БОЛАШАҒЫН ОЙЛАҒАН ЕЛ – БӨБЕГІН АЯЛАЙДЫ

Елімізде ана мен бала денсаулығы қашанда биліктің назарында. Алмагүл ықшам ауданында орналасқан қалалық перзентханада Отбасы күні он сәби дүние есігін ашып, ата-ана қуанышқа бөленді. Оның жетеуі – ұл, үшеуі – қыз бала. Атаулы мереке күні шыр етіп өмірге келген сәбилер мен аналарды облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева арнайы құттықтап барды.

Әуелі аналар мен сәбилердің денсаулығын сұрастырған Айгүл Теміртасқызы бұл күні дүниеге келген сәбилерді жақсылыққа балап, отбасыларына ұзақ та әдемі өмір тіледі.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өткен жылдан бастап қыркүйектің екінші жексенбісін «Отбасы күні» деп жариялады. Отбасылық құндылықтарды, көп балалықты насихаттау – бұл біздің мемлекетіміздің ең басты міндеттерінің бірі. Шаңырақтыңыз нұрлы, әр күндеріңіз мерекеліде, берекелі болсын», – деп тілегін жолдаған облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиева аналарға гүл шоқтарымен қоса естелік сыйлықтар ұсынды.
Өздеріне көрсетілген құрмет пен қамқорлыққа ризашылығын білдірген аналар да өз кезектерінде ақ көңілден тілектерін ақтарды. Соның бірі – жиырма сегіз жастағы Надира Жәркембаева. Ол мереке күні үш қыздан кейін көптен күтіп жүрген ұлын дүниеге әкелген қуанышымен бөлісті. «Отбасы күнінде облыстық әкімдік тарапынан аналарға көңіл аударуы – көңілімізге қуаныш ұялатады. Өйткені, әрбір әйелдің басты парызы – өмірге ұрпақ әкелу, ана атану. Жер бетінде одан артық құрмет те, бақыт та болмаса керек. Барлық аналарға осындай бақытты, ал балаларға әдемі балалық шақты тілеймін», – деді көп балалы ана Надира.
Аталған перзентхананың бөлім меңгерушісі Назымгүл Меңдешова материалдық-техникалық жағдай уақыт талабына сай жаңартылғанына тоқталды. «Ана мен баланың денсаулығын қорғау – күн тәртібінен түспейтін күрделі мәселелердің бірі. Сондықтан, аналар үнемі дәрігерлердің бақылауында. Перзентханада босану бөлімі 100 орынға арналған. Ұжымның барлық қызметкерлері жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарайды. Дәрігерлердің кәсіби білікгі, тәжірибелері мол, – дейді Н.Меңдешова.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА,
Суретті түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз