Жарнама
Қоғам

Балық батағалары жаңа кәсіптің бастауы болды

 Тәуелсіздік алғанға дейін қазақтың біраз байлығы тісі батқанның аузында, мысы басқанның қолында кетті. Айталық, өз еншімізге тиген Каспий теңізі мен Жайық өзеніне басымыздан тоқпақ кеткенше иелік ете алмадық. XVII-XX ғасыр аралығында біздің жерімізде орналасқан балық батағалары (ватага) орыс көпестерін байытып, оларды мол олжаға кенелткен еді. Осыған орай, көңіл төрінде көп дерек қатталған байырғы балықшы, облыстың балық өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жыл жемісті еңбек еткен ардагер

  Әділғали КЕМЕЛБАЙМЕН осы тақырып төңірегінде әңгімелескен едік. – Әділғали Нұрғалиұлы, сіз – аймағымыздағы балық өнер-кәсібінің дамуына үлес қосқан ардагерлердің бірісіз. Бүгінде, атадан балаға мирас болған байырғы кәсіптің түп-тамыры балық батағаларынан бастау алғаны тарихтан белгілі. Осы алғашқы балық өңдейтін орындар туралы сіз білетін қандай мәліметтер бар?

– ХVII ғасырдың орта ше-нінде Жайық бойына орыс-казак бекіністері, соның ішінде Гурьев қалашығы салынғаннан кейін Солтүстік Каспийдің жағалауында балық аулау кәсіпшілігі жандана бастады. Бекіре тұқымдас балықтар мен сазан, көксерке, жайын және ақбалықтың мол қоры жинақталған теңіздің Жайық аңғарын игеріп, иемденіп мол пайда табуды көздеген орыс көпестері мен ірі кәсіпкерлер балық аулап дайындайтын және сақтап өңдейтін орындар – батағалар сала бастады. Гурьев қалашығынан теңіз жағалауымен 128 шақырым жердегі «Богатинское» батағасынан бастап, Еділ өзенінің қазақ жеріне кіретін Бозан тармағына дейін әр жерлерде оннан астам батаға жұмыс жасады. Ресейдің әйгілі княздары Юсупов, Куракиндер, графтар Шереметьев пен Безбородкалар, сондай-ақ Астрахан кө-пестері Чернобурский, Дьяконов, Дворников, тағы басқалары жасақтап, қожалық еткен «Порховинск», «Кокорево», «Новинск», «Ершов», «Колпачек», «Шестов», «Федоритинск» т.б. батағалар теңіз жағалауының сапалы балығын қажетінше аулап, дайындап, жазда кемемен, желкенді қа-йықтармен, қыста ат шаналар керуенімен Астрахан қаласының балық зауыттарына жеткізіп отырды. Ресейдің ірі қалаларының базарларына да шығарды.

– Алғашқы балықшы қазақтардың теңізге сапары қалай басталып еді?

– ХIХ ғасырдағы батағалар туралы Солтүстік Каспий жағалауын әрлі-берлі кезіп, зерттеген орыс саяхатшылары мен топографтары К.Ф.Гебель, Ячменев, К.Спасский-Автономовтар біраз деректер қалдырған. Маусым кезінде, әсіресе көктемде, батағаларда 120-150-ге дейін жалдамалы балықшылар, батырақтар жұмыс жасады. Батаға қожайындарына жағалауды қоныс еткен жергілікті қазақтар да жалданып нәпақа тапты. Алайда, оларды кәсіпшіліктің ең ауыр, лас жерлерінде ұстап, балық аулау істеріне араластырмауға тырысты. Өйткені, 1884 жылы патша жарлығымен Солтүстік Каспийде балық аулау кәсіпшілігі Орал казактарының әскери кеңесіне берілгеннен кейін су айдындарына қазақтарды жақындатпауға, әрлі-берлі мал өткізбеуге, сондай-ақ, жергілікті тұрғындарға балық кәсіпшілігінің қыр-сырларын үйретпеуге, оларға аулау құралдарын, жүзбелі кемелер мен қайықтарды сатуға тиым салынған зілді пәрмен берілген болатын.

– Бұл қоныстар теңізге таяу маңда орналасқан ба?

