Дәрігерлерге енді өтемақы төленбей ме?

0fa8f31d 548f 4892 a9e8 e399ba417bf5 Жаңалықтар

Atr.kz/22 қазан, 2020 жыл. Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов коронавирус пен ковидтік пневмонияға шалдыққан және одан қайтыс болған дәрігерлерге бір реттік өтемақы төлеудің жаңа тәртібін түсіндірді.

«Жұмыста ауруға шалдығу жағдайы болса, қолдау шаралары медициналық ұйым немесе кәсіподақ ұйымы, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар есебінен жасалады. Бұның бәрі медициналық ұйымдардың басшылары үшін өз қызметкерлерін қажетті қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету және санитарлық ережелерді сақтау жағынан қосымша мотивация болады», – деді Шоранов орталық коммуникациялар қызметінде өткен онлайн брифингте. 

Оның айтуынша, қазіргі кезде медицина қызметкерлерінің коронавирустық инфекциясын жұқтыруына жол беруге болмайды. Себебі барлық жағдай жасалған. 

«Енді, мұндай жағдайлар аурухананың ішіндегі инфекция болып саналады», – деп атап көрсетті Шоранов.

Айта кетейік, бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі бір реттік өтемақының екі түрін бекіткен болатын. Олар:

  • коронавирус инфекциясын немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне – 2 миллион теңге;
  • коронавирус инфекциясынан немесе вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда туыстарына – 10 миллион теңге төленеді.

20 қазанда коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия коронавирус пен ковидтік пневмонияға шалдыққан және одан қайтыс болған дәрігерлерге өтемақы төлеуді тоқтатты. Осы уақытқа дейін қабылданған барлық өтініш бойынша бір реттік өтемақы төленеді. Одан кейін тоқтатылады. Ал коронавирусты жұқтыру қаупі үшін жалақыға қосылатын үстемақылары төлене береді.   

«Sputnik Қазақстан»

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз