Белгілі батырдың беймәлім тұсы
Кеңес Одағының Батыры Боран Нысанбаевтың ерлігін біреу білер, біреу білмес. Сондықтан атамның майданда жасаған ерлігіне қатысты анықталған жайларды басылым бетінде жариялап, газет оқырмандарына жеткізгім келеді. 1943 жылдың 6-шы ақпанында Боран Нысанбаев Орел облысының Покровск ауданына қарасты Лески деревнясын фашист басқыншыларынан азат ету шайқасында оққа ұшып, ерлікпен қаза тапты. Сол ерлігі үшін ол Кеңес Одағының Батыры атағына ие болды.
Бір өкініштісі, құжатта атамыздың аты-жөні қате түсіп, «Исимбаев Буран» деп жазылған.
Бұл туралы әскери марапат бетшесінде (наградной лист) былай баяндалған. «06.02.1943 ж. 137-ші атқыштар дивизиясының 771-ші атқыштар полкінің 1-ші батальоны Орел облысы, Покровск ауданы, Лески деревнясына шабуыл жасады. 40 минуттық артиллерия дайындығынан кейін, сағат таңертеңгі 10-да батальон Лески деревнясын 2 рет сәтсіз шабуылдап, шығынға ұшырай отырып, бастапқы орнына қайтуға мәжбүр болды. Батальонның алға басуына, фашистердің мықты ДЗОТ бекінісіне айналдырылған, деревняның ортасындағы тас үйде орналасқан пулеметтерден толассыз бораған оқ кедергі болды.
Исимбаев Буран өз командирінен ДЗОТ-ты барып жаруға рұхсат сұрады. Командир рұхсат берді. Исимбаев жаңбырша жауған пулемет оғының астымен екі рет ДЗОТ-қа еңбектеп барып, граната лақтырып, пулемет үнін өшіре алмады. Үшінші рет комсомол Исимбаев өз өмірін қию арқылы, жаяу әскердің алға жылжуына жол ашуға шешім қабылдады. Ол өз денесін гранаталармен айналдыра байлап, қолына танкіге қарсы екі граната алып, себелеген пулемет оғының астымен ДЗОТ-тың есігіне дейін жорғалап барып, ішіне атылды. ДЗОТ-тағы орасан жарылыс шабуылға көтерілуге деген белгі болды. Нәтижесінде батальон шабуылға шығып, Лески деревнясын азат етті және әрі қарай шабуылын сәтті жалғастырды. Жарылған ДЗОТ-тың ішінен жауынгерлеріміз 28 неміс солдаты мен офицерінің денесін санады. Осы жерде комсомол Исимбаев Буранның да денесі табылды.
Исимбаев Буран өз Отанын жанымен сүйді. Оны неміс басқыншыларынан азат ету жолында өз өмірін құрбан етті. Исимбаевтың ерлігі оны «Кеңес Одағының батыры» атағына (өлгеннен кейін) ұсынуға лайықты.
771-ші атқыштар полкінің командирі, подполковник – Гордиенко.
Қаршадай жігіттің рухының күштілігін қараңыз!
Боран Нысанбаевтың марапат құжаттарында «Наградной лист» екеу.
Біріншісі, 07.04.1943 жылы толтырылған. Полк командирі Гордиенко Боранды Кеңес Одағының Батыры атағына лайықты деп тапса да, 48-ші армияның қолбасшысы генерал Романенко марапат бетшесіне: «Орденом «Отечественной войны» І-й ст. Описать подвиг для родных и районных организаций, в армейскую газету» деген бұрыштама жазады. Сөйтіп, Боран 48-ші армияның 19.04.1943-ші жылғы №26/Н бұйрығы бойынша I дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталады (өлгесін).
Ерлігі армиялық газетте жария болғасын, майдан штабы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынуды талап етіп, 14.05.1943 жылы екінші рет «Наградной лист» толтырылады. СССР Жоғары кеңесі Президиумының 1943-ші жылдың 23-ші қыркүйегіндегі Жарлығымен Боранға «Кеңес Одағының Батыры» атағы беріледі (өлгеннен кейін). Сөйтіп, Боран бір ерлігі үшін екі рет марапатталады.
Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында Нысанбаевты «екінші Матросов», «Александр Матросовтың ерлігін қайталаған» деп қателеседі. Шындығында, Нысанбаев ерлігін 1943 жылдың 6-ақпанында жасаса, Матросов сол жылдың 27-ші ақпанында жасаған. Матросов ДЗОТ амбразурасын кеудесімен жауып қаза болса, Нысанбаев ДЗОТ-тың ішіне еніп, өзін жарып, қаза тапқан. Соғыс тарихында бұрын-соңды мұндай ерлік болды ма, жоқ па білмей-мін, бірақ Боран атамыздың ерлігін «Нысанбаев Ерлігі» деп атаса да болар еді. Елдің атын ер шығарады, сол ұлының атын елі ұмытпауы керек.
