БАУЫРЖАН ТАХАУОВ, ОТЫРЫП ОЙНАУ ВОЛЕЙБОЛЫНАН ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМА КОМАНДАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ: «БІЗ КЕДЕРГІСІЗ КЕЛЕШЕККЕ ЖОЛ АШАМЫЗ»

Мүмкіндігі шектеулі жандарға «кедергісіз қоғам» құру, олардың ортаға бейімделуіне жан-жақты жағдай жасау – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев міндеттеп отырған ең негізгі мақсаттың бірі. Мемлекет жүргізіп отырған табысты саясаттың жемісі деуге болар, соңғы жылдары «қоғамның қорғансыз тобы» деген қасаң ұғым біртіндеп сейіліп, олар шексіз мүмкіндік иелеріне айналды. Араларынан әлемді мойындатқан спорт саңлақтары, чемпиондар шығуда. Осы және өзге де мәселелер жөнінде бізге отырып ойнау волейболынан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас бапкері Бауыржан Тахауов әңгімелеп берді.

 

– Елбасы халыққа Жолдауында бірінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін «кедергісіз қоғам» құруды тапсырған болатын. Ендеше, спортқа жаны құмар қоғамның осындай әлсіз топтарына қандай жағдайлар жасалып жатыр?

–Сұрағыңыз орынды. Осы орайда мүгедек жандар үшін маңызы зор болып табылатын спорт кешенінің Қазақстан бойынша тұңғыш рет Атырауда ашылғанын атап өткім келеді. Қазір осы кешенде мүмкіндігі шектеулі жандар спорттың 13 түрі бойынша жаттығып жатыр. Түсініктірек болуы үшін сізге қалыптасу тарихымыз туралы қысқаша айтып өткім келеді. 2002 жылы біз тірек-қозғалыс жүйелері бұзылған мүгедектер үшін қоғамдық бірлестік ретінде құрылып, спорттың үш түрі бойынша жаттықтыруды бастаған едік. 2008 жылы бірлестігіміз клубқа айналды. Ол кездері келушілерге спорттың төрт түрі бойынша жаттығуды ғана ұсына алатын едік. Бүгінде, шүкір, мүмкіндігіміз зорайды.

Ал, енді мәселеге кеңінен тоқталатын болсақ, Қазақстан шеңберіндегі параолимпиадалық спорттың түрлері ел тәуелсіздігімен бірге дамып келе жатыр. Айталық, бұрын мүгедектер үшін спорттық қауымдастық жұмыс істеп келген болса, уақыт өте келе Ұлттық параолимпиадалық спорт комитеті құрылды. Расымен де бұл біз үшін көптен күткен үлкен жаңалық болды. Кейін Ұлттық параолимпиадалық спорт комитетінің Атырауда филиалының ашылуын біз әрі құрмет, әрі мәртебе деп қабылдадық. Тағы бір ерекше атап өтер мәселе бар. Ол – «Қазақстан Республикасының Спорт туралы заңына» өзгерістер мен толықтырулардың енгізілуі. Мәселен, параолимпиадалық ойындарда спортшы белгілі бір жүлдеге іліккен болса, оған дені сау спортшымен тең дәрежеде сыйақы беріледі. Мысалға, бірінші орынды иемденген чемпионға да, оның жаттықтырушысына да автоматты түрде үш бөлмелі пәтер беріледі. Сол секілді, сурдлимпиада чемпиондарының да (яғни, есту, сөйлеу қабілетінен айырылғандар) марапаты теңестірілді. 

 – Енді дене шынықтыру-сауықтыру кешеніне ойыссақ. Спортшылар қандай бағыттарда дайындалып жатыр? Өткен жылдың нендей ірі жетістіктері болды?

–Мақтанып айтатын бір мәселе бар. Отырып ойнау волейболының атыраулық командасы өткен жылы Қазақстан бойынша ең үздік екі команданың бірі атанды. Әрі осы жігіттердің отырып ойнау волейболынан Қазақстан құрама командасының негізін құрайтынын атап өту керек. Биыл төртінші жылға кетіп бара жатыр, осы командадағы жігіттеріміз келісім-шартпен жұмыс істеп, лайықты жалақы алып отыр. Шынын айту керек, біздің волейболшыларымыздың, жалпы қай-қай спортшымыздың да ерік-жігері күшті. Бір ғана волейболшыларымыздың тұтас еліміздің намысын қорғап, әлемдік деңгейге көтерілулерінің өзі қоғамның оларға деген көзқарасының түзелгенін көрсетеді. Бұл жағынан алғанда шүкіршілік.

Ал, жалпы облыс бойынша шамамен 17 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан бар. Бүгінде олардың 1-2 пайызы ғана кешенге келіп, үстел теннисі, жүзу, садақ ату, нысана көздеу, пауэрлифтинг, арбада билеу, зағип жандар үшін шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, минифутбол, жеңіл атлетика және дзюдо түрлері бойынша жаттығып жүр. Әрине, бұл – өте  төмен көрсеткіш. Ендігі жерде олардың санын бес пайызға дейін жеткізіп алсақ та жаман болмас еді.

Өз басым жетістік дегенде атыраулық Әнуар Сариев атты спортшымыздың (көру қабілетінен айырылған) дзюдодан Азия ойындарына қатысқанын атап өткім келеді. Осындай үлкен деңгейдегі ойынға Қазақстан бойынша қол жеткізген жалғыз спортшы әзірге сол Әнуар ғана болып тұр. Атырау облыстық отырып ойнау волейбол командасы үшін өткен жыл үлкен жетістіктерге толы болды. Команда Лейпциг кубогі үшін Германияда өткен халықаралық турнирде қола жүлдені иеленді. Польшада өткен халықаралық турнирде команда бірінші орынды қанжығаға байлап, Азия чемпионатында күміс жүлдені иеленді. Әрі, республика бойынша төрт дүркін Қазақстан чемпионы болды.

Спорт кешені волейболшыларды ғана емес, басқа да спорт түрлері бойынша чемпиондарды баптап келеді. Бүгінде үстел теннисінен Шынар Кенжебаева, Насихан Махамбет, Людмила Фокина және Эльмира Болманова атты Қазақстан бойынша төрт чемпионымыз бар. Ерекше атап өтерлігі, Шынар есімді спортшымыз Малайзия, Англия елдерінде өткен әлем чемпионаттарында ептілігімен ерекшеленіп, екі қайтара үшінші орынды иеленді. Пауэрлифтингіден Нұржан Молдан да чемпионымыз.

Алда нендей жаңалықтар күтіп тұр?

Бұлсұраққа да толымды жауабымыз дайын. Себебі,төрт жылда бір рет өтетін Қазақстанның параолимпиадалық ойындары Атырауда тамыз айында болады деп күтілуде. Қазақстанның барлық аймағынан, Астана, Алматы қалаларынан командалар келеді деп жоспарлап отырмыз. Олимпиада ойындары спорттың жеті түрінен өтеді. Меніңше, биылғы жылдың басты жаңалығы да осы.

– Спортшылардың дайындығы, бабы, әлеуеті туралы не айтасыз?

–Әрбір жарыстың алдында оқу-жаттығу жұмыстары өтіп отырады. Мейлінше, кәсіби шеберлерді тартуға тырысамыз. Мәселен, бізге бапкерлікке классикалық волейболдан КСРО-ның спорт шебері, Қазақстан құрама командасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Мартынюк Александр Михайлович жұмысқа алынды. Спортшыларға кәсіби массажист қызмет көрсетіп жатыр.

– Өткен жылы әлеуметтік желілерде, ақпарат құралдарында атыраулық спорт мектептерінің бірінде жаттықтырушы болған екі спорт шеберінің шет ел асқандығы жөнінде ақпарат тараған еді. Осы жайында не айтасыз?

– Бұл ақпаратты жоққа шығара алмайтыным өкінішті, әрине. Жас жаттықтырушы өзімен қоса шәкіртін де алып кетті. Бұл–қателесудің ең үлкен түрі. Сондықтан, Жаратушымыз оларды тура жолға салсын деп тілеймін.

Намазхандардың бірі мен. Сондықтан, жастарға исламнан асқан бейбітсүйгіш діннің жоқ екендігін атап айтқым келеді. Жастар мына мәселені ескерсе деймін. Егер кімде-кім қоғамға зиянын тигізетін идеология тарататын болса, ол – үлкен күнә. Өйткені, сол жалған идеологияға уланған қаншама жастар тағдыры темір торда тағандалды? Бір ғана Сирия, Ауғанстан, Пәкістан асып жатқан жастар қаншама отбасын қара жамылдырып кетті? Осы жерде қазақтың біртуар жазушысы Ғабит Мүсіреповтің «өз ұлтының дәстүрін, тарихын, мәдениетін жоққа шығарып, жүрегінен өткізе алмаған халық–ұлы халық бола алмайды» деген сөзін қайталап айтқым келеді. Ақиқат сөз. Ең болмағанда, қоғаммен байланысын мүлде үзген жастарымыз отбасыларының, балаларының болашағын ойласа ғой…

– Дін – рухани нәзік дүние. Оны жүректен бөліп алып тастау мүмкін емес. Осы орайда дінге қызығушылық танытып жүрген спортшыларға оң жағдай тудыруда нендей жағдайлар жасалып жатыр?

– Өкінішке орай, бүгінде мектеп атаулыда ер мұғалімдер тым аз, жеткіліксіз. Сондықтан, ата-аналар балаларын спорт мектебіне беруді ойласа деймін. Рас, біз шәкірттерімізді спорт саласына машықтандырамыз. Бірақ, елде қалыптасқан діни ахуал күрделі болғандықтан, жаттығу уақытын 10-15 минутқа дейін қысқартып, келушілерге жалпы ислам діні бойынша мағлұмат беріп отырамыз. Осы мақсатта орталық мешіт жанынан ақсақалдар алқасы да құрылды. Оның құрамында «Мүгедектердің спорттық клубы» мекемесінің директоры Сансызбай Торғаев пен оның орынбасары Бағытжан Мұхамбеталиев те бар. Әрине, Конституция бойынша дінге шектеу қойылмаған, демократиялы елміз дейміз. Бірақ, бұл ойға келгенді жасау дегенді білдірмейді. Сондықтан, жастарды интернеттен, таныс-тамырлардан емес, мешіт имамдарынан ілім алуға шақырамын.

– Сөз соңында айтарыңыз?

–Жастарды салауатты өмір салтын ұстауға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды спортпен шұғылдануға шақырамын. Спорт – өмір. Ол – қуат көзі. Бастапқыда арбамен келіп, оны тастап кетіп жатқандар да бар. Сондықтан, ерік-жігері мұқалмаған адамның қандай қиындықты да жеңе алатынын атап айтқым келеді.

Cұхбаттасқан

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз