Жарнама
Қоғам

Басты назар – балғындар спортына

Atr.kz/1 шілде, 2019 жыл. Адамның дене бітімі мен интеллектуалдық қабілеттерін дамытатын, оның қозғалыс белсенділігін жетілдіріп, саламатты өмір салтын қалыптастыруға септігін тигізетін әлеуметтiк қызмет саласы – дене шынықтыру және спорт.

Сонымен қатар, бұл – мәдениеттiң де құрамдас бөлiгi. Осы дене шынықтыру бүгінгі күні республикамыздың жалпы білім беретін мектептерінде оқу тәртібі және білім беру саласы ретінде ұсынылып, оқушылардың жеке тұлғасын үйлесімді қалыптастырудың, өмірлік маңызды қозғалыс сапаларын тәрбиелеудің негізгі базалық элементі болып табы­лады. Ең бастысы, оқушы денсаулығының қалыпты нығаюын көздейтін осы пән қазіргі таңда өңіріміздегі білім беру ошақтарында қандай дәрежеде жүргізіледі? Балғындардың дене бітімдеріне сай қозғалыс қажеттілігі өтеліп жүр ме?

 Еуропаның алдыңғы қ а т а р л ы е л д е р і н д е және Америка Құрама Штат­тарында біз айтып отырған дене шынықтыру пәніне ерекше көңіл бөлініп, ол ел­дерде оқушылардың апталық жүктемесінің көлемі 8-12 сағатты құрайды. Яғни, оқушы білім алған әр күнінде өзінің да­мып, жетіліп келе жатқан тәніне қажетті қимыл-қозғалысты тиісті мөлшерде ала алады. Алай­да, біздің елдегі тәнге қажетті қимыл-қозғалыс мөлшері тиісті талаптарға сәйкес келе бермейді. Әрине, біз ол жағынан көп артта қалдық. Бүгінгі күні Қазақстанда мектеп оқушылары үшін дене шынықтыруға бар болғаны 3 сағат, колледж оқушылары мен жоғары оқу орындарының студенттері үшін 4 сағат қана бөлінеді. Осыдан-ақ, басты байлық саналатын салаға көңіл бөлу мөлшеріміздің ағзаға аздық ететіні көрініп тұр.

Осы проблеманы шешу үшін еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Рес- публикасы Үкіметінің 2012 жылғы 4 желтоқсандағы №41 мәжілісінің хаттамасы және Қазақстан Республикасының «Дене шынықтыру және спорт туралы» 2014 жылғы 3 шілдедегі Заңының 15-бабы, 4-тармағы негізінде аймағымызда қалалық, аудандық білім бөлімдерінің жанынан қосымша білім беру ретінде «Балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клуб­тары» құрыла бастады. Осы арқылы оқушыларға спорттық- сауықтыру бағытындағы негізгі және қосымша білім беру ап­тасына 3-4 сағаттан 6 сағаттық мөлшерге дейін көбейтілді. Яғни, білім ошағындағы 3 сағаттық дене шынықтыру сабағына тағы даярлық клубының спорттық- секциялық топтарында берілетін қосымша 3 сабақ қосылды. Осылайша, оқушылардың қимыл-қозғалыс арқылы даму мүмкіндігі аз да болса артты.

Қазіргі кезде Атырау облысы бойынша жеті даярлық клу­бы жұмыс істейді. Олардың екеуі Атырау қаласында қызмет көрсетсе, қалғандары Ма­хамбет, Исатай, Құрманғазы, Жылыой, Мақат аудандарын­да орналасқан. Өңіріміздегі оқушылардың денсаулығын нығайтып, спорттың кең етек жаюына атсалысып отырған бұл даярлық клубтарында негізінен сол өңірдегі мектеп мұғалімдері қызмет көрсетеді. Спорттық ойын түрлерінен беретін дене дайындығының мұғалімі баскетбол, волейбол, футбол бағытынан қызмет көрсетсе, жекпе-жек түрлерінен беретін мұғалім спорттың самбо, дзюдо, қазақ күресі түрлерінен дәріс жүргізеді. Сондай-ақ, даярлық клубында спорттың техникалық түрлерінен сабақтар өтеді. Яғни, кез келген даярлық клубында робототехника, кемемодельдік, авиамодельдік бағытта дәріс алуға жағдай жасалған.

Балалар-жасөспірімдер дене шынықтыру даярлық клубтарының міндеттеріне қала, аудан әкімдіктерімен, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің басшылығымен жалпы білім беретін мектептер­мен бірлесіп ақысыз спорттық- бұқаралық іс-шараларды өткізу, Қазақстан Республикасының Әнұранының орындалуымен таңертеңгілік гимнастика­дан бастап, спорт түрлерінен с п о р т т ы қ — с е к ц и я л ы қ дайындықтар жүргізу және жалпы білім беретін мектеп­терде әскери-патриоттық және аула клубтары, мектеп туризмін жандандыру жұмыстары да кіреді. Яғни, мұндай клубтардың құрылуы қосымша білім беруді оңтайландыруға, қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.

Спорттық көрсеткіштен бұрын балалар денсаулығының дұрыс дамуын негізгі мақсат қылып алған осындай дене шынықтыру даярлық клу­бы қазіргі таңда, өкінішке орай, аймағымыздың ірі ау­даны саналатын Индер және Қызылқоға аудандарында әлі күнге дейін ашылмай отыр. Өрімдей жастардың өркен жая дамуына селқос қарап отырған осы аудан өкілдері бұл немқұрайлылықтары арқылы талай баланың талабын те­жеп, олардың қалыпты даму­ына кедергі жасайды. Себебі, көп жағдайда осы мектеп қабырғасында жүріп, спорт­пен шұғылданған талай бала ерте жастан оқушылар ара­сында өткізілетін спарта­киадаларда зор жетістіктерге жетіп, аймақтың, елінің атын көпшілікке танытып жүр. Жеңіспен қанаттанған көптеген жасөспірім одан әрі сан түрлі байрақты бәсекелерде еліміздің абыройын асқақтатты.

Мұндай клубтарды ашудың не үшін қажеттілігін тағы да тереңірек түсіндіре кетелік: Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру орталығының спорттық-бұқаралық іс- шараларының күнтізбелік жоспарын мемлекеттік бағдарламаға сәйкес орындау механизмі Атырау облысын­да, сондай-ақ, республиканың басқа облыстарында бірінші кезең – мектепішілік, екінші кезең – топтық (Атырау қаласының 57 жалпы білім беретін мектептері орналасқан аумағына байланысты 8 топқа 6-7 мектептен бөлінеді), үшінші – қалалық, аудандық кезеңдеріне дейін даярлық клубтары өткізіп, жеңімпаз ко­мандаларды облыстық төртінші кезеңге қатыстырады. Аты­рау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығы төртінші облыстық кезеңді спорт түрлері бойынша өткізіп, облыстың жеңімпаз құрама командаларын республикалық бесінші кезеңге дайындап қатыстыруы тиіс. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы бесінші республикалық кезеңнен шыққан жеңімпаздарды дүниежүзілік оқушылардың гимназиадасына, студенттердің универсиадасына және тағы басқа халықаралық жарыстарға қатысуына ықпал жасайды.

Қазақстан Республика­сы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 15 тамыздағы №401 бұйрығына сәйкес, Республиканың жалпы білім беретін мектептерінің 5-11 сыныптарында, соның ішінде Атырау облысының 46 мектебінде футболдан әдістемелік нұсқаулыққа сәйкес дене шынықтырудың әр үшінші сағаты – «Фут­бол сабағы» сынақтан өтуде. 2019 оқу жылының басында аймақтық орталықтың маман­дары Қазақстан Республикасы Ұлттық орталығының және футбол федерациясының ма­мандарымен бірлесіп, Атырау қаласындағы №16 орта мектеп базасында футболдан облыстың дене шынықтыру мұғалімдеріне арналған республикалық оқу- тәжірибелік семинар өткізіп, 210 мұғалімге сертификат берілді. Осындай бағытта ганд­бол, баскетбол және басқа да спорт түрлерінен оқу-тәжірибелік семинарлар өткізу жоспарлануда.

Балалар-жасөспірімдер д е н е ш ы н ы қ т ы р у даярлық клубтары толыққанды, тиімді жұмыс істеуі үшін Аты­рау облысының әр жалпы білім беретін мектептерінде спорт түрлері бойынша дене дайындығы мұғалімдерінің саны үш штаттық бірліктен кем емес болуы керек, спорттық құрал- жабдықтармен қамтамасыз ету, оқушылардың, оның ішінде дене мүмкіндіктері шектеулі балалардың спорттық-бұқаралық іс-шараларға қатысуы үшін қаржыландыруды ұлғайту қажет.

Спорттағы негізгі шың – Олимпиаданы өрімдей шағында бағындырған Бекзат Саттарха­нов, Илья Ильиндер, өзіміздің ара­мыздан шығып, өз өнерлерімен талайды тамсандырған Пе­кин Олимпиадасының қола жүлдегері Арман Шылманов, қаракөз қызымыз Лия Нурки­на, қос Олимпиадаға қатысқан Ринат Ибрагимовтер осындай мектеп спартакиадаларында шыңдалып шықпап па еді?! Ен­деше, жастарға жігер берер, қалыпты дамуына негіз қалар, сара жолға түсуіне себепші бо­лар дене шынықтыру даярлық клубтары әр өңірде де өз жұмысын тоқтатпауы керек. Керісінше, өркен жайып дами түсуі керек. Себебі, бала – біздің болашағымыз. Ал, болашақ бүгіннен басталды.

Сәдіржан ЖЕКЕНОВ,

Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты

дамыту орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button