Еңбектен тапқан бақытын…

Жақында Жаннат Асабаеваның «Қазақстан халқы Ассамблеясы: ұлтаралық қатынас саласындағы саяси жаңашылдық» атты кітабы жарық көрді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының XVII сессиясында Мемлекет басшысы Нұр-сұлтан Назарбаев ұлтаралық, конфессияаралық келісімді дамытудағы институт ролін арттыруда ғылыми-оқыту орталықтарын құруды тапсырған еді. Осы мәселенің аймағымызда жоғары деңгейде жүзеге асуына Жаннат бір кісідей атсалысты. Әсіресе, конфессияаралық қатынастарды зерттеу және мемлекеттік этносаясат мәселелері аясында атқарған еңбегі зор. Осы орайда оның «Бірлік», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен марапатталуы да еңбектің еленгені дер едік.

Осыдан он алты жыл бұрын жастар қанаты мүшелерінің қатысуымен өзекті мәселелерге арналған «дөңгелек үстел» ұйымдастырылған еді. Бұл шара экономикалық қиындықтар туындаған 2000-ыншы жылдармен тұспа-тұс келді. Осы кезде жастарды мазалаған мәселе де аз болмады. Жиында қызу пікірталас жүрді. Сол уақытта Жаннат орнынан тұрып «қымбатты жастар, елімізде бірлік болсын, бірлігіміз болса, кез келген мәселе шешімін табады» деді. Кейін осы сөзін ол өзге орталарда да жиі қайталап жүрді.

 

Еділдің  ерке  қызы

Бірде жергілікті басылымда кейіпкеріміздің жан-дүниесі ашып көрсетілген сәтті сұхбат жарияланды. Онда Жаннат өзінің Еділ өзенінің жағасындағы «Яблонька» ауылында дүниеге келгендігін айтқан. Бәлкім, өңірдегі Ассамблея филиалы мен Астрахан облысындағы осы іспетті құрылыммен арада тығыз қарым-қатынастың орнауының бір себебі осында жатқан болар. Бұл байланыс Еділді тел емген екі елдің әркез келісімде болуына да септігін тигізіп жүр. Бүгінде аталған екі облыста ұлттар мен ұлыстардың өз тілін, дінін, ділін сақтап, рухани құндылықтарын, оның ішінде салт-дәстүр, мәдени мұрасын жаңғыртуға барлық жағдай жасалған.

Жаннатты майдангерлер мен тыл ардагерлері де жақсы біледі. Өзінің әкесі Уахит та – майдангер. Сол себептен де, Жаннат соғыс ардагерлерін жанына жақын көріп, көмегін аямайды.

 

Шаттыққа  бөлеген – «Шаңырақ»

Бүгінде Атырау қаласында этникалық қазақтар тұратын екі ықшамаудан бар. Олардың бастапқыда үлкен қиындықтарды бастан өткергендігін өзгеден гөрі Жаннат жақсы біледі.

Кейіпкеріміз жат жерде болу, Отанға деген сағыныш, қуғын-сүргіннің қандай болатынын жанымен сезінген адам. Нағашы атасы кезінде тауар әкеліп сататын кәсіпкер болған. Сол ісі үшін қудаланған атасы Сібірге айдалған екен. Кетерінің алдында отбасына туған жерден қоныс аударуды аманат етеді. Қызының тағдырына алаңдаған ол Сібірге кетерден бір күн бұрын Жаннаттың анасын 13 жасында күйеуге берген екен. Кейін отбасы Астраханға көшіп кетеді. Содан Асабаевтар отбасы туысқандарының көмегі арқылы Атырауға 60-ыншы жылдары ғана көшіп келген.

Бір кездері Қазақстан халқы Ассамблеясының Атырау облысы бойынша филиалы төрағасының орынбасары болған Жаннат қызметтік жолын ауылдық мектепте мұғалім болып бастады. Атырау қаласы әкімінің орынбасары да болды. Кейін жергілікті Ассамблея жұмысына араласты. Осы құрылымда жүріп отбасылық шаңырақ мерекесінің дәстүрге енуіне ұйытқы болды.

 

Хатшылық қызметіндегі қарбалас

Жаннат Ассамблея жұмысына келгенде облыс бойынша төрт этномәдени бірлестік қана жұмыс жасады. Бүгінде олардың саны 17-ге жетті. Бірлестіктер арасында да бәсекелестік, түсінбеушіліктер болады. Мәселені ушықтырмай, келісім арқылы шеше білу де – айрықша өнер. Сондықтан, тілі, діні, түрі басқа түрлі ұлттарды бір шаңыраққа біріктіріп, жұмыс жасау оңай болмаса да, кейіпкеріміз қиындықтардан шығудың жолын таба білді. Көптеген адамдармен қоян-қолтық қызмет етті. Солардың бірі – Алевтина Воронцова мен Зәмзәгүл Жалмұрзина еді.

Бүгінде Ассамблея бірлестіктердің ғана емес, жергілікті оқу орындары мен үкіметік емес ұйымдардың, кәсіпкерлер корпусы, мәдениет қызметкерлерінің жиі бас қосатын, облыс халқын ынтымаққа үндейтін үлкен ортаға айналды. «Шаңырақ» мерекесі, «Бірлік» фестивалі, «Ассамблея аруы» конкурстары, жоғары сынып оқушыларына арналған «Ассамблея – ұлтаралық диалог мектебі», «Достықта жоқ шекара» сынды шаралар бүгінде осы бірегей құрылымның брендіне айналды.

– Қиыншылықтар да аз болмады. Әсіресе, Ассамблеяның облыстық құрамына өзгеріс жасау қажет болғанда қатты уайымдадым. Себебі, ол кезде бұл істің маңыздылығына көпшілік сеніңкіремеген еді. Шешім қабылдамас бұрын, «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген халық нақылына жүгінуіме тура келді, – дейді Жаннаттың өзі.

Жаңа  белес

Айта кету керек, жақында жарық көрген аймақтық Ассамблея туралы кітап – Жаннаттың алғашқы еңбегі емес. 2006 жылы Ассамблеяның 10 жылдық тәжірибесін қамтитын «Бір тағдырмен байланыс-қан» деп аталатын кітабын жазды. Бүгінгі таңда ол туынды қазақстандық келісім моделінің тарихи құндылығына айналды.

Ассамблея алдында қазір жаңа міндеттер тұр. Ол тәуелсіз еліміз қолға алған реформаларды іске асыру болып табылады. Жаннат қай кезде де Ассамблея жұмысынан алыстаған емес. Бүгінде ол Атырау инженерлік-гуманитарлық институты Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі бола жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып келеді.

Жаннат жайма-шуақты маусым айында дүниеге келген. Ол өмірге келген 1 маусым – Балаларды қорғау күні мерекесі. Жаннатың балаларға бір табан жақын болуы да сондықтан болса керек…

P.S. «Елдің біртұтастығы – біздің басты байлығымыз. Сондықтан, біз осы ізгі мақсатта аянбай тер төгуге тиіспіз» дейді Жаннат Асабаева. Жаны бар сөз. Себебі, бірлігі жарасқан елдің ғана озатынын әлемдік геосаясат картасында қалыптасқан ахуал дәлелдеп отыр.

 

Тамара МАКСИМИХИНА,

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз