БЕЛГІЛІ ҚАЛАМГЕР, ЗЕРТТЕУШІ ЖҰМАБЕК МҰҚАНОВ: «АРМАНЫМ – ТАРИХТЫҢ АҚТАҢДАҚТАРЫН АРШУ»
Үш би – үш тағдыр
Шараның ашылуында Шым-қаладан келген мейманды көпшілікке таныстырған ҚР Жазушылар Одағы Атырау облыстық филиалының директоры Қойшығұл Жылқышиев Жұмабек Сейілханұлына сөз кезегін ұсынды.
«Қазір Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында үлкен ойлар мен толғаныстардың жетегінде жүрген жайымыз бар. Себебі, мұндай ірі тарихи іс-шара елімізде тұңғыш рет өткізілуде. Жақында Қытайға барған сапарында Елбасы «біздің замандастарымыз өзінің тарихын білмей өсті» деген пікір айтты. Расында да уақыт өтіп, жасымыз ұлғай-ған сайын өзіміздің төл тарихымызды қаншалықты аз біле-тіндігіміз күнделікті алдымыздан шығып отырады. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қазір билік және қоғамдық орындар, сондай-ақ бүкіл ел болып мерейтойға жұмыла атсалысып жатырмыз. Бұл – жас ұрпақты тәрбиелеудегі қажетті шаралардың бірі» деп сөз бастады Жұмабек Сейілханұлы. Ол одан әрі қазақтың тағдырлы тұлғаларының бірі – Әйтеке би жөніндегі зерттеулері туралы әңгімеледі.
Ж.Мұқанов 1955 жылы Өзбекстанның Самарқанд қаласында дүниеге келген. Бұл – Жалаңтөс баһадүр қырық жыл әмірлік жасаған, Ұлықбек кесенесі, Шердор және Тіллә – Кәрі медреселері бар, Регистан атты ортағасырлық архитектуралық кешенімен әлемге әйгілі өлке.
«Бертін келе Оңтүстік Қазақстанның Шардара қаласында тұрдық. Сонда отыз бес жылдай аудандық газетте бас редактор болып жұмыс істедім. 1995-1997 жылдары екі жылдай Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінде қызмет істеудің сәті түсті. Ол кезде Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Нәжімеден Есқалиев есімді азамат болатын. Сол кісімен Төле би туралы көп әңгімелестік» — деген ол қазақтың атақты үш биі туралы былайша ой қорытады:
«Ташкентте Өзбекстанның көп оқымыстыларымен кездесіп жүрдік. Олардың қолында Төле би, Қазбек би туралы орыстың, қытайдың жазбалары бар. Сұрасаң – құнды деректермен сөйлейді. Ал, Әйтеке би туралы ұрпақтан — ұрпаққа жетіп келе жатқан аңыз әңгімелерден басқа ешнәрсе жоқ. Мұның себебі неде? Мен журналистикада оқып жүрген студент кезімнен бастап осы сұраққа жауап іздей бастадым. Қарап отырсам, Төле биде арман жоқ екен. Себебі, мәңгілік мекені – Ташкенттің қақ ортасында. Өзбекстан – қазаққа жат жер емес. Ол жерде қазақтар көп тұрады. Қазақстаннан барып, «Төле бидің рухына зиярат етемін» десеңіз, барлық уақытта жол ашық. Ал, Қазбек би Баянауылда қыс кезінде қайтыс болған. Өзі «Мені Хан ордасы Түркістанға апарып жерлеңдер» деген өсиет айтқан соң, күн жылынғанша сүйегін жерге тапсырмай, Баянауылда сақтаған. Күн жылынған соң айшылық жерден ат арбамен әкеліп, Түркістанға жерлеген. Яғни, Қазбек бидің де арманы жоқ. Ал, Әйтеке бидің нақты туған, өлген жылы және қайда жерленгені белгісіз. Бұл – тарихи тұлғаның үлкен қасіреті»,-дейді ол.
