Жарнама
Қоғам

Бірлігімізді, беріктігімізді көрсететін тағы да күн туды

Atr.kz / 14 шілде, 2020 жыл. Әлемді шарлаған пандемия қасіретінің қара бұлтының қазақ жеріне үйірілгеніне төрт айдан астам уақыт өтті. Қаншама денсаулық сақтау шаралары алынып, халықты коронавирус азабынан шығару шаралары істелсе де, індет өршуін тоқтатпай, күнбе-күн, кеше ғана қасымызда жүрген таныстардың, туысқандардың, жалпы өңір тұрғындарының қайтпас сапарға кеткен қайғылы хабарын естіп қиналудамыз.

Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның, республика бойынша екі апталық /05-19.07.2020/ карантин жариялау туралы шешіміне қосымша, карантиндік шараларды тағы да  екі апта мерзімге ұзарту туралы шешімі  дұрыс болды.

Мемлекет басшысының алға қойған негізгі мақсаты – Қазақстан халқының өмірін сақтау. Өкінішке орай, өткен уақытты біз тиімді пайдалана білмедік, бұл қасірет жанымыздан жанамалап өтер-кетер деген жел сөзге сеніп, тәртіпті әжептәуір босаңсытып алдық. Оның өкініші мен қиындығы – күнбе-күнгі арамызда жүрген жақсылар мен жайсаңдардың мезгілсіз осы аурудан шетінеп жатқаны.

Қабылданып жатқан шараны бұлжытпай қадағалау, әрбір қазақстандықтың тікелей өз құзырында, бетперде, арақашықтық сақтау, адамдардың көп жиналатын ортасында болмау, той-думандардан бойды аулақ салу, үйден шықпау, тағы да басқа нұсқауларды мүлтіксіз орындау – бәрімізді, бала-шағамызды осы індеттен аман сақтайтын бір ғана жол. Қазіргі  өңірдегі ауруханалардың жетпестігінің орнын толтыруға, дәрі-дәрмекпен қамту мәселелерімен, дәрігерлік құраммен толықтыру, корановирустен сақтандыру жолдарын ақпараттандыру, қосымша материалдық, қаржылық, әлеуметтік  проблемаларды шешу жолдары, сондай-ақ, тұрғындарды азық-түлік және ең қажетті тауарлармен қамтамасыз етуді облыс басшылығы қатаң қадағалауда.

Сонымен қатар, осы күрделі жағдайды пайдаланып, алаяқтыққа алыпсатарлыққа  жол бермеу шаралары алынуда. Бұл бағыттағы жұмыстар легін жергілікті БАҚ жазып жатыр.

«Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды» деген Баукеңнің сөзін ту қылып ұстап, бұрынғыша алаңсыз, емін-еркін жайбарақат жүру өзіңе, жанұяңа, Отаныңа қауіп екенін, ішкі дүниеңмен шын сезіну қажет.

Ауыл-ел бесігі болса, сол ұяны індеттен сақтау үшін, ата-бабаның  үлгі істерін, қасиетті амалдарын қолдануымыз керек. Бұрында ауыл арасына індет кіргенде, қарауылға қара ту байлауды, «әлепес» дертін жұқтырғандардың мойынына кішкене қоңырау байлап, жұқпалы аурулардан сақтана білген атамекеніміз емес пе еді.

Ауылдың елін сүйген ерен азаматтары, туған жеріміздің қадір-қасиетінің біршама бұзылуы, қасиетті ата топыраққа пандемияның тырнақ салуы қынжылтады. Әрбір елді мекен індетке қарсы, алынбас қамал болуы керек. Ауылдағы бауырлар, әлі де кеш емес, той-домалақты, құда-жекжат, ағайын-тума болып, дастархан төрінде сыйласуды кейінге қалдыру керек, қатерлі короновируспен күрес  жалғасуда.

Атырау өңірі өткен ғасырдың 70-80 жылдары ең қатерлі оба, тырысқақ індеттерімен күресте абыроймен шыққанын аға ұрпақ ұмытпаған болар. Қатаң тәртіптің арқасында ел ішінен бірде- бір адам шетінемей, ел болып жұмылып істеген іс, абыройлы аяқталып отырды.

Менің есімде, 1987 жылы Жылыой ауданының Ақкиізтоғай елді мекенінде  тырысқақ індетіне байланысты карантин жарияланып, оған Ташкенттегі Қазақстан мен Орта Азия санэпидемиологиялық жүйесі басшысының орынбасары А.Сүлейменова ханым тікелей басшылық жасап, аумақты периметриялды қоршатып, адамдар мен малдарды оқшаулап,  тәртіпті мүлтіксіз/беспрекословно/, уақытылы  орындау талаптарын енгізді.

14 тәулік бойы күні-түні аяғымыздан тік тұрып, бас санитардың талаптарын орындауға бүкіл ауданның материалдық, адами ресурстары жұмсалды.

Сол бір қиын кезеңдерді бастарынан өткізген облыс басшылары Е.Тасқынбаев, М.Ғабдысәлімова, Ә.Бисенов, дәрігерлер М.Сапаров, Ө.Зинуллин, Е.Уайсов, Ғ.Шаңгереев, М.Тлесова, Ж.Жетібаевтар бүгінде ортамызда.

Коронавируспен күресті жалпыхалықтық рельске қойып, бәріміз бір адамдай жұмылып, індетті жеңуге ат салысуымыз керек.

Әр шаңырақтың қызықты қуаныштарын тойлап, артынан опық жеп, күлкі өкінішке, қайтпас қайғыға ұласып жатса несі жақсы.

Өмір адамға бір-ақ рет берілсе, жаратқанның сыйын қадірлейік, баршамыз болып, карантин талаптарын мүлтіксіз орындайық!

Мұрат ӨТЕШОВ,

Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің төрағасы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button