Архивтегі ақтаңдақтар
Арыстанов Нысанбайдың 1918-ші жылғы Боран атты ұлы Испул әскери комиссариаты арқылы 1942 жылдың қаңтар айының басында Ұлы Отан соғысына аттанып, содан қайтпайды. 1960-шы жылдары Батыр Боран Нысанбаев туралы елге хабар келгенде, Боранның Әлтекен атты інісі ағасын танып, әскери комиссариатқа іздеп барады. Ол жақтан: «Батыр атағы басқа адамға берілді. Енді оны іздемеңдер» дегенді естіп келеді. Содан іздеу тоқтатылған. Соғысқа кетіп оралмаған Нысанбаев Боран атамызды іздеу салғанымыз өткен мақаладан белгілі. Сол жолы қазіргі Батыр деп жүрген Мастеков Нысанбайдың баласына Батыр атағы қате берілгені архивтерден алынған құжаттарға сүйеніп жазылған болатын.
Содан бергі іздеу қорытындылары алдарыңызда. Бұл құжаттар да алдыңғы жазғанымды дәлелдей түседі.
ЦАМО-дан келген 17.10.2023 жылғы №8/17048 жауап хатта 771-полктің минометшісі Нисанбаев Буран 1918 жылы туған, туған жері – Горевская обл, Исвутский р-н, Ханбатыр с/с. (Гурьевскаяны- Горевская, Испульскийді — Исвутский, Қаңбақтыны қателесіп Ханбатыр деген. Қолмен жазылған құжаттар үшін бұл таңқалатын нәрсе емес.) 16.02.1943 ж. күнгі шайқаста сол құлағының жұмсақ етіне снаряд жарықшағы тиіп, жарақаттанып, 27.02-02.03.1943 ж. аралығында №1145 эвакуациялық госпитальда емделген. Әрі қарай оның бірнеше полкке ауысып, 336-ші атқыштар дивизиясының 1130-ші атқыштар полкінің құрамында 14.12.1943-шы жылы Житомир облысы Малин ауданы Федоров селосында қаза болғандығы жазылады.
Бұл құжатқа сүйенсек, Қаңбақтының тумасы Боран, яғни Мастеков Нысанбайдың баласы, 16.02.1943 жылы жарақат алып, госпитальда емделген. Ал, Батыр Боран 06.02.1943 жылы қаза болды.
14.07.2023 ж. № 11/14054 ЦАМО-ның хатында «137 атқыштар дивизиясы 771 полкінің жауынгері Исенбаев Буран – үйленбеген, әкесі Мастаков Кусанба (Мастеков Нысанбай болуы керек) 06.02.1943 жылы ранен (жарақаттанған) Шалимово деревнясы» деп жазылған, «ранен» деген сөз сызылып тасталып, үстінен убит «қаза болған» деп түзетілген құжат-хат алдық. Мұрағат құжатын кім, қашан түзеткені белгісіз, әрине.
Жоғарыдағы құжатқа сүйенсек, Мастеков Нысанбайдың баласы 16.02.43 ж. жарақаттанған. Түзетуден кейін ол 06.02.1943 жылы қаза болған болып шығады. 06.02.1943 жыл, яғни, батыр Боранның ерлікпен қаза тапқан күні. «Түзетудің себебі не? Әлде Батыр Боран мен екеуін бір адам қылып көрсету ме? Не себептен архивтерде нағыз Батырдың құжаттары жоқ? Қалай Мастеков Нысанбайдың баласы Батыр атанды, кездейсоқ қателік пе, әлде әдейілік пе?» деген сансыз сұрақтарға осы жерде жауап бар деп ойлаймын. Әрине, Мастековтің де, тарихшылардың да бұл іске түк қатысы жоқ екені түсінікті.
Орел облыстық әскери комиссариатына Батыр Боран Нысанбаевтың жерленген жері туралы хатымызға берген жауабы да күтпеген оқиға болды. Осы күнге дейін Батыр Боран Нысанбаев Орел облысы, Покровск ауданы, Дросково селосында жерленген деген ақпарат қате болып шықты. Өзімізге де ол жерде жерленгені күмән туғызған еді. Өйткені, ол жерде де Лески деревнясы болғанымен ол аумақ 1928-1963 жыл аралығында Дросково ауданы атанған. Бертін келе, Дросково ауданы таратылып, 1965 жылы жері Покровск ауданына берілген. Яғни, 1943 жылы ол аумақ – Лески деревнясы Дросково ауданы аталатын. Боран сол жерде қаза болса, «Наградной листта» Лески деревнясы Дросково ауданы деп жазылуы керек еді. Батыр Боран құжат бойынша 1943 жылы Лески деревнясы, Покровск ауданында қаза тапқан. Олай болса, батырдың Дросковода жерленуі мүмкін емес еді. Сол күмәніміз расталды. Батыр ол жерде жерленбеген болып шықты, қабірге қойған белгі де қалай қойылғаны белгісіз. Бұл жағдайдың өзі де Боранның ерлігі дұрыс зерттелмегенін көрсетеді.
Лескилік қарияның аманаты
Орел облысының әскери комиссариаты Боран Нысанбаевтың нақты жерленген жері туралы ақпаратты іздеуші МПО «Огненная дуга» мекемесінің басшысы Н.А.Андреевтен білуге болатынын хабарлады. Ол кісімен хабарласқанымызда білгеніміз мынау болды.
2019 жылы жазда елсіз қалған Лески деревнясында (Колпа мен Покровск аудандарының шекарасында) қазба жұмыстары басталады. Оған себепші болған оқиға мынандай. Сол жердің тұрғыны қарт әжей кенеттен немересі мен күйеу баласынан елсіз қалған Лески деревнясына апаруды қояр да қоймай сұрайды. Ол жерге барғасын бір төбешікті көрсетіп, сол жерге ауылдастары соғыс кезінде қаза болған совет жауынгерлерін жерлегенін айтады және осы жерді іздеушілерге қалай да көрсетулерін аманаттайды. Қария сол оқиғадан бірнеше күн өткеннен кейін қайтыс болады.
Немересі аманатын орындап, іздеушілерге хабар береді. 2019 жылдың жазында қазба жұмыстары басталып, сол жерден 232 совет жауынгерінің мүрдесі табылады. Солардың арасынан Батыр Боранның денесін граната жарылысынан сау тамтығы қалмаған белгісінен таниды. Бұл туралы 07.05.2021 ж. Орел облысының «Комсомольская правда» газетінде «Показала братскую могилу и умерла: как в Орловской области нашли место захоронения Героя СССР Бурана Нсанбаева» атты мақала да жазылған. Мақаламен сайттан оқып танысуға болады.
Н.А.Андреевпен хабарласқанымда: «Боранның денесін көтергенде, оны граната жарылысынан қалған іздерінен бірден таныдық, монголоид, бет сүйегі, қысқа қара шашы, шинельсіз. Соған қарағанда, ДЗОТ-қа жеңіл кеткен. Боран бет жағында жатты. Бұл шұңқырға соңғы жағынан әкелінген» деді. «Біз Боран Нысанбаев атты 1918 жылы туған, 1942-ншінің қысында Испул РВК-сынан соғысқа аттанып, қайтпай қалған атамызды іздеп жүрміз. Батыр Боранды өзіміздің атамыз деп санаймыз, ДНК сараптама жасатқымыз келеді» дедім. Менің хабарласқаныма қатты қуанды. «Ерлік жасалғанына еш күмән болған жоқ. Бірақ кім жасады?» деген сұрақ тұрды. Архивте Батырға қатысты «Наградной листіден» басқа еш құжат табылмады. Тек сол құжатқа сүйеніп қана Батыр Боран екенін білдік. Табылған жауынгерлер Никольск деревнясына жерленді» деді.
Н.А.Андреев Боран атамыздың фотосын (сүйектерін) жіберген. Өмірде бәрі ақыл-ойға тәуелді емес, ақылмен түсіндіруге келе бермейтін сезімдер болады. Алдамайтын, ақиқат сезімдер. Ол фотоларды көргенде мен атамызды түйсікпен таныдым. Сондай ыстық сезім болды. Дәл сол кезде маған ол – батыр ма, батыр емес пе, ерлік жасады ма, жоқ па, оның еш маңызы болған жоқ. Өзімнің туған адамымды, Атамды таптым. Табылды! Шүкір Аллаға.
Бәріміздің де мойнымызда түрлі аманат бар деп ойлаймын. Бірінші өз алдыңда, сосын отбасыңның, сосын халқыңның алдында адал адам болу. Лескиден бізге жеткен аманат та соны еске салғандай.
Гүлзада ӘБІЛДАЕВА,
Атырау қаласы