ҚАМҚОРЛЫҚ АЯСЫ КЕҢИ ТҮСТІ

«Каспий құбыры консорциумы-Қ» акционерлік қоғамы – өңіріміздегі ірі кәсіпорындардың бірі. Аталған кәсіпорын басшылығы өздерінің тікелей міндеттерімен қоса облыстың әлеуметтік тыныс-тіршілігіне етене араласып, демеушілік және қайырымдылық көмектерін үнемі көрсетіп келеді. Осындай шараның бірі қаламыздағы Жапақ Қаражігітов атындағы №16 мектепте өтті. Іргесі қаланғанына 30 жылға жуық уақыт өткен бұл мектептің жамап-жасқар жерлері баршылық. Солардың ішінде спорт залдың еденінің ескіріп, әбден тозығы жеткендігі – оқушылардың дене тәрбиесімен толықтай айналысуларына үлкен қолбайлау болып жүретін.

Аталған кәсіпорын екі айдың ішінде 3 млн. теңге қаржы жұмсап, типтік еден салып, жаңа оқу жылы қарсаңында балаларға үлкен сый жасады. Мектептің дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Манап Қабдиев өз қуанышын бізбен былайша бөлісті: «Бұрын еденнің қалыңдығы 2.5 см болатын. Негізгі талап бойынша қалыңдық 7 см болуға тиісті. Міне, енді оқушылардың спортпен еркін айналысуларына мүмкіндік жасалып отыр. Бізде 40-тан астам бала волейбол, баскетболмен шұғылданады. Енді мини футбол ойнайтын да жағдай жасалды. Ризамыз, алғыстан басқа айтарымыз жоқ».
Консорциумның ҚР Үкіметпен байланыс жөніндегі бас директорының орынбасары Қанатбек Жумин мектеп әкімшілігін, оқушыларды құттықтап, алдағы уақытта да көмектерін беріп, жас ұрпақтың сапалы да саналы білім алуларына жағдай жасауға өз үлестерін қосатындықтарын жеткізді. Өз кезегінде мектеп директоры Светлана Исмағұлова да алғысын білдіріп, бұл кәсіпорынның бұл бірінші көмегі еместігін, бұған дейін мектептің ағылшын тілі кабинетіне екі интерактивті тақта алып бергендіктерін және мектеп төлелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізгендіктерін тілге тиек етті. Мердігер мекеме «Нұрманияз-Атырау» ЖШС-нің директоры Аян Сабетов 320 шаршы метрге жүргізілген бұл жұмыстың талапқа сай, сапасының жоғары екендігін де айтып өтті.
Бұдан кейін шара облыстық ауруханада жалғасты. Бұл жолы КТК-лықтар ауруханаға бағасы 12 млн. теңге тұратын американдық «Скальпель гармоник» деген ультрадыбысты аппаратты сыйлапты. «Американдық бұл аппаратты бүгінгі күні әлем медицинасы қолданып келеді. Негізінен, қан шығармай өт жолдарына, бауыр ісігіне, асқазан жарасы сияқты басқа да ауруларға ота жасауға арналған. Ерекшелігі сол, ота уақыты қысқартылды. Бұрын мұндай оталар кем дегенде төрт сағат жасалатын болса, қазір екі сағаттан астам уақытта аяқталады. Қан жоғалту 20-30 пайызды құрайды. Бұрынғы оталарға 1-1,5 литр қан керек болатын. Ең бастысы, ота орны еш асқынбай тез жазылады. «Салауатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында халық денсаулығына тек дәрігерлер ғана емес, барлық саланың жауапты екендігі де айтылған. Осы орайда акционерлік қоғамның бұл қамқорлықтарын өңір медицинасына беріліп отырған үлкен көмегі және аталған бағдарламаның орындалуына қосқан үлесі деп ойлаймын. Бұған дейін де «Фелипс» рентген-диагностикалық комплексін жөндеп, эндоскопиялық және лапароскопиялық аппараттар алып берген болатын. Өмірде ең қымбаттысы – адам өмірі. Сондықтан консорциум әкімшілігінің бұл көмектеріне өте ризамыз. Облыстық денсаулық сақтау саласына көрсетіп келе жатқан осындай қамқорлықтары үшін үлкен алғысымызды білдіреміз» – дейді облыстық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Марат Ербосынов.
Заманауи үлгіге сай жаңа технологиялардың толықтай дамыған тұсында мұндай қондырғыларға қол жеткізу мүмкіндігі жоқ өңірлер де бар. Осы орайда акционерлік қоғамның бұл игі ісі қалай десек те көңілге үлкен қуаныш ұялатады. Бұл аппаратты бүгінгі күні аймағымыздың тәжірибелі хирургтері Хайрекен Қадыров, Бауыржан Ахметқалиев, Сайын Шомыровтар еркін пайдаланып, іс нәтижесін көзбен көріп, қолмен ұстап, кәсіби тиімділігіне риза болуда. Бұған қоса аталған кәсіпорынның шалғай аудандарды да назардан тыс қалдырмай, алты жедел жәрдем машинасын, қаладағы кардиологиялық орталыққа бір, жедел жәрдем қызметіне төрт автокөлік бергендіктерін айтпай өтуге болмас.
«Біздің кәсіпорын екі жылдың ішінде өңірге 12 млн. АҚШ долларының көмегін көрсетіпті. Соның ішінде 1 млн. АҚШ доллары медициналық салаға жұмсалды. Бұның барлығы да адам үшін, адам өмірі үшін. Мұндай істер алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Жақында омыртқа ауруын емдейтін «Кинетрас» тракциондық столын алып береміз деп отырмыз. Бұл қондырғы да науқастардың қажетіне жарап, ауруларынан айығуына сеп болады деп есептейміз» деп өз ойымен бөлісті аталған консорциумның жұртшылықпен байланыс бөлімінің аға маманы Любовь Евстифеева.
Аймақтың экономикалық дамуына ғана емес, халықтың әлеуметтік тұрмыс-тіршілігіне де жете мән беріп, жақсы істің жанашыр ұйытқысы болып жүрген кәсіпорын басшылығына біз де дән ризамыз.

Ағиба МҰСТАЖАПҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз