Бірлігі бекем елдің болашағы жарқын
Елімізде орын алып жатқан көктемгі су тасқыны кезінде ортақ істен ешкім де шет қалған жоқ. Бұл қандай кезеңде де бірлігіміздің бекем екендігінің көрінісі. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА-ның кезекті сессиясында сөйлеген сөзінде де атап айтып, негізінен су тасқыны кезінде кеңінен танылған қазақстандықтардың елдігіне ризашылығын білдірді.
«Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметшілер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылды. Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай қол ұшын созды. Бір-біріне шынайы жанашыр болды. Мен қарғын сумен күресуге зор үлес қосқан нағыз отаншыл азаматтарға шексіз ризамын» — деді бұл тұрғыда Мемлекет басшысы.
Расымен де, қаншама қиын болса да халқымыз табиғаттың тосынынан тосылмай, көктемгі су тасқынынан келер қауіптің алдын алып, оған қарқын тосқын қоюға жұдырықтай жұмылып, бел шеше күресуге әзір екендіктерін байқатты. Осынау үрдісте атыраулықтардың да өзіндік үлесі бары кәміл.
Бірлігі жарасқан ел халқының бір бөлшегі саналатын өндірісті өңір – Индер ауданының жұртшылығы да тасқыннан қорғану шараларынан шет қалмады. Өңірдегі барлық кент, ауылдық округтердің тұрғындары, іс басындағы азаматтар, бюджеттік мекеме қызметкерлері мен еңбек ұжымдары, ардагерлер мен қоғам белсенділері, ауыл жастары мен еріктілер – баршасы да қолдарына күрек алып, таңнан түн қараңғысына дейін жағалаудан табылды. Тіпті ата-анасымен келіп көмектесіп жүрген балалардың іс-әрекетіне қарап, ұлтжанды ұрпақ өсіп келе жатқанына риза боласың. Ауылдың ақ жаулықты аналары мен қыз-келіншектері дәмдерін дайындап, ас-ауқатын ұсынып белсене кірісті.
Сөйтіп, әр адам ортақ іске өзіндік үлесін қосты. Аудан халқының бірлігі, татулығы қиындықты бірлессе ғана жеңуге болатынын дәлелдеді. Әр адамның ой-санасы және мінез-құлқы, бір болуға деген пейілі жақсарса, бірлігі бекем болса, тұтас қоғам да жақсаратынын түсінгендей.
Жеміс ТІЛЕПҚАЛИЕВА,
Индер аудандық мәдениет, тілдерді дамыту,
денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы