Жарнама
Қоғам

БАЛАЛЫҚ СЕЗІМНІҢ БАЯНДЫ БАҚЫТЫ

1970 жыл. Жаңадан салынған Қазақстанның 50 жылдығы атындағы №13 орта мектептің жанынан қысқа мерзімді бастауыш сынып мұғалімдерін даярлайтын педагогикалық курс ашылды. Мен сол курста оқимын. Біздің курс үшінші қабаттағы оныншы «г» сыныбымен алмасады. Олар бірінші кезекте, біздер екінші кезекте оқимыз. Оқу процесі кезінде оқушылармен етене танысып, кімнің кім екенін біле бастадық. Оның үстіне мен тазалық пен мүліктердің бүтіндігіне жауап беретін сынып старостасы Зәуреш Досмағамбетова мен сынып комсоргі Талғат Құрмашевтан оқу кабинетін қабылдап алатынмын. Ал, ол екеуі болса жайлы мінезді, көрерге көз керек сүйкімді оқушылар болатын. Кейде мен пендешілікпен: «Екеуі мектеп бітіргеннен кейін жұптасып, үлкен өмірге бірге аттанса, қандай жақсы болар еді!..» — деп ойлаушы едім.
Уақыт та жүрдек пойыз секілді, қашан қай стансаға келіп қалғаныңды байқамай қаласың. Оныншы сыныптықтар мектеп бітіріп, жан-жаққа ұшып кетті де, мен курсты аяқтап, сол мектепке мұғалім болып орналастым. Алақандай қалада адамдар бір-бірін көрмей тұрмайды ғой, бірде Зәурешті көрдім. Сыныптастары туралы сөз болғанда ретін тауып, Талғаттың қайда екенін сұрадым. Сонда ол оның Ташкенттегі теміржол институтында оқып жатқанын айтты. Арада тағы біраз жыл өтті. Зәуреш педагогика институтын физика мамандығы бойынша бітіріп, өзі оқыған №13 орта мектепке мұғалім болып орналасты. Сол кездері біз, барша мектеп мұғалімдері, Зәурешті іздеп сол баяғы сыныптасы болған Талғаттың келіп жүретінін байқадық. Бұл жай келіс емес екен. Екеуінің арасында бала күнгі достықтан да жақын сезім бар боп шықты. Ақыры екеуі сонау 1978 жылы отау тігіп, екі жақтың үлкендерін, біздерді сондай қуантты.
Жаңадан бас қосқан жастарға ата-ананың көмегі, жылы сөзі керек-ақ. Өз үйінде алған тәлімін барған жерінде орнымен қолдана білген Зәуреш Құрмашевтар шаңырағына жақсы келін болды. Енесі Қания апай есті, ақылгөй, дана адам болатын. Ол бала-келініне тек ана, ене ғана емес, шын мәніндегі жанашыр дос, қажет жерінде сырлас құрбы бола білді. Марқұмды көре қалған біз Зәурештей сіңліміздің сондай ананың қолына келін боп түскеніне қуанушы едік. Талғатынан көрген немерелері – екі ұл, бір қызды Қания апай жетектеп жүріп ойнатып, көзінен таса етпей бағатын. Ал, Зәуреш болса ұзақ жыл мектепте жұмыс жасап, одан кейінгі он жылдан астам уақытын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіндегі оқытушылық қызметке арнады. Университеттің физика кафедрасында аға оқытушы, доцент болып, өңіріне Ыбырай Алтынсарин белгісін тақты.
Талғат та өз мамандығына сай атышулы №99 құрылыс басқармасында біраз қызмет істеді. Қала мен облыстың алып құрылыстары мен темір жолдарында да өз қолтаңбасын қалдырды. Қазір де басшылық қызметте. Бәрінен бұрын олар бауырынан өрбіген балалардың терең білім алуларына, жақсы азамат пен азаматша болып қалыптасуларына көп еңбек сіңірді. Қаниядай ақылгөй әже мен ел сыйлаған Талғат пен Зәурештей ата-анадан үлгі алып өскен ұл-қыз бүгінде «Менің балам осындай-ақ болсын!» деп, көпшілік сүйсінер ұрпаққа айналды. Шаңырақтың тұңғыш бала-келіні Ерлан мен Әсел ата-анасының қолын ұзартып отырса, одан кейінгі бала-келін – Ербол мен Айнұр қызмет бабымен Алматы қаласында тұрады. Ал, үйдің сүткенжесі Назым өмірлік қосағы Мақсымның жұмысымен Норвегияда тұрып жатыр.
Біз зейнет демалысындағы «қыздар» болып бас қосып, өзара шай ішуді дағдыға айналдырғанбыз. Сондайда біздің арамыздан Зәуреш табылмай қалады. Бір-бірімізден «қайда, қайда?» десіп жүріп, оның немере мен жиен бағуға ел асып кеткенін бір-ақ естиміз. Қайтсін, ата-анаға осыдан артық қызық, осыдан артық қуаныш бар ма?! Бір таңғалатынымыз – Құрмашевтар әулетінің бала-келін мен қыз-күйеуі де ата-аналары секілді мектепте қатар оқығандар. Осыдан соң «Ең алғашқы махаббат басталады мектептен!» демей қайтейік.
Иә, сол бір жетпісінші жылдары тұлымы желбіреген тал шыбықтай Зәуреш пен мұрты жаңа тебіндеп келе жатқан балаң жігіт Талғаттың оқушылық кезеңі менің көз алдымда. Одан бері қанша жыл өтіп, қанша оқиға орын алды десеңізші. Енді, міне, бүгінде олар-ұлды ұяға қондырып, қызды қияға ұшырған, олардан көптен армандаған немере-жиен сүйген ең бақытты ата-ана. Өздері алты ондыққа жетсе де, сынын бермеген, әлі де сүйкімді, әлі де сыпайы, сырбаз жандар. Біз оларды кейінгі жастарға үлгі етіп, осындай жарасымды да бақытты шаңырақ көтеріңдер, ал, Зәуреш пен Талғат шөбере мен жиеншар көрсін дейміз!

Айман ОРАЗҒАЛИЕВА,
ардагер ұстаз,
Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button