Барлық сұраққа — байыпты жауап
Президенттің «Ана тілі» газетіне берген сұхбаты соңғы кезде ел ішінде кезіп жүрген көп сұраққа байыпты жауап болды. Сұхбат сәл нәрсеге байбалам салып, өздері ештеңе білмейтін, білгеннің тілін алмайтын бейпілауыздарға қақпақ қойғандай әсер қалдырды. Көп жұмыстың жасалғаны, болашақта жасалатыны көңілге кәдімгідей сенім орнатып, жанымызды жадыратып тастады.
Дегенмен, Президент айтқан мәселелердің біздің Атырауға қатысты жерлерін ойға алсаң, атқарылатын жұмыс шаш етектен. Мысалы, Атыраудың баяғыдан келе жатқан экологиялық проблемаларына өткен жылдан бастап жер асты суының көтерілу мәселесі қосылды. Оның ушыққаны сондай, шұғыл шаралар алмаса, болашақта Атырау халыққа қоныс болмайды-ау деген қорқыныш та жоқ емес. Бұл жөнінде халық қаншама рет жазса да әзір қозғалыс өте аз. Әрине, қалада жолдар, үйлер салынып жатыр, бірақ олар жерасты суын төмендетпесе, ертең-ақ өз мерзіміне жетпей істен шығады. Осыны түсінетін уақыт келген сияқты.
Екіншіден, біздің облыста 92 процент өз ұлтымыз тұрады. Ендеше,көшедегі маңдайшаларға, жарнамаға қазақ тіліне орыс тілін қосарлап жазуды қою керек қой. Бұл Президентіміз айтқандай, жастарымыздың қазақша сөйлеп,қазақша ойлауына жол ашатын жағдай болар еді.
Үшіншіден, Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасының Атырауда жүзеге асуы да ойдағыдай деп айта алмаймыз. Әсіресе, мөлтек аудандарда көшеге қоқыс төгіп кету, контейнерлерден қоқысты уақытында алмау сияқты көріністер күн сайын қайталанып отыр.Біздің ойымызша атқарушы билік осындай мәселелерге басымырақ көңіл бөлсе деген тілек бар. Бұл сайып келгенде Президент қолға алып жатқан ауқымды жұмыстардың жергілікті жердегі шынайы көрінісі болар еді.
Нұрлан ҚАБЫЛОВ,
ардагер журналист, Қазақстанның Құрметті журналисі