Бала санасындағы батыр кім?
«Атыраудың орталығынан керемет дәмхана ашылды» дегенді естіп, жұмыс аяғына қарай құрбым екеуміз сонда кешкі асқа кірген болатынбыз. Жаңадан ашылған орын болған соң ба, шынымен келушілер қатары көп екен. Шетте тұрған бос үстелге жайғасып, тапсырысымыз келгенше әңгімелесіп отырдық. Бірақ, диалог ұзаққа созылмады. Шыңғырып жылаған сәбидің дауысы залдағылардың еріксіз назарын аудартты. Әлденені сұрап, анасынан рұқсат ала алмаған болса керек, ашуланған бала жер тепкілеп, мұздай еденнің үстіне жата кетті. «Жақсы, ала қой. Бірақ, үйге кеткенше дыбысыңды шығармай отырасың» деп зілденген анасы баланың қолына телефонды ұстатты. Қуанған бала «Халкті қосып бер» деді де, ақырып, жер соққылап жатқан кейіпкерімен қауышқанына ырза болып, жылағанын бірден тоқтатты. Баланы әлгі видеоның «байлап алғаны» сонша, анасы алдырған тамағы да суып, жайына қалды. Шамамен үш-төрт жас аралығындағы сәби анасымен арадағы «шайқаста» осылайша жеңіске жетті.
«Бад бэйбидің» бәлесі
Шындыққа тура қарау керек, бұл бір ғана кафеде емес, қазақтың әр шаңырағында күнделікті қайталанып жатқан көрініс. Оған етіміз үйреніп кеткені сонша, сәби тыныш болсын деген оймен оның сұраған түсініксіз видеосын өзіміз іздеп, қосып беретін болдық. Бір қарағанда, керемет ақ тәсіл. Бала бірден тыныштанады. Сәби жыламай отырған соң, сіздің де жаныңыз рахатқа батады. Бірақ, осындай виртуалды әлемнен алып жатқан «тәрбие» кішкене бүлдіршіннің санасына қалай әсер етеді? Осы жағын ойланып көрдік пе екен?
Еуропалықтардың жер бетінде мүлде болмаған, ойдан шығарылған сан түрлі кейіпкерлері қазір «бад бэйби» деп басталатын «You tube» видеоларын жаулап алды. Берісі 500 мың, әрісі 6 миллионға дейін қаралым жинайтын видеолар сиқырын қанша ізденсек те, қабылдай алмадық. Бірақ, балалар санасын баурауы мүмкін себептер қатарында, қандай қитұрқы жағдайда болмасын қолданылатын арнайы эффектілердің тұруы ғажап емес. Ал, көп жағдайда қатыгездікке баулитын мұндай видеолардың психотроптық әсері туралы әңгіме өз алдына бөлек тақырып.
Психологтар дұрыс айтады. Бала сіз бен біз ас үйде жиі пайдаланатын губка іспетті. Нені көреді, нені естиді, сана соны қабылдайды. Оның ақ-қарасын, дұрыс-бұрысын анықтап жату үшін, сәби сана өсуі керек.
Айғаным, Зере әжелердің құпиясы
Тарихқа қарап отырсақ, қазақ халқының бала тәрбиесінде қолданған әдіс-тәсілдерінің, тіпті күнделікті өмір салтының тұнып тұрған халықтық педагогика екендігін көруге болады. Еуропаға жол салған Шоқан Уәлихановты, мәңгі өлмейтін дала философиясының негізін қалаған дана Абай Құнанбаевты кезінде Айғаным, Зередей әжелеріміз ертегімен, батырлар жырымен сусындатып, тәлім-тәрбие берген. Әділдікті қақ жарған билерден, атағы жер жарған даңқты батыр, қолбасшы, ғұлама адамдардан балаларына бата алғызған. Бата алу үшін, ат жалын енді тартып мінген жас талай күн, талай түн жол жүріп, межелі жерге арнайы баратын болған. Үлкендер жиындарға баланы ертіп жүріп, жыр-қиссаларды тыңдатып өсірген. Осылайша, күнделікті өмір салтымен үзілмей жалғасқан халықтық тәрбие қазаққа арысы Сүйінбай, Ыбырай, берісі Халел, Әлихандай дараларды сыйлады.
