Жарнама
Қоғам

БІР ҮЙДЕН КЕТКЕН ҮШ БОЗДАҚ

 

Әулет басы Жаңбырбай ақсақал еңбекке ерте араласты. Ұжымшардың айтулы балықшылары сапында еңбек етті. Үлкен ұлы Меңдібай аталмыш ұжымшардың табын-табын жылқыларын бағып, қолы қалт еткенде қасқырдың ізіне түсіп олжалап, жағалай ауыл-аймаққа үлестіріп беретін жомарт жан еді. Екінші ұлы Ізмұхан да осыларды айналшықтап шықпайтын.

Жаңбырбай Әміржановтың қызы Шолпан өткен күндер естелігін былайша еске алады: «Әкем мен ағаларым сол қанды  қырғыннан оралмады. Дүниені дүр сілкіндірген соғысқа әкем Жаңбырбай, ағаларым Меңдібай мен Ізмұхан 1942 жылдың қаңтарында бір күнде алынған екен. Соңдарында жәудіреп қалған менің жасым бесте, жиеніміз Кәшипа үште болатын. Сондағы зар жылап шулаған дауыстар, «қара қағаз» келген күндердегі үрейлі сәттер есіме түскенде, әлі күнге дейін шошып оянамын» деп парақтайды.

Үш ұлы бір күнде соғысқа аттанған Әміржан ақсақалдан маза қашады. Күндіз асқа тәбеті соқпай, талай түндерді ұйқысыз өткізеді. Ақыры көп ұзамай көз жұмады.

Ал, ағайынды Әміржановтардың тағдыры былай өрбиді. 1942 жылдың қаңтарында соғысқа аттанған Жаңбырбай Сталинград түбіндегі кескілескен ұрыстарды бастан кешіреді. Осы жылдың қыркүйегінде бір топ қаруластарымен фашистердің тұтқынына түсіп, Германия жеріндегі «Шталог ХІІ «А» концлагеріне қамалады. Тұтқындағы азап үстінде 1944 жылдың 19 мамырында көз жұмады.

Үлкен ұлы Меңдібай хабарсыз кетеді. Інісі Ізмұхан «Александр Невский» атындағы 233-атқыштар полкінің құрамында атқыш ретінде танымал жауынгер атанған. Одан әрі Суворов және Кутузов орденді Қызыл Тулы Витебск 97-ші атқыштар дивизиясының құрамында айтулы атқыштардың бірі болыпты.

1944 жылдың 5 қарашасы күні «Зодяриген» деревнясын жаудан азат етудегі кескілескен ұрыста кеудесімен оқ жауып, 7 қараша күні есіл ер, қазақтың батыр жауынгерлерінің бірі Ізмұхан Әміржанов мәңгілікке көз жұмған.

Соғысқа кеткен үш азаматтың артындағы тірлікті кенже қыз Мағауия жалғастырып, жылқышы Меңдібай ағасының табындарына иелік етіп, азаматтыққа сын болар жылқышылықты   ұршықтай иіреді. Табын-табын саяқ малға қыстық пішенді де анасы Пәзила екеуі қол орақпен шауып, өздері дайындап маялайды. Құдықты да қолмен қазатын.

Сол кездегі Ганюшкиннен  Гурьевке дейінгі теміржолды қолмен төсеушілерінің қатарында Пәнзила ана да бар еді. Арада бірер жыл өткенде күрекпен атқарылатын ауыр жұмыс, оның үстіне азық-түлік тапшылығы байғұс ананы әбден титықтатып, төсекке таңады.

Жаңбырбай ағаның қызы Шолпан ана: «Отанымызға, халқымызға бейбіт өмірді тарту етіскен қайран әкем мен ағаларым сол өткен қанды қырғыннан оралмады», — деп ауыр күрсінді.

Таңатар ДӘРЕЛҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button