– Батағалар, әдетте бір-бірінен әртүрлі қашықтықтарда, теңіз суы қауіп төндір-мейтін биік, қыратты, сондай-ақ теңізге емін-еркін кіріп шығуға қолайлы өзекшелер сағаларына орналастырылды. Оларда ау құралдары, саймандар, жем-шөп, мол тұз қорын сақтайтын қоймалар, мұз көмбелері, балық тұздайтын, ыстап, кептіретін шандары, салмалары (вешала) бар орындар дайындалды. Балық аулау маусымы кезінде жалданып жұмыс жасайтын балықшы батырақтарға арналған казармалар, тұрақты тұратын кәсіпкер адамдар үшін тұрғын үйлер, олардың мал қоралары, басқа да шаруашылық құрылыстары салынды. Балық аулау маусымы үш кезеңмен жүргізілді. Көктемде 20 наурыздан 15 мамырға дейін, жазда 15 тамыздан 22 қазанға дейін болса, қыста мұз астынан балық аулау желтоқсанның бірінде басталып, бірінші наурызға дейін жал-ғасты.

– Балықшылар балықтың қандай түрлерін өңдеді?

– Негізінен өнім көлемдері әртүрлі болды. Инженер-поручик Ячменевтің жазбалары бойынша, 1825 жылы «Порховинск» батағасында 156,8 тонна шоқыр, 40 тонна қорытпа ауланып, 19,2 тонна қара уылдырық пен 320 келі балық желімі өндірілген. Сол жылы «Новинск» батағасында 320 тонна әртүрлі қара балық ауланып, бес мың дана немесе 96 тонна итбалық, 800 келі балық желімі дайындалған. Ауланған балық түрлері мен көлемі батағалардың орналасуына байланысты болды. Орыс жераударушылары Маңғыстау түбегін бағындырғаннан кейін ғана, ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Александровск форты, Николаев стансасы салынып, оларға ішкі Ресейден келіп орныққан кәсіпкерлер Долгий аралы, Сарташ шығанағы, Бозашы түбегі бойларына балық кәсіпшілігі қоныстарын орнықтырды. Жем өзенінің теңізге құйылар сағасындағы өзекшелерде де балық батағалары пайда болды. 1861 жылы орыс кәсіпкерлеріне жалданған жергілікті қазақ балықшыларының саны Жем бойында бір мыңнан асып, олар 30-40 үйді біріктірген бірнеше тұрақтар салды. ХХ ғасырдың бас кезінде қазақ балықшыларының саны жеті мыңға дейін көбейіп, теңізге 700-ден астам қайық шығарды.

– Бертін келе Каспий теңізінің тартылып, жағалаудың кері шегінуі сол кездегі батағалардың жұмысына елеулі ықпал еткен шығар?

– ХIХ ғасырдың аяқ шенінде Каспий теңізі мейлінше шегініп, оған құятын немесе одан ағып шығатын біраз арналар мен өзекшелер құрғап қалды. Кезінде Гурьев қаласынан небәрі 8-10 шақырым төмен ағып, жүк тиелген көпес кемелерін қалаға өткізетін Подстепное, Плотовое арналарының орнында қазіргі кезде Атырау қаласының жаңадан пайда болған мөлтекаудандары орналасқан. Теңізге құятын Бақсай, Жем өзендерінің де уақыт өте келе сағалары тайыздалып, үзіле бастады. Теңіз жағалауының өзгеруіне байланысты батағалардың біразы кәсіпшіліктерін тоқтатып, судан тазарған жерлерде жаңа қоныстар салынды. Мысалы, Жайықтың сол жақ тамағындағы бұрынғы Каменный аралына салынған батаға өткен ғасырдың 30-шы жылдарына дейін жұмыс жасады. Кейін Каменный «Красный моряк» колхозының орталығына айналып, бұрынғы батаға белгісі ретінде биіктігі төрт метр, жалпы ауданы 300 шаршы метр болатын бетоннан құйылған балық тұздайтын цехтың үйі ғана қалды.

  Солтүстік Каспий су алабында, соның ішінде Атырау өңірінде балық аулау кәсіпшілігінің негізгі өндірістік бірлігі болып қалыптасып, шаруашылық жүргізген батағалар бүгінде тарих қойнауында қалды. Қоғамдық құрылыс өзгеріп, ұжымдық негізде құрылған Кеңес өкіметі кезіндегі балық кәсіпшілігінің шаруашылық бірлестіктері де, олардың орнын басқан қазіргі кәсіпорындар да бұрынғы батағалардың балық аулау, оның өнімдерін өңдеп ұқсатып, сақтау және тұтынушыға жеткізудегі тәжірибесін әлі де қолданып келеді.

Сұхбаттасқан: Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button