
Бірлескен істе береке бар
Индер орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің 14 жұмысшы-қызметкері кеше ғана Атыраудың іргесінде жанған қамысты сөндіру жұмыстарына қатысып келдік. Техникамызды, қажетті құрал-жабдықтарымызды да апарған болатынбыз. Оқиға басында өрт сөндірушілер, басқа да адамдар жалынды ауыздықтау мақсатында жұмылып жұмыс істеуде.
Байқағанымыз, қамыстың сабағы қураған сайынжерге түсіп, нығыздала береді екен. Борпылдақ топырақты бассаң, аяғыңның тобығына дейін келеді. Осы себепті оны сөндіру оңай емес. Сөндірген күннің өзінде бықсып тұтанып, қайтадан жана береді. Бүгінде жалынның бетін қайтару мақсатында жерді трактормен жырту жұмыстары жүргізілуде. Мұның да өзіндік қиындығы бар болып шықты. Соқаны тереңірек салсаң,дымқыл шөп-шаламның салмағы ауыр болып жүргізбейді. Жұқалай алсаң, одан өрт тоқтамайды. Техниканы тізгіндеген адамның шеберлігі осындайда көрінеді.
Қамыс өрті болашақта да қайталануы мүмкін. Ал оның алдын қалай алуға болады? Менің ойымша, кеңестік кезеңдегі кеңшарлардың теңіз жағалауындағы қамысты шабуға арнайы бригадалар жіберетін тәжірибесін қайтадан қолға алу керек секілді. Яғни техника жүре алатын, құрғақ жерлерді шабуға болады. Ал батпақты тұстарындағы шөпті шабу мүмкін емес қой. Оның үстіне құстар да сондай жерлерді мекендейді. Айтайын дегенім, оларға ешқандай зиян келмейді. Иә, қамыс бұрынғы көлемде дайындала қоймас, дегенмен қалай еткенде де осы маңнан шаруашылық жүргізудің мүмкіндігін ойластыру керек.
««Ақжайық» резерваты – ерекше қорғалатын аймақ. Мұнда ешқандай жұмыс жүргізуге болмайды» деген уәж айтылар. Иә, заңдылығы осылай болғанымен қалыптасқан жағдайды ескере отырып, қорықтың мәртебесін қайта қараған жөн секілді.
Бастысы, бүгінде ортақ іске бәрі жұмылып отыр. Ал бірлескен істің берекесі болатыны қашаннан белгілі.
Талғат ДОСАН,
Индер аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры