БАСШЫ ДӘРІС ОҚЫДЫ
Туған жер табиғатын сақтап, оны ұрпаққа сол қалпында жеткізуде экология қызметкерлерінің атқаратын қызметі ұшан-теңіз. Осыған орай ұйымдастырылған «Ашық есік» күнінде департамент басшысы Ербол Қуанов студенттерге аймақтың экологиялық ахуалы туралы баса айтты. Мемлекеттік экологиялық бақылау, экологиялық реттеу және зертхана-аналитикалық бақылау бөлімдерінің жұмысы туралы түсінік берген мекеме басшысы қойылған сұрақтарды да жауапсыз қалдырмады.
Аталған салаға қызметке орналасу тәртібін түсіндірген мекеменің әкімшілік-қаржылық, кадрлық, құқықпен қамтамасыз ету бөлімінің басшысы А.Жұмағазиева бұл мамандықтың қазіргі таңдағы алатын орны мен мәртебесін, болашақ мамандардың адал да шыншыл, туған жер табиғатын аялап қорғай білетін жандар болуы керектігіне тоқталды.
Одан әрі «ашық есік күні» зертханада жалғасып, мұнда студенттер ауаны, топырақты және суды зерттейтін құралдармен танысты. Департаменттің лаборанты Л.Рахметова әртүрлі тәжірибелер өткізу арқылы студенттерге мекеме жұмысының бағытын іс жүзінде түсіндірді. Шараға қатысушылар сала мамандарымен еркін пікір алмасып, алған әсерлерімен бөлісті.
Сондай-ақ, департаменттің табиғат жанашырлары «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп, «Ғаламшарды қоқыстан тазалайық!» атты экологиялық тазалық акциясын өткізді.
Тазалық жұмыстарында Жайық өзенінің оң жақ жағалауының екі шақырымы қоқыстан тазартылды. Қағаз қалдықтары, қолданылған пластикалық бөтелкелер және басқа да қоқыстар арнаулы техникаларға тиеліп, қала сыртындағы тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын полигонға жеткізілді.
Жолдасқали ТЕЛАҒЫСОВ, Атырау облысы бойынша экология департаментінің бөлім басшысы.