Адамның адам болып қалыптасуы бала жастан бойына сіңірген тәрбиеге тікелей байланысты екенін тарихтың әлдеқашан дәлелдеп тастағандығына тағы бір мысал келтірелік. Қарап отырсаңыз, атағы әлемге жайылған танымал тұлғалардың дені жетістікке жетудің сырын бала күнгі армандарымен ұштастырады. Мәселен, Троя қаласын құм-топырақтан аршып алып шыққан әйгілі Генрих Шлиманды ынталандырған дүние – бала кезінде анасы айтқан ертегі екен. Сол ертегіні тыңдап, Трояны көзбен көруді армандаған бала Генрих ғалым атанған тұста да мақсатынан қайтпай, қаншама мазақ пен азапқа төзе жүріп, көздегеніне жетті. Топырақ астында қалған құнды жәдігерді адамзат игілігіне қайтарды…
Ертегі терапия
Енді сол тағы да психологтардың айтқанына жүгінсек, ертегі тыңдап өскен бала алдағы өміріне бағыт қалыптастырады екен. Бала ертегі кейіпкерлерінің тұлғасына қарап, бой түзейді. Осыны ескерген Еуропа елдері, тіпті, көршілес Ресей ертегі терапиясына мән бере бастады. Ерекше тәрбие үлгісін олар балаларды дамыту орталықтарында кеңінен қолдануда. Сол сияқты, батырлар жыры да тарихтың бір бөлігі, жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелейтін тамаша ілім. Орыс зерттеушілерімен бірге, Әлкей Марғұлан, Әуелбек Қоңыратбаев сынды кейбір қазақ ғалымдары эпостық жырлардағы тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларға сүйене отырып, жыр мен тарихтың жақындығын тілге тиек еткен.
«Ертегілермен қоса, лироэпостық жырларды ұрпақ тәрбиесіне байланысты қолдануымыз керек. Өзіміз жиі сынға алатын айырқалпақты ағайындардың, яғни, Қырғыз елінде екі баланың бірі Манас жырын жатқа айтады. Асылында, қызық оқиғаға қызықпайтын бала жоқ. Демек, балабақшадан бастап, мектеп қабырғасында бала тәрбиесіне батырлар жыры мен эпостарды пайдаланудың тың тәсілдері керек. Мысалы, «Қобыланды» жырындағы Құртқа – батырға ат таңдап, болашақта қандай қиындық боларын алдын ала болжап отыратын көреген адам. Батырлығымен басқаларға үлгі болған кейіпкерлерді мультфильмге айналдырсақ, біздің балаларымыз «Өрмекші адам» болуды емес, шынайы батыр болуды мақсат тұтар еді» дейді тәжірибелі психолог Мөлдір Әлімжанова.
P.S.
Соңы жалпыұлттық бағдарламаға ұласқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» деген еді. Ендеше, батырлар жыры, ертегі атаулының балалардың қалыптасуына бағыт көрсететін рухани азық екендігін ұмытпауымыз керек. Осыны әлімсақтан аңғарған ата-бабаларымыздың жыршылдық пен шешендік өнерді балаға кішкентайынан дарытқан тамаша философиясын заманауи үлгіде жалғастыруға міндеттіміз. Рас, «Жеңіс семсері», «Қалқаңқұлақ» сынды ертегі-фильмдер бар. Бірақ, кішкентай көрерменнің назарын аударып алуға ол дүниелер аздық етіп жатыр…
Баян ЖАНҰЗАҚОВА
Сіз не дейсіз?
Ұлжан ҚАЙЫРЖАНОВА, тәжірибелі педагог:
Дүниетаным ауыз әдебиетімен жетіледі
Балалар санасындағы батырдың бейнесі кім? Бұл сұраққа жауап іздеу үшін алысқа барудың керегі шамалы. Басқа емес, баланың өзіне осы сұрақты қойсаңыз, кішкентай бүлдіршін сізге көп ойланбастан «Человек паук» деп жауап береді. Иә, көптеген кино, мультфильм жанрынан белгілі «Өрмекші адамның» торы осылайша, талай қазақ баласының санасын шырмап алып жатыр. Баламен әрі қарай сөйлессеңіз, «батырлардың» тізімін Халк, трансформер сынды бізге белгісіз роботтар атымен жалғай түсуге бар.
Асылында, қазақ баласының дүниетанымы ертегімен жетілуі керек. Бесік жырынан бастап, әжесі мен анасының үнімен жететін әуезді ән, әсерлі ертегімен, яғни, ауыз әдебиетінің құнарымен өскен баланың көркемдік әлемі де ерекше болатынын ұмытпауымыз керек.
Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана