Атырауда маса улауға арналған жаңа препарат қолданылады

dsc 0009 Жаңалықтар

Atr.kz/22 шілде, 2020 жыл. Қазіргі уақытта,  облыс орталығын жаппай улаудың жетінші сатысы жүргізілуде.

Мамандардың айтуынша, жылдан-жылға маса улау жұмыстары күрделене түскен. Өйткені, адам қанымен қоректенетін қансорғыш экологияның кез-келген жағдайына тез бейімделеді. Соның салдарынан, маса улауға арналған дәрілік заттарды үнемі өзгертіп отыруға тура келеді дейді мамандар.

Мәселен, соңғы 4-5 жыл бұрын масаны дәрілеуге «циперметрин», «солфак» секілді препараттар қолданылса,  қазір олар күшін жойған. Ал, 2018 жылдан бастап,  ресейлік өнім «Медилисципер» препараты пайдаланылды. Алайда, кейіннен бұл дәрілік зат та әсер етпеді. Өйткені, масалар улы заттарға әбден машықтанып алған. Сондықтанда, соңғы уақытта, жаңа «мистраль» препараты қолданысқа еніп жатыр.

– Бүгінде, жаңа препараттың экологиямызға әсерін зерттеп жатырмыз. Яғни, «Мистраль» дәрісінің күші жоғары. Әйтсе де,  көп көлемде қолдануға болмайды. Сол себепті, оның көлемін азайтып, тиісінше бұрын қолданыстағы «бомбей» препаратымен араластырдық. Соңғы аптада бұл дәрілік зат тәжірибеден оң нәтиже көрсетті. Қазіргі уақытта, жаппай улаудың 7-ші сатысында жүрміз, әлі 8,9,10-шы кезеңі бар.

Айта кетейік, масаны улау екі түрге бөлінеді. Біріншісі, дәріні түтіндету, екіншісі сумен араластырып буландыру. Қолданыстағы дәрілердің күші басым болғандықтан,  түтіндетіп улау экологияға қауіп тудырады. Сондықтанда, соңғы жылдары, су арқылы буландырып шашуды қолға алдық – дейді, биолог-энтомолог маман Айнагүл Дәулетиярова

– Сондай-ақ, мамандар соңғы жылдары масаны жоюдың табиғи жолы жоқ деп дабыл қағуда.Өйткені, масаны азық ететін бақа, инелік сынды жәндіктер жойылып барады. Соның салдарынан, қансорғыштиардың қатары жылдан-жылға көбейіп келеді екен.

Еске сала кетейік, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне қарасты «AG Disinfection services» мердігер мекемесі дезинсекциялық жұмыстарды наурыз айында бастады. Міне, содан бері бүгінге дейін 1188 көпқабатты тұрғын үйдің жер төлелері мен кіре берістері қансорғыштардан тазаланып келеді. Алдымен, масаны дәрілеудің бірінші сатысы бойынша ашық су айдындары залалсыздандырылды.

Айта кетейік,   ПИК қызмет етпейтін «иесіз» үйлерге   дезинсекция  жұмыстары сенбі-жексенбі күндері жүргізілсе, ПИК қызмет ететін тұрғын үй секторлары жұмыс күндері рет-ретімен уланады. Ал, жеке тұрғын үй секторлары, ауылдық округтер әр күн сайын, белгіленген кесте бойынша кешкісін залалсыздандырылады.  Сонымен қатар, мамандар әлеуметтік желілерде арнайы чаттар ашып, тұрғындармен үнемі байланыста болуды әдетке айналдырған.

«Атырау облыстық коммуникациялар қызметі»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз