БІЛІКТІЛІК СЫНАҒЫН ТАПСЫРДЫ
Нақтылай кетсек, Тұжырымдама талаптары бойынша ендігі жерде республикалық, облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі атқарушы органдардың жетекшілігіне немесе бірінші басшылығына тағайындалатын, яғни, болашақта осындай лауазымдарды иелену мүмкіндігі бар азаматтар міндетті түрде ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттігі бекіткен бірыңғай тестілеуден өтуі тиіс. Осы сынақтан сүрінбей өткендердің ғана кандидатурасы келешекте жоғарыда баяндалғандай бірінші басшылық деңгейіндегі мемлекеттік қызмет сатыларына ұсынылатын болады. Ол үшін Астанаға барып, тестіні нәтижелі тапсырып, қолына сертификатын алып келгендердің өздері алдымен өңірлік (облыстық), сонсоң республикалық сараптау комиссияларының талқысынан өтіп, біліктілік сынағын тапсырады.
Осы мақсаттағы кезекті басқосу кеше облыстық әкімдік үйінде ұйымдастырылды. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен өткен өңірлік комиссияның отырысына мемлекеттік қызметтің «А» корпусына өту үшін тестіні ойдағыдай тапсырып, соған сәйкесті сертификаттарын иемденген 13 үміткер шақырылды. Әрқайсысының өмірбаян деректері (білімі, еңбек тәжірибесі, соның ішінде мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі, отбасылық жағдайы, марапаттары, т.б.) егжей-тегжейлі таныстырылғаннан кейін олар үстел үстіне қойылған, қазақ және орыс тілдерінде жазылған, әрқайсысы үш сұрақтан тұратын билеттерді суырып, жауап берді. Комиссия мүшелерінің тарапынан қойылған қосымша сауалдарды да жауапсыз қалдырмады.
Сөйтіп, осыған дейін де басшылық қызметтерді абыроймен атқарып келген азаматтар бұл жолғы сында да біліктіліктері мен өздеріне жүктелер жоғары лауазымды мемлекеттік қызметті жауапкершілікпен, талапқа сай атқара алатындай дағдыларының барлығын байқатты.
Дәулетқали АРУЕВ.
Суреттерді түсірген
Ерлан АЛТЫБАЕВ.