Көп балалы ана Гүлнар Жұмағазиева «бақытты отбасының» құпиясымен бөлісті (+ФОТО)

IMG 20190215 WA0007 Қоғам

         Atr. kz / 15 – ақпан.    Гүлнар Жұмағазиева бес баланың анасы.

      Жұбайы Асқар Жұмағазиевпен жиырма екі  жыл отасқан кейіпкеріміз көп балалы болуды әу бастан армандағанын айтады. «Жолдасым да, мен де екі ағайындымыз. Сондықтан, отағасы екеуміз шаңырақ құрған кезде балаларымыз көп болсыншы деп армандайтынбыз. Шүкір, Алла беріп жатыр. Отбасы болған соң, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Қандай қиындықты болмасын бірге жеңіп келе жатырмыз. Бастысы, шаңырақта береке болуы керек» дейді Гүлнар Жұмағазиева.

IMG 20190215 WA0007
Жұмағазиевтар отбасы

         Бұл отбасының үлкен ұлы Айбар қазір 21 жаста. Тоғызыншы сыныпты бітірген сәтте колледжге оқуға түскен ол бүгінде Атырау мұнай және газ университетінің екінші курсында оқып жатыр. «Айбар ақылы бөлімде оқиды. Болашақ электрик. Енді биыл егіз қызымыз Альфия мен Зульфия мектеп бітіргелі отыр. Қыз балалар болған соң, алысқа жібергіміз келмейді. Атырауда оқытсақ дейміз. 2007 жылы туылған Нурия атты қызымыз қаладағы №27 мектепте оқиды.  Кенжеміз Абдрахман дайындық сыныбына барып жүр. Кейде адамдар көп балалы болудан қашқақтап жатады ғой. Шындығында, бір баланы өсіргеннен гөрі, көп баланы тәрбиелеген ыңғайлырақ. Себебі, балалар бір-бірінен үйренеді, бірін-бірі тәрбиелейді. Рас, кейде қаражаттан қысылыңқырап қаламыз. Бірақ, әр баланың несібесі болады.  Балалар бірінің киімін бірі киеді. Өзім ұзақ уақыт декреттік үзілістен кейін сауда дүкендерінің біріне жұмысқа шықтым. Жолдасым газбен қамтамасыз ету саласында жұмыс істейді. Баланы өмірге әкелген соң, оларды жетілдіру керек. Ендігі мақсатымыз  Алфиямыз бен Зулфиямызды оқуға түсіру. Көп баладан қорықпау керек. Өйткені, бала – бағымыз» дейді алтын құрсақты ана.

         Біз кейіпкерімізден бос уақытты қалай өткізетіндерін сұраған едік. «Бізде бос уақыт аса көп бола бермейді. Балаларым өнерге жақындау. Концерт, түрлі шараларға қатысып тұрады. Мұндайда дайындыққа бәріміз бірге атсалысамыз. Ал, наурыз мерекесінде туыстарды аралап, көрісеміз. Одан қалды ақ Жайықтың жағалауы, Ретро-парк, Жеңіс саябағы бар. Балалармен уақыт өте қызықты әрі тез өтеді. Осындай жерлерде сейіл құрғанның өзі отбасын кәдімгідей жақындастырады. Уақытты бір-бірімізге арнауымыздың нәтижесі болар, үй шаруасы да ың-шыңсыз өздігінен реттеліп жатады» дейді кейіпкеріміз Гүлнар Жұмағазиева.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.  

IMG 20190215 WA0005
IMG 20190215 WA0004
IMG 20190215 WA0008
IMG 20190215 WA0006
Фото – Жұмағазиевтар отбасының архивінен
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз