті тамашалады.
Мемлекет басшыларына ұсынылған бағдарламаға бес елдің орындаушы өнерпаздары қатысты.
akorda.kz.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button