«БАСПАНАҒА ҚАЛАЙ ҚОЛ ЖЕТКІЗЕМІЗ?»
Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы еліміздегі баспанаға мұқтаждықтың орнын толтыруға бағытталған еді. Бағдарлама жасақталды, қаражат бөлінді. Алайда, ресми жиындарда Үкімет басшысы Серік Ахметов оның орындалысына үнемі сын айтумен келеді. Себебі, кейбір аймақтарда қаржы игерілмеді, құрылыс тұралап қалды.
Ал, Атырау қаласы әкімінің орынбасары «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында былтыр 1 444 пәтерлік 31 тұрғын үйдің құрылысы аяқталғанын жеткізді. «Оның ішінде 930 пәтерлік 20 үй республикалық бюджет есебінен, 11 тұрғын үй (514 пәтер) жергілікті қаражат есебінен пайдалануға берілді. Енді оны таратып айтсақ, несиелік тұрғын үй – 60 пәтерлік 1 үй, жас отбасыларға – 234 пәтерлік 5 үй, кезекте тұрғандарға 636 пәтерлік 14 үй тапсырылды. Биыл 17 үйдің құрылысын аяқтап, тапсыру жоспарланып отыр», — делініпті біздің сауалдарымызға қайтарылған жауапта.
Тағы бір білгеніміз, бүгінгі таңда облыс орталығында тұрғын үй құрылысы «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы шеңберінде ғана жүргізіліп жатыр екен. Жұмабай Ғаббасұлы шаһар аумағында салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлердің құрылысы белгіленген жобаға сәйкес жүргізілуі қатаң қадағаланатынына сендірді. Ал, пәтерлер сапалылығын тендердің жеңімпазы болып танылған техникалық қадағалаушы мердігер мекеме мен жоба авторы, тапсырыс берушілер бақылайтынын атап айтты.
Айта кету керек, мұнайлы өлкеде жас жанұяларды баспанамен қамту мақсатында «Жас отау» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Атырау облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауидан білгеніміз, аталған бағдарлама бойынша пәтер кезегіне тұруға құжаттар жинау мамыр және маусым айларында басталмақ. Ал, қажетті құжаттар тізімі белгіленген мерзім басталғанға дейін жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында толығырақ жарияланатынын да жеткізді.
Дайындаған
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ.