БІРЛЕСКЕН ЖОБАҒА – БАНК ҚОЛДАУЫ
Сөздің шыны керек, көптеген дамыған елдердің экономикасы – шағын және орта бизнестің еншісінде. Тіпті, кәсіпкерлік саласынсыз өркендеген мемлекетті елестету мүмкін емес. Бұл ретте бизнестің тізгінін ұстағандардың қаржылық білімдерін жетілдіріп, нарық талабына сай істі дөңгеленте әкету тетіктерін үйренудің маңызы ерекше. Ал, әр бағыттағы жекеменшік компаниялар көптеп шоғырланған Атырау қаласында тұтынушыларды табудың және инвестиция тартудың жолдарын жетік білгеннің ұтары мол болары сөзсіз. Ол үшін, әрине, маркетинг пен бизнес-жоспарлау, коммерциялық лизинг мәселелерін меңгеру қажет. Еліміздің тоғыз облысында филиалы мен он үш бөлімшесі бар «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ осы орайда облыс орталығы әкімдігімен бірлесіп тың бастаманы іске асыруға ниет білдіріп отыр. Яғни, ынтымақтастық Меморандумы шеңберінде ақпараттық-білім беру шаралары өткізілмек.
Сондай-ақ, Банк «Өрлеу» бағдарламасы арқылы келешегі зор мамандықтар бойынша Атырау қаласындағы жоғары оқу орындарының түлектерін қызметке алуға келісім-шартқа отырған. Білім ордасын күні кеше ғана бітіріп, алғаш еңбек қадамын бастамақшы жас мамандарға бұл үлкен демеу болары сөзсіз. Оның үстіне, кәсіби біліктілігіне сай лауазымын өсіру қызметкердің өз мүмкіндігін көрсетуіне жол ашпақ.
Өскелең ұрпақтың салауатты өмір салтын қалыптастыруда спорттық секциялардың рөлі зор екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Алайда, көп ретте қаражаттың жетіспеушілігінен бапкерлер мен жаттықтырушыларға штат бөлу мәселесі кейінгі кезекке қалдырылып келгені жасырын емес. Осы орайда Банк тағы бір тағылымды істің бастамашысы болды. Мәселен, Әкімдік спорт секцияларына қосымша орынжай мен бапкерлік штат бөлсе, «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ мамандарға ақшалай сыйлық мөлшерлемесін ұсынды. Кіші және орта топтағы балалар арнайы секцияларға тегін қатыспақ.
— Бұл Меморандум Атырау қалалық Әкімдігімен бірге футбол, бокс секілді спорт түрлеріне жасөспірімдерді баулып, отандық экономиканың локомотиві саналатын шағын және орта бизнеске ақпараттық көмек көрсетіп, жоғары оқу орындарының студенттерін қызметке орналастырудағы қадамымыз оң ниетіміздің айғағы іспеттес. Осынау бағыттағы жұмыстарымызды алға қарай да жалғастыра бермекпіз,-дейді «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ-ның Басқарма мүшесі – Басқарушы директоры Булан Көпешов.
Құрылғанына жиырма екі жыл болғанына қарамастан, мыңдаған тұтынушыға сапалы қызмет көрсетіп үлгерген банк бүгінде елімізде ипотекалық несие беру мен лизингтік қаржыландырудың бастамашысы атанып үлгерді. Банктік қызмет көрсету кешені ірі және орта бизнеске арналғанымен, жеке кәсіпкерлерді де қамтиды. Келешекте де тұтынушыларды көбірек тартып, кеңеюді алға мақсат етіп қойған «AsiaCredit Bank (АзияКредит Банк)» АҚ филиалдық желіні дамытпақ ойы бар. Жыл басында Банк активтері 103 930 539 мың теңгені құраған. Осылайша, оның жастарды спортқа тартып, түлектерді еңбекпен қамтып, бизнестік білімін жетілдіруге жәрдемдесіп, қолғабыс етіп отырған жайы бар.
Айбөпе САБЫРОВА.