БАЛАҚАЙ
Біздің шағын қала Азия мен Еуропа шекарасына орналасқан. Кең арналы өзен қаланы қақ бөліп, ортасымен ағып жатыр. Азия құрлығы Бұқар беті деп, ал Еуропа Самар беті деп аталады. Соғыстан бұрын өзен үстінен аспалы көпір салынды. Оның өзі біз үшін үлкен бір құрылыстай, сонау Санкт-Петербург көпірлеріндей көрінетін-ді. Бозала таңнан жұрт ерсілі-қарсылы ағыла бастайды. Содан түн ортасына шейін, көпірді көтеріп ажыратқанға дейін, құмырсқаның илеуіндей құжынаған көп халықтың жаяуы бар, көліктісі бар ығы-жығы боп, ағылады да жатады. Солардың арасында ертелі-кеш көк арбаны жеңіл тартып, Балақай да келеді. Арбаның адам отыратын көлденең тақтайына дейін созылған жұқа қорапшаға нан сықай тиеліп, үсті брезентпен жабылады. Бұқар бетінен қайтарда, көбіне бос болғандықтан жүрісі шапшаң, шоқытып желеді де отырады.
Балақайдың арғы тегі Буракөлдің жүйрік Құлайғырынан басталады. Ол кезде де, қазіргідей, жылқы үйіріндегі сағыр-саяқтары, не кәрі биелері етке айдалатын. Балақай кәрі биенің құлыны еді. Енесін ет комбинатына өткізерде, Бейсәлі нағашым мұны “аяғы сынған” деп, бізге әдейі тастап кеткен болатын. Алғашында сиырдың сүтіне қант қосып беріп бағып, кейін қолға үйренген соң, үй жанындағы тоғайлық шалғынына өзі барып жайылып, үйге су ішуге келетіндей болып үйренді. Осы күнгі мына “Авангард” мөлтекауданының орнында бұрын тоғайлық болған-ды.
Кейде айдың сүттей жарығында жайылып-жайылып, ұзақ жусап тұратынын қызықтайтынмын. Шөмеле-көпенелер жанында айлы түнде жусап тұрған жылқының сұлу мүсіні әлі күнге дейін көз алдымнан кетпейді. Күлтеленген жалы ай жарығында қызғылт-қоңыр түске еніп, шоқтығы биіктей түсіп, сауыры жылт-жылт етеді.
Балақай алдына қара салмағын жүйрік Құлайғырдың тұқымы болғандықтан, негізіне тартып, бұл да құла болып туған. Жусап тұрғанда оқыстан бір дыбыс шықса, құлағын селтитіп, шалт қарайтыны бар. Егер суретші болсам, сол елеңдеп тұрған сәтін бейнелер едім деп, армандайтынмын.
Ай астында жусап тұрған аттың сұлу бейнесін сонау скиф не сақ заманынан ата-бабаларымыз талай қызықтағанымен, көркемөнер тарихында әлі күнге дейін ешкім салмағандай көрінетін маған. Суретке деген менің әуестігім сол Балақайды баптаудан басталды десем, әй, сірә, асыра айтқандық болмас. Сол арманым бүкіл өмір бойғы мені алға жетелеген бір ғажайып күшке айналды. Ай сәулесінің сүттей аппақ жарығы табиғат ананың мейіріне бөленген тіршілік атаулының тыныстауы болатын. Осы бейбіт, бейжай, мамыра шақтың шырқы бұзылмауы – Адам ата – Хауа анадан келе жатқан бүкіләлемдік заңдылық. Соған қарсы кереғарлық – бүкіл тіршілік атаулының қайғысы да, сүттей ұйыған менің өмірімнің де ойран-асырын шығарған тосын оқиға – соғыс еді!
Бұрынғыша ертелі-кеш көк арбаны сайлап, наубайханадан нан тиеп, брезентпен тұмшалап, Бұқар беттегі дүкенге тасимын. Бірақ күнделікті бір қалыпты іс-қарекетіміз күрт өзгеріп, міндет жүгі бұрынғыдан да ауырлай түсті. Көрші қарт Мәменді шақырып, көбіне өзім әскери комиссариатты жағалауға тура келді. Әскери даярлықтан өткен соң, майданға жіберетінін білдім де, үш күннен кейін, әскери шақыру қағазын өзім барып алып, үйге оралдым.
Кешкісін, жұмыстан кейін, Балақайды тоғайлыққа жіберген Мәмен қарт оның бойынан тосын бір мінез байқағанын айтты. Сенің ішкі қобалжуың оған қатты әсер еткен сияқты, бұрынғыдай ширақ, қунақы жүрісінен айырылғандай дейді. “Апырмай, хайуан дейміз-ау оны. Мына басымызға түскен қайғыны жануар өзінше түйсініп, сезінгені ме сонда”.
Ертеңіне ағайын-туысқандарымды шақырып, майданға аттанар алдында ақсақалдардың батасын алып, енді кеткелі жатқанымда, Балақай тоғайлықтан құйындата шауып келді де, қақпа есігін тізесімен итере ашып, менің жолдорбамды иіскеп, басын бір шұлғып, мойнын иығыма салып біраз тұрды. Сол сәтте жиналғандар дабырласып:
– Япыр-ай, Балақайдың көзінен жас сорғалап тұр ғой. Егесін қимай тұрғанын қарашы жануардың! – десті. Мен оның жалынан сипап, мойнынан құшақтап, бетімді бетіне тигізіп, қайта-қайта жалынан қақтым да, қайтып көріскенше ағайын-тумаға қош айтысып, албардан шыға бергенімде, Балақай құлақ тұндыра кісінеп, аяғымен жер тарпып, маған қарай ұмтылды. Мәмен қарт оны тізгінінен ұстап жібермеді. Үйден ұзап кеткенше, Балақайдың шұрқыраған дауысы құлағымнан кетпей қойды.
Сөйтіп, әскери эшелонға мініп, майданға аттанғандардың арасында мен де кете бардым. Алты ай жаттығу ойындарынан өткен соң, Сталинград майданынан бір-ақ шықтым. Автоматшылар ротасында табаны күректей алты ай бойы қанды қасаптың ортасында болып, оқ пен оттың астында жүрсем де, құдай сақтап, дін аман болатынмын.
Мамай қорғанының сол-түстік-батысындағы бір шабуыл кезінде жау артиллериясының снаряды жарылып, сол аяғымнан жараландым. Жолдастарым санитарлық батальонға жеткізіп, өздері ілгері кетіпті. Ақыры, ай жарым госпитальда жатып, бір жыл бір ай дегенде елге қайтып оралдым.
Ол кезде жолаушылар пойызы қалаға таң ата келетін. Қаланың Бұқар бетіндегі вокзалдан түсіп, жолдорбамды асынып алып, қос балдақпен көпірге қарай жүрдім. Қазіргідей автобус, троллейбус қайдан болсын. Қатал да қатыгез соғыстың бедер-белгісі біздің шағын қаланың да етек-жеңін жинақы еткен екен. Әскери адамдар, әртүрлі соғыс техникасы, мұнда бүкіл елге атағы мәлім соғыс жабдықтарын шығаратын, балық консервілейтін зауыттары мен кәсіпорындары жұмыс істейтін. Көпірден ерсілі-қарсылы өтіп жатқан көпшілік: жұмыскерлер, қызметшілер және жаңадан әскери даярлықтан өткен солдаттар енді майданға лек-легімен аттанғалы бара жатыр. Бәрі-бәрінің де түстері суық, қам-қарекеті уақыт талабына сай, әйтсе де әбігерленбей, асып-саспай, өз істеріне сенімді, аяқтарын нық басады.
Ал, майданнан оралған жаралы солдат екенімді көргендері таңырқап, тіпті, қайсыбірі мүсіркеп, жасамыс әйелдер жанарлары жасқа тола маған қарайды.
Көпірге жақындағанымда жауын алдында пайда бола кететін сұр қарлығаштардай жасөспірімдер мен мектеп оқушылары да менің айналама жинала қалыпты. Көпірдің тар тротуар беті жүргіншілерге толы, ерсілі-қарсылы ағылған арбалар, полуторкалар, арагідік генералдар мінетін МК-лар да жосылып барады.
Көпірдің ортасына жақындай бергенімде көп көліктің арасынан маған қарай көк арба беттеді, үстінде қара тоны, басындағы жарғақ құлақшынының бір құлағы түрулі Мәмен қарт делбе ұстап отыр. Басын төмен салып, Балақай арбаны бейқам тартып келеді. Көзіме оттай басылды. Делебем қозып, шыдай алмағаным сонша “Балақай!” деп қалай айқайлап жібергенімді білмей де қалдым.
Қаптап келе жатқан нөпір көліктің арасынан басын кенет көтеріп, сәл тоқтаған ол мені көрді де, Көшір қарттың тежемек болған әрекетіне қарамастан, алдындағы арбаларды баса-көктей менің даусым шыққан жаққа қарай ұмтылды.
Абыр-сабыр бола қалған жұрт алғашқыда арбаға жегілген ат әлденеден үріккен екен деп ойласа керек. Бір-біріне соғылыса жаздап, жолдан тайқып шығуда. Әлдекімнің сыбап, балағаттағаны естілді. Көпір үсті әп сәтте у-шу болды да қалды. Біраздан соң, арттағыларға бөгесін болған топтың ортасында Балақайдың басынан құшақтап тұрған балдақты солдатты – мені көргеннен кейін, “япырай, иесін танығанын қарашы, ұмытпағанын көрдің бе жануардың! Қарашы, көзінен жас парлап тұр!” деп, дабырлаған жүргіншілерге жол беру керек екені есіме түсті де, дереу Мәмен қартқа балдақтарымды ұстатып, арбаға міндім.
Түс қайта қаланың Самар бетіне қайтып оралдық… Қаланы қақ жарып ағып жатқан өзен үстінен темір мен бетоннан салынған осы заманғы жаңа көпірді көрген сайын сонау 43-тің ызғарлы суық күзіндегі сұр шинельді жаралы солдат пен көпір үстінде қуанышын адамша білдірген нәті жылқы баласы Балақай есіме орала береді.
* * *
Қала шетіндегі шағын тоғайлық бұл күнде атымен жоқ. Қазір мұнда көрікті мөлтекаудан кең қанат жайған. Бірыңғай бой түзеген еңселі үйлердің бірінде бір қарт суретші тұрады. Алғашқы танысқаннан кейін, еңкіш тартқан денесін тіктеп, қолындағы таяғына сүйенген ақсақал өз шеберханасына шақырды. Yш бөлмелі пәтерінің бір бөлмесі сурет көрмесі дерлік. Майлы бояумен салынған үлкен полотно бірден назарымды аударды. Ай сәулесінің астындағы тоғайлық көрінеді. Оның ашық алаңқайында бірнеше шөмеле арасында жусап тұрған жылқы, бейжай, сүттей жарық түн тыныштығы жандүниеңді жадыратып, бір сәт өзің де күні бойғы қам-қарекеттен шаршап-шалдыққаныңды біржола ұмытып, түн құшағына енгендей боласың. Қарт менің айлы түн аясында шағын тоғайлықтағы бүкіл әлемдік тыныштық субстанциясының құдіреті – мені өзіне мүлдем тартып алғанын байқап, біраз іштей толғанып тұрды да, сөзін одан әрі сабақтады.
– Сурет өнеріне деген құштарлығымды оятқан қарапайым арбакештен биік өнерге құлаш ұруымның бастауы, әрі себепкері құлын күнінен өз қолымнан өсірген осы Балақай болды. Мінезі ерке баладай көрінгендіктен оны осылай атаған едім. Содан бері көп уақыт өтті. Мен мүлдем қартайдым. Бірақ, мәңгі-бақи көркемөнер нысанасына айналып, рухани байлығымызға қосылғанын мақтаныш етемін, – деп, елжіреп тұрып әңгімесін аяқтады.
Тәжібай Жанаев