«НАРЫН ТАҢЫНДА» – ЖАҢА БАС РЕДАКТОР

Исатай аудандық «Нарын таңы» газеті редакциясының басшылығында кадрлық өзгеріс болды. Басқа жұмысқа ауысуына байланысты бұған дейін газеттің бас редакторы болған Бақытжан Жұмат қызметінен босатылып, оның орнына журналист Фархат Балғожиев тағайындалды.

Баспасөзге жазылу науқанына орай арнайы сапармен келген «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары – облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай Балмағамбетов бастаған топ алдымен аудан әкімі Тұрарбек Сұлтанбековтың қабылдауында болды. Одан әрі аудандық әкімдіктің бөлім басшылары қатысқан жиында және редакция ұжымына «Нарын таңы» газетінің жаңа бас редакторы таныстырылды.

– Бақытжан Жұматов «Нарын таңы» газетіне үш жылдай жетекшілік еткен кезінде жауапкершілікті жете сезінуімен, ұжымды ілкімді істерге ұйымдастыра білуімен ерекшеленді. Оған алдағы уақытта да тың шығармашылық жетістіктер тілейміз, – деді «Атырау-Ақпарат» ЖШС директорының орынбасары Исатай Балмағамбетов. – Бас редакторлыққа тағайындалып отырған Фархат Балғожиев та – жоғары білімді, түрлі басылымдарда қызмет атқарған маман. 

Айтса айтқандай-ақ, Фархат Мусаұлы еңбек жолын шопандықтан бастап, облыстық баспаханада қорғасын балқытушы, баспагер көмекшісі қызметтерін атқарған. Атырау мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген ол «Каспий-капитал», «Атырау» газеттерінде жұмыс жасап, соңғы уақытта жеке иеліктегі «Жайық толқыны» газетінің бас редакторы болған.

Жиында Исатай ауданы әкімінің орынбасары Мәди Өтеғалиев, «Атырау-Ақпарат» ЖШС заң және кадр бөлімінің басшысы Бақтыбай Есенбаев, аудандық білім, кәсіпкерлік бөлімдерінің басшылары Бақберген Қарабаев, Ақтолқын Ахметжанова, Аққыстау кентінің әкімі Мүтиғолла Насиханов және басқалар Б.Жұматқа газет редакциясына жетекшілік еткен кездегі қызметіне алғыс сезімін білдіріп, Ф.Балғожиевқа жаңа қызметінде сәттілік тіледі.

Журналистер сапары одан әрі облыстық «Атырау» газеті оқырмандарымен яғни, «Жайықмұнайгаз» басқармасы мұнайшыларымен жүздесуге ұласты. Бұл туралы газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.

Өз тілшіміз.  

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз