«БЕЙБАРЫС-АТЫРАУ» – ЖАҢА КЛУБ
Айта кетсек, бұған дейін кәсіби баскетбол мен хоккей спорты «Атырау барыстары» атты бір клубтың қарамағында болған еді. Енді аталған екі спорт түрі өз алдына бөлек дамитын болады. Мұндағы мақсат – ойын сапасын одан әрі жақсарту. 2009 жылы құрылған «Бейбарыс» хоккей командасы осы уақыт аралығында екі рет ел чемпионы, екі рет күміс жүлдегер болса, «Атырау барыстары» баскетбол командасы жыл сайын Қазақстан чемпионатының финалында айқасып қана қоймай, халықаралық додаларда да ел, облыс мерейін асырып жүр.
Атырау облыстық хоккей федерациясының президенті Бөріхан Беркімбаев өз сөзінде алдағы уақытта жаңа хоккей клубы жанынан арнайы кеңес құрылатынын хабарлады. Оның құрамына клуб мүшелері ғана емес, жанкүйерлер де кіріп, ойын барысы, алда атқарылар жұмыстар талқыланатын болады.
Жаңа клуб директоры Нұржан Өтепбаевтың бұйрығымен «Бейбарыс-Атырау» хоккей командасының бапкерлік тізгінін бұған дейін де осы қызметті абыроймен атқарып келген Александр Истомин ұстайтын болады.