БАТЫРЛАР МАҚТАНБАЙДЫ
2003 жылы сексенге сексен күн жете алмай өмірден озған әкеме «соғыс туралы айтшы» десем, «Әй, балам-ай, оны несіне сұрайсың? «Қантөгіс» деген атының өзі құрысын» дейтін. Кездесулерге баруын барғанмен, «мен өйттім, бүйттім» деуге де жоқ еді. Бірақ, әкемнің нағыз батыр екенін дәлелдейтін орден-медалінің өзі жетіп артылады.
Меніңше, соғыста елін қор-ғаймын деп, сүйегі бөгде жерде қалған немесе соғыстан келіп бақилық болған әр қазақтың жан-дүниесін көрсетер, түсін-дірер естеліктер жазылса деймін. Жауынгер тек аттан салып, басы-көзіне қарамай «қойып кетті, сойып кеттінің» адамы емес, үлкен мақсаты бар, болашаққа алаңсыз сенімі бар, ең бастысы, өз идеалына шын берілген адамдар ретінде бізді ойландырғаны дұрыс болар еді.
Мені әкемнің адам, азамат ретіндегі бейнесі қызықтыратын. Әрине, мақтан үшін айтатын әжеміздің сөздері де аз емес еді. Әжеміздің айтуы бойынша, «жан беру оңай ма, анау бәленше-түгеншелер комиссия алдына барғанда, өйтіп-бүйтіп қойып, соғысқа бармай қалыпты». Ал, әкеміз болса, он жеті жасында, «ана сүті аузынан кеппей тұрып» қанды қырғын ортасында жүріпті. «Е, біздің Айтжан ер ғой, десант болып, бәлен жүз рет секіріпті, «оның дәл санын да жазып қояды екен, мынау әкеңнің дәкүменті» деп бізге соғыс кезіндегі құжаттарын мақтанышпен көрсететін. Анамыз да «әкең достыққа адал болды, соған сай досы Юрий де күшті адам» дейді.
Юрий – Мәскеуде тұрған орыс офицері. Бізді әкеммен бірге кездесуге барғанда үнемі әуежайдан күтіп алатын. Соғыс-та әкем командир болған да, Юрий қатардағы солдат болыпты. Бомба астында қалған әкемді осы Юрий арқалап, аман алып шығыпты. 1975 жылдардан бастап па екен, Мәскеуге жыл сайын ардагерлерді шақыратын болды. Жыл сайын дерлік әкем Мәскеуге баратын. Ол бізге де жақсы болды, бала-шағасының бәрі Мәскеуге барып, Кремльдің айналасын жатқа біліп алдық. Әкеміздің 1950 жылдардағы Орал пединститутының жалғыз сталиндік стипендианты (орыс тілі мұғалімі) болғаны, елге келіп, Қызылқоға ауданының бірнеше мектептерінде орыс тілінен сабақ бергені, алдынан дәріс алған оқушылары кейіннен тамаша мұғалімдер болғаны газеттерге талай жарияланды. Міне, бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болар еді. Бірақ, әкем қазір осы жерде отырып, осы жолдарды оқыса, менің жағдайыма кісі қызықпайды. Себебі, өзі туралы мақтан сөздерге әкеміз әрқашан тыйым салып отыратын.
Бір замандарда Миялыға теледидарға сұхбат беруге шақырып, оған бармай қалды. Сондағысы: «Балам, мен соғысқа мақтан үшін барғаным жоқ, ол әр азаматтың міндеті болатын, оның несін айтуым керек?!» дейтін. Біз, бала-шағасы, «Соғысқа қатысқандар машина, үй алып жатыр» дегенді пендешілікпен ойлап қана қоятынбыз. Әкемнің мінезіне орай, ол жөнінде сөз қозғау мүмкін де емес еді. Бәрін айт та, бірін айт, менің негізгі ойым, өз әкемнен бастап, соғысқа қатысқан барлық солдаттар туралы нағыз, шынайы шығармалар жазылса деймін. Олардың жүрегінде айтылмай кеткен армандары, санасында сарғайған сағыныштары, өзегін өртеген өкініштері, түйткілі көп түсініктері – бәрі-бәрі келешек ұрпаққа ой салар көркем дүниелердің тұздығы болса деп ойлаймын.
«Көктөбедегі кездесудің» Сабыры, Мұқағалидың әкесі сияқты, Бауыржан, Қасым сияқты азаматтардың бейнелері әлі жасалған жоқ. Олар ендігі әдебиетте көбірек жасалуы керек. Бұл бейнелер талай заманның тал-қысына түскенмен, тағдыры тарих қатпарының тасасында қалмайтын, талайды толғандырар толағай құбылыстарға айналатын тұлғалар екені даусыз. Нағыз тәрбие құралы осындай шығармалар болар еді. Қазақта «жақсы әке жаман балаға қырық жыл азық» деген сөз бар. Осындай әкелеріміздің болғанын тағдырдың сыйы деп түсінеміз. Бұл – басқалардың басына жазылмаған бақыт.
Жанмерек ЖӘЛЕЛОВа,
Қарабау елді мекені,
Қызылқоға ауданы.