Дала данышпандарының саясаты
Бес жасар Жұмабекті атасы Мұқан «Біз енді Қазақстанға көшеміз. Әйтекеңнің басына барып, құран оқып кетейік» деп оны бабалардың басына апарады. Сонда Әйтекенің бабасы Сейітқұл әулиенің төрт құлақты тамы құлайын деп тұрған екен. Содан басқа ешнәрсе жоқ. Далиған жазық дала. Бұл – Навои облысының Нұр Ата деген аудан орталығы. Ол кезде бұл жерде Әйтекенің күмбезі де, құлпытасы да жоқ. «Бабасы Сейітқұлдың аяқ жағына жерленген» деген аңыз ғана бар.
2003 жылы Жұмабек Мұқанов Әйтеке би атындағы республикалық қоғамдық қор құруға атсалысады. Оның бастаушысы – Әйтеке бидің тікелей ұрпағы болып келетін кәсіпкер азамат. Сөйтіп, қор құрылған соң Әйтеке бидің басына көптеген ғылыми экспедициялар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, мұрағаттардан Өзбекстан ғалымдары арқылы Әйтеке биге қатысты деректерді іздестіреді. Бір айта кетерлігі, Әйтеке би туралы Қазақстан мұрағаттарында бір жапырақ қағаз жоқ. Ал, Өзбекстандағы құжаттарға тіс батпады. Ол кездегі құжаттардың барлығы араб әрпімен жазылған. Парсы тілінде оқылады. Оған екі тілдің маманы болу керек. Осындай тілдік кедергіге байланысты зерттеу жұмыстары сірескен күйі осы күнге дейін міз бақпай жатыр. Мәскеу мен Санкт-Петербург мұрағатына да іздеу салынды. Бірақ, ол жерді қазбалап жүрген ешкім жоқ. Сонымен, Әйтеке би туралы тұшымды деректер табылмады.
«Әйтеке бидің қазақ мемлекетін қалыптастырып, қазақ хандығының мәртебесі мен күш – қуатын арттырудағы, әсіресе қазақтың ішкі ынтымақ-бірлігін сақтаудағы еңбегі зор.
Тәукені хан сайлағанда қазақ тарихында бірінші рет билер кеңесі құрылады. Билер кеңесінде әз Тәуке төбе билікке Әйтеке биді ұсынған. Біріншіден, жасы үлкен болған. Жасынан араб, парсы тілдеріне жетік болады. Самарқандтағы Ұлықбек медресесінде оқыған. Білімі терең. Яғни, Төле би мен Қазбек би дала данышпандары болса, Әйтеке Самарқанд мемлекетіндегі бүкіл білім, ғылым, руханият қазыналарын бойына сіңірген үлкен тұлға болған. Өзін төбе билікке ұсынған кезде Әйтеке би «Біз қазақтан би сайламайық. Діні бір, тілі жақын бауырлас халықтарды қазақтың айналасына топтастырайық та, төбе билікке Қарақалпақтың Сасық биін сайлайық» дейді. Бұл – үлкен оқиға. Әйтеке бидің сол кездегі арманы – қазақ халқының айналасына басқа ұлттарды біріктіріп, қазақтың шоғырын көбейтіп, күш-қуатын нығайтуды мақсат тұтқан.
Сасық би қайтыс болғаннан кейін Әз Тәуке тағы да Әйтекені төбе билікке сайламақ болады. Сонда Әйтеке «Төле би жас та болса бас болып, төбе би болмаса, қазақ ынтымақ-бірлігінен айырылады» деген екен. Оның бұл шешімі ұлт басын біріктірудегі көрегендігі болса керек» дейді Жұмабек Мұқанов.
Атақоныс – Жылыой жері
Кездесу барысында тарихты толғаған салиқалы әңгімеден соң әнге кезек берілді. Атыраулық әнші-сазгер, ҚР Мәдениет қайраткері Елемес Мағазов «Бабалар жолы» және «Қазақтың жігіттері-ай» деген патриоттық рухтағы әндерді нақышына келтіре орындады.
