«БЕЙБАРЫС» – ӘЗІРГЕ ЕКІНШІ!

Шайбалы хоккейден 2015-2016 жылдардағы Қазақстан біріншілігі жалауын көтерді. Бұған дейін екі мәрте ел чемпионы және екі рет күміс жүлдегері болған Атыраудың «Бейбарыс» клубы өткен біріншілікті төртінші орынмен қорытындыланған болатын.

 

Жаңа маусымға тиянақты дайындалған Александр Истоминның шәкірттері маусым ашар ойынын Елордада жергілікті «Астана» хоккей клубы ойыншыларымен кездесті. Тартысты ойында жерлестеріміз 4:2 есебімен басым түсті. Келесі күнгі ойында  «Бейбарыстың»  екпіні тым қатты болғаны сондай астаналықтардың қақпасына шайба қарша борады. «Бейбарыс» хоккейшілерінің соққан он шайбасына «Астананың» бір шайбамен ғана жауап беруге шамасы жетті.

Сырт айдындағы кездесулерін оңтүстік астанада жалғастырған «Бейбарыс» ойыншылары алғашқы күні «Алматы» хоккейшілерін 4:1 есебімен тізе бүктірсе, бейсенбілік кеште жерлестеріміз 5:3 есебімен жеңіліп қалды. Төрт ойыннан 9 ұпай жинаған команда турнир кестесінің екінші сатысына жайғасты.

Биылғы біріншіліктің алғашқы кездесулерін сәтті өткізіп жатқан Астананың «Номад»  клубы 12 ұпаймен көш бастауда. Ал, қазіргі ел чемпионы Павлодардың «Ертіс» хоккейшілері біріншіліктің төрт турында үш рет жеңіліс тапты.

«Бейбарыс» командасы Атыраудағы мұз айдыны дайын болса, келесі кездесуін қыркүйектің 15-16 күндері Петропавловскінің «Құлагерімен», 20-21 қыркүйекте «Ертіспен» өткізеді.

            Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз