БЕЙБІТШІЛІКТІҢ БЕРІК НЕГІЗІ – БІРЛІКТЕ
«Тарихын ұмытқан елдің болашағы жоқ» дейді қазақ. Сол бір 1941-45 жылдары болған Ұлы Отан соғысында фашизмге қарсы күресте ер етігімен су кешіп, қасық қаны қалғанша күрескен кеңес әскері сапында қазақстандықтар да аз болмады. Ұлы Отан соғысы кезінде Гурьев облысынан әр жылдары 42 мыңның үстінде боздақ әскерге алынған. Соның үштен бірі елге оралмай, ұрыс даласында жан тапсырды. Ұлы Жеңістің 50 жылдығы қарсаңында облысымызда 12 мыңның үстінде Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлер болған еді. Күні бүгін сол ардагерлердің 73-і ғана ортамызда. Олар соғыстың тауқыметі мен зардабын көріп, ащы дәмін татқан жандар, бейбіт өмірдің қадірін жақсы түсінеді. Елбасының 1992 жылы ядролық қарудан бас тарту жөніндегі бейбітшіл бастамаларынан бастап, Украинадағы шиеленісті шешудегі үлесі, бүкіләлемдік деңгейде қолдау табуда. Бүгінгі күні әлемнің ірі державалар басшылары Елбасының пікірімен, көзқарасымен санасады.
Ұлт Көшбасшысының жетекшілігімен әлемге қарыштап дамушы, табысты ел ретінде танылған егемен елімізді қалыптастыруда біздер ауыр жолды бірге бастан өткердік. Қазіргі таңдағы көрші мемлекеттердегі жанжалдар мен қақтығыстар біздің еліміздегі тұрақтылықтың бағасын ерекшелей түседі. Елбасының тікелей басшылығымен Ұлы Жеңістің 70 жылдығы айшықты аталып өтті. Сол бір даталы мереке қарсаңында облыстық ардагерлер кеңесі бірнеше облыстық басқармалармен меморандумдар қабылдады.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев таяуда Қытай Халық Республикасына мемлекеттік сапары аясында Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің және қытай халқының Жапониямен соғыстағы жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатты шеруге қатысты. Онда 12 мың әскер, 500 техника, 200 ұшақпен өткізілген ең ірі әскери шеруде 76 қазақстандық сарбаздың өнер көрсетуі де 23 мемлекет басшылары алдында еліміздің мәртебесін біразға көтеріп тастағаны анық.
Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 70 жылдығы Қытайда ерекше аталып өтіп отырғандығының да өзіндік сыры бар. Өйткені, бұл соғыстың соңғы нүктесі Қытайда қойылған болатын. Осы кезге дейін көп айтылмай келген бір ақиқат Қытай елінің Жапон миллитаристерімен соғыста Кеңес үкіметінің саясаты бойынша қазақ жауынгерлері де қытайша киіндіріліп, Күншығыс елі армиясын қуып талқандауда жетекші рөл атқарған еді. Оған қатынасып, аман оралған ағаларымыз Атырауда да болды. Сол парадтан бір күн бұрын Қытай Коммунистік партиясы Орталық комитетінің жанындағы Партия мектебінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сұрапыл соғыста елдерді жаудан азат етуге үлес қосқан әрбір жауынгерді әрқашан құрметтеп, мадақтау қажет екенін, сондай-ақ, осындай қасіреттің қайталануына жол бермеу баршаның тарихи миссиясы екенін баса айтты. Бұл – Елбасының елі үшін от кешкен ерлерге құрметі.
Бүгінде әлем елдерінің бәрінде де дағдарыс орын алуда. Сөз жоқ, әлемдік дағдарыстың болатынын Мемлекет басшысы ескерткен. Сонымен бірге, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын, баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет 5 институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамдары осының алдын алуға бағытталған болатын. Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін күйреген экономиканы қайта құрған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елі артқан сенімді ақтап, болашақтың берік іргесін де қалады. Ендеше, талай қиындықты бастан өткерген ел Елбасының іскерлігі, саясаты арқасында бұл дауылдан да сүрінбей өтетініне сенім мол. Өйткені, бұл күнге дейін де үлкен дағдарыстарға төтеп берген едік.
Қатимолла РИЗУАНОВ,
облыстық ардагерлер
кеңесінің төрағасы.
Атырау облысының, Индер,
Исатай аудандарының Құрметті азаматы.