Әннен соң оқырман сұрақтарына кезек берілді. Олардың тарапынан «бірер өлең оқып берсеңіз» деген де өтініш жасалды. Жұмабек Сейілханұлы алдымен көңілінде ескірмес естелік боп сақталған бір оқиғаны айтып берді.
Өзбекстанның Жиззақ облысындағы Мырзашөл ауданында тұрған кездері екен. 1966 жылы түн ортасында үйлеріне бір топ ақын келген. Олардың арасында Төлеген Айбергенов те бар еді. Сол күні ақын өз өлеңінен гөрі Абылдың, Қашағанның жырларын айтып отырады. Сол кезде бірінші рет тірі ақынды көрген еді. Бұл кездесуден кейін екі жылдан соң «Лениншіл жас» газетіне оның бір топ өлеңдері шығады. Сол кезден бастап Төлеген ақынның өлеңдерін оқып, қанаттанып өседі.
Кейіпкеріміз Төлеген Айбергеновтың Мұхтар Шахановқа арнаған «Сағыныш» деген өлеңін жатқа айтып берді. Содан соң өзінің сырға толы «Ташкент түні» деген өлеңіне кезек берді. Сондай-ақ, кездесу кезінде ол кісіге «Атажұртыңыз Атырау топырағы екенін айттыңыз. Енді өсіп-өнген оңтүстік өңірі туралы айтып өтсеңіз» деген сұрақ та жолданды.
Иә, 1929-1931 жылдардағы қазақтың бастан кешкен ашаршылық кезеңін еске алудың өзі ауыр. Сол жылдарда осы төңіректен мыңдаған әулет ұрпағын аман сақтап қалу үшін бас сауғалап, Орта Азияға қарай тарыдай шашырады. Бірсыпырасы басы ауған жаққа кетті.
«Жан еді өлең үшін дара туған» деп аталатын естеліктер кітабында Салтанат Айбергенованың әкесі Төлеген туралы жазғандары бар. Сонда Төлегеннің әкесі Айберген Ақтөбенің Табын ауданынан Жылыойдың үстімен Қарақалпаққа қарай көшкен кездегі бастан өткерген қиындықтарын мөлдіретіп айтып берген. Атасының бұл әңгімесін Салтанат кітапқа түсірген. Біздің әулетіміздің де басынан осындай жағдай орын алған. Жылыойдың аймағында «Қырық мылтық» деген кеніш бар. Бұрын бабаларымыз сол жерде өмір сүрген. Елден көшкенде әкем іште болып, 1932 жылы Бұхарада туған» дейді Ж. Мұқан.
«1954 жылы тың игеру басталған кез. Жұмабек Тәшенов деген азамат 1955 жылдан 1960 жылға дейін Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы болды. Ал, 1960 жылы Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы болып тағайындалады. Ж.Тәшенов сол кездегі Н. Хрущевтің Қазақстанның Солтүстіктегі бес облысын – Ресейге, Маңғыстауды – Түркіменстанға, оңтүстік облысының қос ауданын – Өзбекстанға бермек болған қиянатына қарсы шыққан кісі. Бұл жөнінде Д. Қонаевтың жазбаларында да бар. Сол кісі бір жыл үкімет басқарған кезде «Орта Азиядағы қазақтардың бәрін Оңтүстік Қазақстанға көшіріп алу керек» деген қаулы қабылдатқан. Көп ұзамай 1959 жылдан бастап Орта Азия республикаларынан мыңдаған отбасы еліміздің Оңтүстік Қазақстан облысына қоныс аударады.
Қазақта Бақытжан Қаратаев деген белгілі тұлға болған. Ол кісі 1860 жылы туған. Санкт-Петербургтің заң университетін алтын медалмен бітірген. Орынборда Қазақ АССР-інің заң комиссары болған. Қартайған шағында Ақ-төбеге келіп, Ф. Голощекинге қарсы шыққан қазақтың тұлғаларына адвокаттық қызмет жасаған. Бірақ, ол қызмет қолынан келмегеннен кейін осы аймақтың нәубетке ұшыраған азаматтарын «Сіздер Оңтүстік Қазақстанға көшіңіздер. Ол жақ тыныш» деп Оңтүстік Қазақстанның басшыларымен сөйлесіп, 1928 жылы оңтүстіктің Мақтарал ауданына Ақтөбе, Атырау, оның ішінде Жылыой аймағынан мыңдаған отбасыларды көшіруге атсалысады. Міне, Батыс Қазақстан тұрғындарының оңтүстікке қоныс аударуының осындай тарихи оқиғалары бар. Қазір Оңтүстік құтты мекенімізге айналды. Сол жақта өсіп-өніп ғұмыр кешіп келеміз» дейді Жұмабек Сейілханұлы.
Ж.Мұқановтың атакүлдігі – Жылыой жері. Бүгінде Жылыой мен Бейнеудің аралығынан бабаларының кесенелері мен құлпытастары табылып жатыр. Қазіргі Жылыой және Қызылқоға, бер жағында Байғанин ауданы, арғы жағы Бейнеу… Тумыш деген төртінші атасы осы жерлерде Орынбор генерал-губернаторының бұйрығымен тоғыз жыл әкім болған. Сол кісінің Орынбор генерал-губернаторына жазған рапорттары мен басқан мөрі табылды. «Қырық мылтық» деген кеніш бабасы Тумыштың ауылы болған. Бұл – Қазақстандағы тұңғыш жекешелендірілген мұнай кеніші.
Бопай ханымның жеке мөрі болған
Жұмабек Мұқан оқырман сұрағына орай Бопай ханым туралы да біраз мәліметтер айтты.
«Мемлекет қайраткері, саясаткер, мәмлегер ретінде Бопай ханым соңғы үш ғасырда үлкен көшті бастап тұр. Бопайға дейінгі және кейінгі хандардың жұбайлары оның дәрежесіне көтеріле алған жоқ. Бопай ханым туралы біздің әдебиетімізде біраз жазылған. Бірақ, қайраткерлік, саясаткерлік, дипломатиялық тұлғасы әлі толық ашылған жоқ. Орынбордағы, Мәскеудегі және Санкт-Петербургтегі құжаттарда ол кісі туралы өте құнды деректер бар. Мәселен, оның Орынбордың генерал-губернаторы И.Неплюевпен арадағы жазысқан хаттарын айтуға болады.
Сондай-ақ, ол кісінің Елизавета патшайымға жазған хаттары да сақтаулы. Олардың бір-бірімен алмасқан сыйлықтары да жетерлік. Бопай ханым – Әбілхайыр хан қаза болғаннан кейін де Кіші жүздің басшысы, билеушісі болған. Былайша айтқанда, Кіші жүз бен орыс қарым-қатынастары арасында дипломатиялық қызметтер атқарған»,-дейді ол.
Жұмабек Мұқанов жазушы Әбіш Кекілбаев екеуі 2013 жылы «Бопай ханым Орынбор облысының Елек ауданындағы Бопай сайы деген жерде жерленген» деген мәліметті оқып, сол мекенді барып көреді.
Бопай – Жайықтың қызы. Ол кісінің басында ешқандай белгі жоқ болып шықты. Бұл аймақта әскери полигон орналасқандықтан ол жерге белгі салдыра ма, салдырмай ма, бұл жағы тағы белгісіз. Әскери жаттығулар болып жатқан кезде бұл жерге бөгде адамдарды кіргізбейді.
Қазір ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың алғысөзімен Астанадан «Ханымдар мен арулар» деген кітап шығып жатыр. Сол кітапқа Ж.Мұқановтың «Бопай ханым» деген зерттеу еңбегі енді.
