САЛАУАТТЫЛЫҚТЫ СЕРІК ЕТКЕН

Мұнайшылар дәстүрлі дода өткізді

Спорт – салауатты өмір салтын қалыптастырудың құралы, адамдардың денсаулығын нығайтып, өмірін ұзартудың, өзін-өзі әрдайым сергек сезініп, көтеріңкі көңіл-күйде жүруінің кепілі. Ол Елбасының өзі халыққа Жолдауында айтқандай, «Саламатты Қазақстан» бағдарламасында алға қойылған міндеттерді орындаудың басты шарты болып табылады. Бұл тұрғыда «ҚазМұнайГаз Барлау.Бұрғылау» АҚ-на қарасты «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы басшылығы да осы қағиданы қатаң ұстанып, кәсіпорын құрамындағы мұнай-газ өндіру басқармалары арасында спорттың әр түрінен спартакиада өткізуді дағдыға айналдырған.

 

Осынау игі дәстүр биыл да жалғасын тапты. Қыркүйек айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін кәсіби мереке – Мұнай-газ өнеркәсібінің қызметкерлері күні қарсаңында және ҚР Кәсіподақ ұйымдарының құрылғанына 95 жыл толуы құрметіне ембілік мұнайшылар жылдағы үрдістерінен жаңылмай, тағы да жарыс алаңынан табылды. Осылайша, жақында ғана ашылып, тұсауы кесілген, «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына қарайтын Прорва кен алаңындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің базасында ұйымдастырылған дәстүрлі додаға жеті команда қатысты.

Екі кезеңнен тұратын спартакиаданың бірінші кезеңінде ойыншылар минифутбол, үстел теннисі және тоғызқұмалақ ұлттық ойыны сияқты спорт түрлерінен сайысқа түсіп, бақтарын сынады. Айтқанымыздай, спартакиаданың жалауы көтеріліп, шымылдығы ашылған күні пайдалануға берілген Прорвадағы «Каспий самалы» мұнайшылар қалашығында жалғасқан бәсекеде «Ембімұнайгаз» АҚ-ның құрамындағы кәсіпорындардан жасақталған құрамалардың қай-қайсысы да спорт мерекесіне тыңғылықты дайындықтарымен келгендіктерін байқатты. Жақсы ойын үлгісін көрсетіп, шеберліктерін танытып, үздік нәтижелерге қол жеткізді.

«Жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» демекші, тартысты сайыстың қорытындысында жеңімпаз командалар анықталып, шеберлігімен көзге түскен, командаларының жеңіске жетуіне сүбелі үлестерін қосқан жекелеген ойыншылардың да есімдері аталды. Сөйтіп, минифутболдан командалық есепте бірінші орынды «Доссормұнайгаз», екінші және үшінші жүлделі орындарды «Қайнармұнайгаз» және «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-ларының құрамалары еншіледі. Үстел теннисінен Шығыс Мақат кен алаңындағы жатақхана қызметкері Светлана Орынтаева, Алтыкөл кен орнының геологі Нариман Айтуар, тоғызқұмалақтан басқару аппаратының маманы Айна Аймақова («Доссормұнайгаз») және №1 цех бастығының орынбасары Кенжебай Сағынғалиев («Жайықмұнайгаз») бірінші орынды иеленіп, жеңімпаз танылды.

Сол сияқты, спартакиада бағдарламасына енген спорттың осы екі түрінен (үстел теннисі мен тоғызқұмалақ) «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы Қарсақ кен орнының слесарі Алтынбек Әжіғұлов, «Қайнармұнайгаз»-дан өндірістік-техникалық бөлім бастығының орынбасары Қуаныш Айтуғанов, «Жылыоймұнайгаз»-дан автоматты басқару жүйесінің инженері Гүлзира Алдашбаева және «Жайықмұнайгаз»-дан №2 цехтың операторы Тамара Сабырова екінші, аталған кәсіпорындарда еңбек ететін олардың әріптестері Жанар Сәрсенғалиева, Алмагүл Мұхаметжанова мен Төлеуғали Аманбаев үшінші жүлделі орындарды бөлісті.

Айрықшалап айтарымыз, үздік ойыншылардың сапынан табылған Тамара Сабырова көп жылдардан бері «Жайықмұнайгаз» басқармасында мұнайшы-оператор болып еңбек етеді. Жастайынан үстел теннисі, волейбол, баскетбол, шахмат тәрізді спорт түрлерімен машықтанған ол өндірістік тапсырмаларын ойдағыдай орындап, ұжымында озаттар қатарынан танылумен бірге, осындай жарыстарда да көш басынан көрініп, абыройын асқақтатып жүр.

Әріптестерінің мақтанышына айналғандардың қатарында «Доссормұнайгаз» МГӨБ құрама командасының мүшесі Светлана Орынтаева, «Жылыоймұнайгаздың» намысын қорғаған Гүлзира Алдашбаева, «Ембімұнайгаз» АҚ орталық аппаратынан Аяжан Есжанова сынды сайыскерлердің есімдерін ерекшелеп атаған ләзім.

Тартысқа толы сайыстардың соңы жеңімпаз командалар мен жекелеген ойыншыларды ұлығылау шараларына ұласты. Олар дәрежелі дипломдармен, бағалы байрақтармен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Оған қоса, минифутболға қатысушылар арасынан Р.Ш.Есполаев «Үздік қорғаушы», Базарбай Ерішев «Үздік қақпашы», Меллят Ыдырысов «Үздік шабуылшы» атанды. Спартакиаданың екінші кезеңі 21 тамызда өтеді деп жоспарлануда.

Ендеше, еңбек пен спортты егіз ұғымға айналдырып, қандайма сайыста да айтулы жетістіктерді қанжығаларына байлап, осындай игі бастамаларымен ұжымның ынтымақтастығын арттырып, салауатты өмір салтын орнықтыруға үлестерін қосып жүрген ембілік мұнайшы-спортшыларға алдағы бәсекелерде де сәттіліктер мен жеңісті қадамдар тілейміз!

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз