Жарнама
Қоғам

«БЕКІРЕ – 2015»: БИЫЛҒЫ АКЦИЯ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

Облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Мұрат Ермекқалиевтің айтуынша, биылғы балық қорғау шарасы кезінде ауқымды жұмыстар жүрді. Барлық жауапты орындардың бірлескен қызметінің оңды нәтижесі де бар.

— Акция өткен екі айда құқық қорғау және табиғат қорғау орындары табиғат қорғау заңнамасы бұзылуының 1048 дерегін анықтады. Оның 178-і өрескел түрде бұзылған жағдай. Сонымен қатар, заңсыз балық аулаған және тасымалдаған 842 және 84, кеме жүру режимін бұзған 13 фактісі анықталды, — деді Мұрат Шыманғалиұлы.

Биылғы акцияның басты ерекшелігі, жұмыстың жүйе-лігі, оның ұтымды ұйымдастырылуында деуге болады. Науқан барысында заңсыздықтың алдын алуға ерекше маңыз берілді, ақпарат құралдарымен байланыс нығайды. Соның нәтижесі шығар, жылда «балық барымташыларымен» аты шығатын Жанбай, Забурын секілді ауылдарда биыл жаппай заңсыз балық аулаған жағдай кездеспеді. Оған бұл аймақты әуеден бақылау кезінде де анық көз жетті.

Соған қарамастан, табиғат ырыздығына тағылықпен қол салғандар бәрібір табылуда. «Бекіре – 2015» акциясы кезінде әкімшілік жауапкершілікке 834 адам тартылса, қозғалған барлық қылмыстық істің саны 144-ті құрайды. Нәтижесінде, 32 адам сот алдында жауап беруге мәжбүр болды. «Табиғат заңдылығын бұзушылардан 33 тонна балық, оның ішінде 3 тоннадан астам бекіре тұқымдас, 20 келі уылдырық, 1200 дана аулау және 185 жүзу құралы алынды» дейді облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының өкілі Олег Тушканов.

Балық қорғаушылар жетістіктермен қатар, кемшін тұстарға да маңыз берді. Мәселен, базарларда Қытайдың ауын саудалауға тыйым салынбауда. Мұның соңы табиғатқа үлкен кеселін тигізіп жатырған көрінеді. Өйткені, аталған балық аулау құралы өте арзан. Мұны сатып алуға кез келгеннің мүмкіндігі жетеді. Браконьерлер оны пайдаланғаннан соң су астында қалдырып кетеді. Аталған инспекцияның қажетті кеме-қайықтармен жабдықталмауы да мүмкіндікті шектеп отыр.

Проблемалардың бірқатарын облыстық мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Қайрат Өтеулиев те айтты. Соның бастысы тәркіленген бекіре балықтарына қатысты. Естігеніміз, қазір қоймада 4 тоннаны құрайтын балық өнімдері жинақталған. Ал, оны сату үшін тәркіленген бекіренің бағасы анықталмаған. Қазір құнды су маржанын аулауға мораторий жарияланғаны белгілі. Ол өз кезегінде, браконьерлерден тартып алынған өнімнің халыққа жетуіне кедергі болып тұр.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button