Жарнама
Қоғам

Берешекке белшеден батпас үшін не істеу керек?

Атырау облысында «AMANAT» партиясы жүзеге асырып жатқан «Қарызсыз қоғам» жобасы шеңберінде 6 мыңнан астам адам қаржылық сауаттылық жөнінде сертификат алды.

Аталған жобаның жылдық есебіне қатысты жасалған салыстырмалы талдау нәтижелері көрсеткендей, өңірімізде мойнында несиесі бар тұрғындардың үлес салмағы жергілікті халықтың 80%-ын құрайды. Соның ішінде төлем мерзімі асып кеткен жеке тұлғалардың саны оның 5,22%-ына тең екен.

30783468 25a4 425e b634 fde34e4ee817

Жас ерекшелігі бойынша қарасақ, борышкерлердің 72%-ын әйелдер құрайтыны белгілі болды. Себебі, осы санаттағылар негізінен отбасы бюджетін қалыптастырушылар, яғни «жанұялық қазынаны» ұстаушылар болып табылады.

«Қарызсыз қоғам» жобасының аймақтық жетекшісі Ақан Қайырғалиевтің айтуынша, қаржылық сауаттылық бойынша оқу курстарына қатысушылар негізінен 18–49 жас аралығындағылар. Себебі дәл осы жаста азаматтардың ақшаны ұстау мен пайдалануға қатысты дұрыс көзқарасы қалыптасып, жауапкершілік пен қызығушылық артады. Ең маңыздысы, ақшаны тиімді әрі мақсатты пайдалануға, кәсіпкерлік санасын дамытуға саналы көзқарас пайда болады.

2024 жылдың қорытындысы бойынша, Атырау қаласы мен жеті ауданда арнаулы курстарға 4169 әйел және 2086 ер адам тартылған. Жалпы саны 6255 тұрғынның 1433-і (22,91%) көпбалалы отбасылардан. Жылдық есеп нәтижесіне сәйкес, курстарға ауыл тұрғындары белсенді қатысқан (76,78%). Бұл қаржылық сауаттылық жағынан қолдау мен көмекке мұқтаж топ екенін көрсетеді.

Сарапшылардың деректеріне сүйенсек, курстарға қатысқандардың 4600-ге жуығының мойнында несиесі бар. Бұл барлық тыңдаушылардың 73,51%-ы. Олардың ішінде:

• Бір несиесі барлар – 41,22%;

• Екі несие алғандар – 23,31%;

• Үш және одан да көп несиелі болғандар – 8,81%;

• Төлем мерзімі 90 күннен асып кеткендер – 4,52%.

Бұл деректер тыңдаушылардың басым бөлігінің кіріс пен шығыс есебін тұрақты жүргізбейтінін, жеке және отбасылық бюджетті жоспарламайтынын, қаржылық жоспарының жоқтығын көрсетеді. Мұндай адамдарда «қауіпсіздік көбішігі» болмайды, олар депозиттің артықшылықтарын, негізгі қарыз бен несие бойынша артық төлемдерін толық түсіне бермейді. Осы себепті, кірісінен бірнеше есе көп шығынға ұшырап, үштен көп және мерзімі өткен несиесі бар борышкерлердің қатарына енеді.

Көптеген адам несиені тұрмыстық мақсаттарға – той жасау немесе тауар сатып алу үшін алады. Ал бір бөлігі кепілсіз тұтыну несиесін немесе пайызсыз несие рәсімдейді. Мұның бәрі борышкердің несие тарихына әсер етеді. Олар берешектерінің жалпы сомасынан бірнеше есе артық төлем жасайтынын түсінбей қалады.

Жоба барысында курстардан бөлек, жеке кеңестер де берілген. «Қарызсыз қоғам» қатысушылары enbek.kz порталына тіркеліп, жеке кәсіпкерлік ашуға, банкроттық процедураларынан өтуге, несиелерін өтеу кестесін қайта рәсімдеуге байланысты тегін кеңес алды.

Қорытындылай келе, бұл жоба тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру арқылы «қарызсыз қоғам» қалыптастыруға үлкен ықпал етеді. Сондай-ақ алаяқтық әрекеттерден сақтануға және азаматтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді.

Дәулетқали АРУЕВ

Сурет: gov.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button