
Береке тапқан бақытты шаңырақ
Ұлт пен ұлысқа бөлінбейтін кеңпейіл қазақ даласында ынтымақ пен достықты ту еткен тағдырлар аз емес. Солардың бірі – Қызылқоға ауданының Жамбыл ауылдық округіне қарасты Қаракөл ауылының тұрғыны Елена Ақсұлтанова қазақтың салтын бойына сіңіріп, елдің сүйікті келініне айналған. Бүгінде шаңырағын бақытқа бөлеп, отағасының амандығын тілеп, ұрпағын өсіріп отырған аяулы ана, қамқор келін Атырау қаласындағы Химиктер кентінде дүниеге келіпті.
Өзінің айтуынша бала күнінен қазақы ортада өскен. Әкесі Владимир – орыс, анасы Любовь – неміс ұлтынан. Арғы аталары күнкөріс қамымен Ресейден көшіп келген екен. Туып-өскен шағынауданда көршілерінің дені қазақтар болғандықтан солардың балаларымен бірге ойнап өсіп, қазақ тілін жатық меңгеріпті. Орыс мектебінде оқыса да, қазақ тілін үздік оқиды. Мектеп-интернатта білім алған соң, ІХ сынып бітіргеннен кейін №1 лицейге оқуға түсіп, есепші мамандығын меңгерген. Алайда, мамандығы бойынша жұмыс табыла қоймай, теміржол саласына жұмысқа орналасады. Бұл салада да түрлі жұмыстар атқарып, маңдай терін төгіп адал еңбек етті.
Өмірінің жаңа бетбұрысы болашақ жары Ерболат Ақсұлтановпен танысқан соң басталған. Бейтаныс нөмірден жазылған хабарламадан басталған таныстық уақыт өте келе жақын қарым-қатынасқа ұласады. Ерболат бірден ауылына хабар беріп, сүйіктісін туыстарымен таныстырғысы келіпті. Бастапқыда туыстары оны жылы қабылдай қоймағанымен, уақыт өте келе жүректері жылып, арада түсіністік орнаған. Бір-біріне бауыр басқан екі жас көп ұзамай шаңырақ көтеруге шешім қабылдайды. Елена сүйіктісінің сөзін жерге тастамай, ауылға барып тұруға бел буған. Қазақы салтпен шашу шашылып, басына ақ орамал тағылды, той-думан өтіп, ауылдың үлкен-кішісімен танысты.
– Ол кезде Агент Mail.ru бағдарламасы арқылы сөйлесуші едік қой. Жолдасыммен сол арқылы таныстым, қайсар мінезімен тәнті етті. Бүгінде он үш жылдан асқан отбасылық ғұмырымызда үш қыз өсіріп, әулет мерейін асырып келеміз, — дейді Елена Владимировна.
Келін болып түскенде қайынатасы өмірден озған, ал енесі Еленаны өзге ұлт деп бөтенсінбей, ауылдың тіршілігіне баулыпты. Қалада өскен қызға бастапқыда ауыл тірлігі таңсық көрінгенімен, еңбек пен ықыластың арқасында тез үйренеді. Сиыр сауып, қой бағуды, ішек-қарын аршып, қазы айналдыруды, құрт қайнатып, бауырсақ, шелпек, таба нан пісіруді үйренген. Түйе саууға аздап қиналғанымен, ауылдастары көмектесіп, үй ішінің барлық шаруасын тиянақты меңгеріп алыпты.
Бүгінде ауылға әбден сіңісіп кеткен ол ауыл мектебінде жұмыс істейтін Ерболат екеуі көп ағайынды отбасының берекесін сақтап келе жатыр. Ағайын-туыс, көрші-көлеммен жақсы араласып, бір-біріне қарайласып жүретін ауыл өмірі оған ерекше ұнайды екен.
– Ауылға алғаш келгенде қиындықтар болғаны рас. Бірақ көрші-көлем, абысын-ажын, тіпті енем де мені бар ықыласымен қолдап, үй шаруасын үйретті. Қазір ауыл қаладан кем емес, газ бар, су бар, дүкеннен де керектінің бәрін табуға болады. Бұрынғыдай пеш жақпаймыз. Таза ауа, балғын тамақ, ауыл өмірі ұнайды, — дейді ол.
Қазақы ауылға келін болғаннан бері Еленаның өмірінде есте қалатын ерекше сәттер де көп. Қазір ауыл тірлігінің қайнаған ортасында жүрген оның қалада тұратын өз бауырларымен де байланысы жақсы. Апасы тұрмыста, ағасының да өз отбасы бар.
Мереке қарсаңында ол ауылдас ағайынға, көршілері мен абысын-ажынға шынайы алғысын білдірген ол:
– Мені бөтенсінбей, өз қызындай қабылдаған енем мен абысындарыма, көршілерім мен достарыма шексіз ризамын. Егер адамның өзі ортаға бейім болса, алынбайтын асу, жеңбейтін қиындық жоқ. Тек тыныштық пен ақ ниет болуы керек, — дейді Елена жылы жымиып.
Шынында да қазақы салт-дәстүрді бойына сіңіріп, елмен етене араласқан нағыз қазақ келініне айналған оның бүгінгі тұрмыс жағдайы береке мен бірліктің, сыйластық пен сабырдың, ең бастысы – қазақ жеріндегі рухани кеңдіктің айқын көрінісі іспетті.
Алмас ҚАБДОЛ