«Бопай ханым туралы білгенімізден білмейтініміз көп. Орынбордың генерал-губернаторы И.Неплюев пен Әбілхайырдың арасы онша жақсы болмаса керек. Себебі, Әбілхайыр – орысқа қосылдық дегенмен, Неплюевтің айтқанына көнбеген адам. «Сол екеуінің арасын бітістірсем елге жақсы болады» деген оймен Бопай ханым Неплюевке «маған әтір, опа-далаптар керек. Соны маған жіберіңізші» деген мәтінде хат жазады.
Нұралы ханның патшаға, губернаторға жазған хаттарында Бопай ханымның мөрі басылған қолы болмаса, Нұралының сөздеріне сенбейтіндей жағдайлар болыпты. Яғни, сол кезде Бопай ханымның жеке мөрі болған. Бұл оның мемлекет ісіне араласқанын білдіреді» деп ой түйеді Ж.Мұқанов.
Осы тақырыпты терең зерттеп жүрген Жұмабек Сейілханұлы Бопай ханым еңбегіне тарихи баға беру және оның есімін мәңгілік есте қалдыру шараларын қолға алу жөнінде Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне хат жолдауды ойға алып отырғанын да жеткізді.
Тарихымыз қалың болғанмен, оқулығымыз жұп-жұқа
Төл тарихымызды бір кісідей жатқа білетін зерделі азамат Жұмабек Мұқановпен кездесуді облыстық мәдениет, құжаттама және мұрағаттар басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиев қорытындылады. Ол қонаққа Атырау өңіріне қатысты бірқатар кітаптарды сыйға тартты.
Кездесуден соң бізбен ой бөліскен ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қойшығұл Жылқышиев: «Біз Жұмабек Мұқановпен сонау тоқсаныншы жылдардың басынан бері таныспыз. Ол – көп жылдар бойы басылымда бас редактор болып, өзінің журналистік қарымын танытқан, аса шыншыл, терең зерттеуші. Оның жазғандарынан және айтқандарынан нақтылықты анық байқаймыз. Былайша айтқанда, бекер сөйлемейтін қазақ. Сонымен қатар, ол – Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, үлкен ақын. Атырауға келген себебі, оның негізгі атакүлдігі – «Қырық мылтық» дейтін мекен. Осы өңірдің азаматы болғаннан кейін өзінің туған елінің тарихын, өмірден өткен ата-бабаларын зерттеп жүр.
Жұмабек – Әйтеке биді зерттеуге үлкен күш салған адам. Сонымен бірге, біздің жерлесіміз Бопай ханым туралы, тағы да басқа ұлы адамдар жөнінде ірі зерт-теулермен айналысып жүр. Бұл кісіні марқұм Фариза апамыз қатты құрметтеген. Сыйлас болған. Бүгінгі Әбіш ағамыздың жақсы інілерінің бірі. Үлкен кісілер тегін адамды құрметтемейді деп ойлаймын. Қорыта айтқанда, айтары бар адам. Бүгінгі кездесуде тарихи-танымдық, ақпараттық әңгімелер айтылды» деп жүрекжарды лебізін білдірді.
Иә, ұрпақ парызын арқалаған оның Самарқандтан басталған тарихты зерттеу сапары атамекенде жалғасын тапты. Қадамы әудем жерге ұзаған сайын екі иыққа ілген жауапкершілік жүгі де ауырлай түскендей. Өйткені, Қадыр ақын айтқандай, тарихымыз қалың болғанмен, оқулығымыз жұп-жұқа.
Төбесіне тәуелсіздіктің туын тіккен егемен қазақтың өткені мен келешегін таразылайтын кезі келді. Осындай шақта қара бастың қамымен шектелмей, қазақтың жоғын жоқтап, тарихын түгендеген Жұмабек Мұқановтай тұлғалар қатары көп болғай!..
Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.