БЕС ЕЛДІҢ ОРТАҚ ТЕҢІЗІ – ОНЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ САУЫҚТЫРУ БАСТЫ МІНДЕТ
Теңіз бен оған құятын өзендердің табиғатын қорғауға су көзінің аймағын мекен еткен елдердің барлығы да мүдделі. Сондықтан оның ластанудан сақталуын қамтамасыз ету мақсатында 2006 жылы Тегеранда қабылданған Негіздемелік конвенцияға Қазақстан да енген болатын.
Шараға қатынасқан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Алимұхаммед Құттұмұратұлы жалпы Каспий теңізінің ахуалы туралы айта келе, әлемдік маңызға ие болып отырған Қашаған кен орнының іске қосылуы теңіздің экожүйесіне әсер етуі әбден ықтимал екендігіне тоқталды. «Бұл ретте мұнай және газ кен орындарының апаттық төгілуін жоюдағы маңызды жобаның бірі – Солтүстік Каспий мұнай төгілуіне қарсы тұру экологиялық базасы аяқталып, өткен жылы іске қосылды. Каспий теңізінің биоалуантүрлілігін қорғау және табиғи ортаның қалыптасып, сақталуы мақсатында ерекше қорғалатын табиғи аумақ «Ақ Жайық» мемлекеттік резерваты өз қызметін жүзеге асыруда. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс көлемінде де кеңінен атқарылып келеді» деді ол.
Сондай-ақ, басқарма басшысы Жайық-Каспий Орхус орталығының үйлестірушісі Шынар Ізтелеуова, «Солтүстік Каспий баспасөз клубы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Артур Шахназарян және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі сараптамалық зертхананың директоры Ғалия Үмбеталиеваға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан арнайы Алғыс хат табыстады.
«Дөңгелек үстел» басындағы экология тақырыбындағы шағын әңгіме соңында Жайық-Каспий Орхус орталығы волонтерлерінің қолымен ұйымдастырылған «Ескі заттардың екінші өмірі» тақырыбында шағын көрме өткізілді. Эколог мамандығы бойынша колледжде білім алған жастар қоқысқа тасталған заттардан күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар жасаған. Салтанат Табылдиева да – осы еріктілер тобынан. «Бұл жобаның маған берері мол болды. Әуелгі баста қолымызға ине ұстауды да білмеген біздер, ұйымдастырушымыз Шынар Орманбекқызының үйретуімен көп нәрсені меңгердік. Біздің бастамамыздың көмегімен өзге адамдар да қоқысқа заттарды лақтырмас бұрын олардан басқа да дүниелер жасауға болатынын ескерсе екен» дейді ол. Бұл сөзді қостаған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің дизайнер мамандығын меңгерген Индира Сәрсенова да волонтерлер тобының бұл бастамасының болашағы зор екеніне сенім білдірді.
Гүлжан ӘМІРОВА.
Суретті түсірген
Ә.ӘБІЛҒАЗИЕВ.