АСТАНА – ЕЛ ЧЕМПИОНЫ

Талай тамаша жеңістермен, «әттеген-ай» дегізген жеңілістермен, көптеген қызықты сәттерімен есте қалған  Қазақстан Премьер-лигасының тағы бір маусымы тарихқа енді. Елордалық «Астана» командасы өз тарихында тұңғыш рет ел чемпионы атанды. Ал, сырт алаңда «Тараз» ойыншыларымен кездескен семейлік «Спартак» 0:1 есебімен ұтылып, Премьер-лигамен қош айтысты. Қазақстандық футбол элитасында «спартактықтардың» орнын алдағы маусымда көкшетаулық «Оқжетпес» басқалы тұр.

Жексенбі күні жергілікті «Атырау» футбол командасы өз алаңында қостанайлық «Тобылды» қабылдаған болатын. Кездесуде қонақтар үш голды қақпамызға тоғытып, ірі есеппен алаң иелерін ұтты. 

Бұл матчтың нәтижесі қос команда үшін де үлкен маңызға ие болатын. Өйткені, егер қостанайлықтар жеңілсе, ұпай саны бойынша турнирлік кестеде 11-інші орынға түсіп, Премьер-лигадан шығып қалу қаупі туындар еді. Ал, «Атырау» үшін жеңіске жетіп, «екінші алтылықтың» алдыңғы қатарынан (7-орынға тұрақтау) көріну басты мақсат пен талап болды. Алайда, маусымдағы соңғы ойында «атыраулықтар» жанкүйерлерін қуанта алмады.

Вардан Миносянның шәкірттері алаң иелерінің  қорғаныс шебін ойдағыдай бұзып, А.Шабанов қорғап тұрған қақпа саңылауын таба білді. Ойын «тобылдықтар» үлесіне 0:3 есебімен аяқталды. «Атырау» да өз кезегінде шабуылға беттеп, жанкүйерлерге маусым соңында бір гол болса да сыйға тартуға тырысқанымен, көздегендеріне жете алмады. Тіпті, төреші «тобылдық» Анатолий Богдановты ойын ережесін бұзғаны үшін алаңнан қуып жіберді. Бір ойыншысы артық құрамда ойнаған алаң иелері үшін бұл мүмкіндік те пайда әкелмеді. Нәтижесінде бұл жеңіліс «Атырау» командасына турнирлік кестеде 9-шы орын да қалуға мәжбүр етті.

 

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз