БАҚЫТЫН ТАПҚАН ЕҢБЕКТЕН…
Ғасырдан астам тарихы бар қазақ мұнайының өркендеп, дамуында талай жандар тер төкті. Көпшілік мұнайшылар қара жұмыста шыныға жүріп, Мәскеудегі жоғары оқу орнынан білімдерін жетілдірді. Сөйтіп, бесаспап мамандар атакәсіпті жандандыра түсті. Сұрапыл соғыс жылдарында да жауынгерлерге қажетті мұнайды жеткізіп тұрды. Мұнайшылардың осынау ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес. Әсіресе, ел экономикасының күретамыры саналатын саланың даңғыл жолында олардың ерлігі бүгінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс. Аға буынның естеліктеріне көз жүгірте отырып, қиындыққа қаймықпай белестерді бағындырған мұнайшылардың қызметінің ауырлығын байқаймыз.
…Ол ес біліп, мектепке аяқ басқан жылы еліміз тәуелсіздік алып, етек-жеңімізді жия бастаған кез-тұғын. Индер ауданы, Елтай селосының совхозында механик болып еңбек етіп жатқан Жайлыбай Каукенов отбасы да тұла бойы тұңғышы Азамат мектеп табалдырығын аттағанына қалай қуанды десеңізші?! Мал дәрігері мамандығын алған отанасы Тойған Оразалиева бала тәрбиесімен айналысып, сүттей ұйыған отбасының татулығын, бірлігін сақтауға тырысты. Әкені балаша қуантқан үлкен ұл сенімді ақтады. Артынан ерген екі қарындасы мен інісін өсіруге көмектесті. Орта мектепте өзге оқушыларға үлгі тұтатын озат шәкірт болды. Жасөспірімдік кезеңнен өтіп, жоғары сыныптарға жеткенде басқалардан гөрі химия пәні жанына жақын екенін ұқты. Пәндік олипиадаларға қатысып, жүлдегер атанып та үлгерді. Балалықтың қызықтары артта қалды. Азамат үйдің үлкеніне артылар жауапкершілікті түсінді. Кішілерге қамқор бола жүріп, мектебімен қимай-қимай қоштасты.
2002 жылы қатарлас құрбыларымен бірге жүрек қалауы бойынша Атырау мұнай және газ институтына бұрғылау мамандығына оқуға түсіп, оны да сәтті аяқтап шықты. Бес жыл бойы студенттік шақтың қызығы мен шыжығына бөленген жас 4-курста оқып жүргенде-ақ алғашқы еңбек жолын бастады. Ауылда бала шағынан ата-анасына көмектесіп, қолғабыс болған Азамат қай жұмысты да жатсынбады. Оның үстіне, өзі бір кездері армандаған «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына мұнай өндіру операторы ретінде қызметке орналасты. Жұмыс бабында да жас маманды тәжірибе жинақтасын деп түрлі цехтарға ауыстырды. Мұнай өндіру операторлығынан жерасты жөндеу цехына келді. «Жұмыстың жоғынан көбі жақсы» демекші, Азамат осында жүріп институтта оқыған теориясын тәжірибемен ұштастыра білді.
— Бастапқыда бәрі де қиын сияқты еді, кейін вахталық әдіске де үйреніп алдым. Ұжымыма бірден бауыр басып кеттім. Әсіресе, қырық жыл бойы үздіксіз оператор болып жұмыс жасап келе жатқан тәжірибесі мол Өтеш Жамбылов, цех басшысы Жасұлан Беркалиев және Екібай Ділмұқашев секілді шеберлердің қамқорлығының арқасында қиыншылықты жеңе білдім десем артық айтқандығым емес. Менімен танысқан сәтте олар өздерінің жастық шағын еске алатын, -деп есіне алады кейіпкеріміз.
Қайнаған еңбек майданында жүрген жігерлі жас басшылықтың ұсынысымен қоғамдық жұмыстарға араласты. Оқушы кезде қай жағынан да белсенді Азаматтың екінші тынысы ашылғандай болды. «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген қанатты сөз осындайда айтылса керек. Волейбол, футбол, үстел теннисі секілді спорт түрлерінен жарыстарға қатысумен қатар, кейіпкеріміз бір жылдары «Жігіт сұлтаны» байқауында да бақ сынап көрді. Акционерлік қоғам, қала берді, цех арасында ұйымдастырылатын жарыстардан жас жігіт жүлдесіз оралмады. Үлкен-кіші, жасқа қарамастан сайыстардан қалмайтын мұнайшылар компанияда елеусіз қалмады. Саулығы сыр бере қалса, еліміздің атақты шипажайларынан ем алып, денсаулықтарын түзеп қайтады. Қызметтік көлік, жатақханадағы орын, ішер ас, сақтандыру компаниялары арқылы үздік емханалары мен ауруханаларына қаралу, тіпті отбасылы жұмысшылардың балаларын жазғы лагерьлерге жіберу және тағы да басқа әлеуметтік қолдаудың түрі сан алуан. Осыдан-ақ компанияның негізгі құндылығы, тірегі қызметкерлері екенін анық байқауға болады.
— Маған өзімнің қызмет етіп жатқан мекемем ұнайды. Компаниямның болашағы зор, жарқын екеніне сенімім мол. Жұмыста алғыр болып, қоғамдық шараларда белсенділік таныта білсең, алынбайтын қамал жоқ. Оның үстіне, шетелдік компаниялардағыдай емес, қызметтік өсуге де мүмкіндік бар. Мәселен, шебер немесе технологтың орнында қалып жұмыс істеп көруге болады. Содан біраз тәжірибе жинақтадым. Компания жұмысшыларын қамқорлаудан аянған емес. Өз мекемемнің әлеуметтік жауапкершілігі жоғары кәсіпорын екенін мақтан тұтамын, — деген Азамат Каукенов өзінің алғаш рет «Өз ісінің үздігі» сайысына қатысқандағы әсерімен бөлісті.
Бірінші рет мұндай жарысқа «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасынан алғаш рет келгендіктен жүрексіну болды ма, «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамы арасында өткен байқауда үшінші орынды қанжығаға байлап қайтты. Бұл Азамат үшін үлкен сын алдындағы дайындық іспетті еді. Оның үстіне, сол жылы «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның ІРО-ға кіргеніне бес жыл толуына орай Лондонда акционерлер жиналысы өткізілген болатын. Әр басқармадан бір-бірден шыққан мамандар сол жиынға аттанып кетті. Қарапайым жанұядан шыққан жастың Лондонды аралап қайтуы үш ұйықтаса түсіне де кірмейтін. Алыс жолға іссапар кейін бес-алты жылдық еңбек өтілі бар кадрдың жұмысқа деген ынтасын одан сайын арттырды. Компания тарапынан шынайы қолдауды сезінген ол бұдан да биік белестерді бағындырғысы келді. Сондай-ақ, әріптес ағаларының да «жұмысыңмен көріне білсең, кәсіпорын елеусіз қалдырмайды, мекеменің мүмкіндігі мол» деген ақыл-кеңестерін жадынан шығарған емес.
Осынау жылдары Азамат өмірлік серігі Бану Бағдатованы кездестіріп, шаңырақ көтерді. Өмірге сәби келіп, білікті маманды әке, үлкен әулеттің алып бәйтерегі Жайлыбайды ата атандырды. Бұрын пәтер жалдап жүрсе, енді Атырау қаласындағы селолық округтердің бірінен өз үйін де салып алды. Бұл толайым жетістіктердің бастамасы ғана еді. Ағымдағы жыл соның жалғасы болды. Азамат Каукеновке жұмыстағы басшылығынан «Өз ісінің үздігі-2014» байқауына бақ сынауға ұсыныс түсті. «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасынан бірінші орынға ие болған ол «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамынан да үздік деп танылды. Үкілеген үміт пен әріптестердің сенімі ақталды. Бірақ, саябырсуға негіз жоқ. Алда «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ-ның үлкен сайысы күтіп тұр. Оған артылар жүк тіптен ауыр. Себебі, биыл байқау «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамының базасында өткізілді. Жан-жақтан жиналған кәсіби шеберлер бір-бірінен оза шаппаса, қалысайын деп тұрған жоқ. Тартымды әрі тартысты бәйгеде жүйріктер ғана жеңімпаз атанады. Бірнеше ай бойғы әзірліктің, еңбектің нәтижесін Азамат сол байқауда да көрсетті. «ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» АҚ бойынша Оңтүстік-Батыс кен алаңының мұнай-газ өндіру операторы І орынды жеңіп алды. «Өзенмұнайгаз»-дың қызметкерлері де біліктіліктерімен көзге түсті. А.Каукеновтің айтуынша, мықты қарсыластар да содан табылды. Жағымды жаңалық жанұясында ұлының өмірге келуімен әсерлене түскенін қайтерсіз?! Сондай-ақ, биыл өзінің «темір тұлпарын» да мінді. Енді ол осы жарыстардан жиған-терген тәжірибесін кейінгілермен бөліспек.
— Биыл менің отбасым үшін табысты жыл болды деп есептеймін. Байқаудан бірінші орын алып келген соң Түркияның Кемер қаласына оқуға және демалуға барып қайттық. Одан алған әсерімді сөзбен жеткізе алар емеспін. Жұмысшыларға ұжымда ұйымшылдықты сақтау секілді қажетті сабақтар болды. Оқуға қатысқан он жеті қызметкердің бәріне де сертификат табысталды. Осыдан бірер жыл бұрын тимбилдингке де қатысып, әріптестер арасында жақын достар тапқан едім. Бұл жолы біраз мамандармен жақынырақ танысып қайттық. Соның өзі компанияның қызметкерлердің біліктілігін арттыру жолында жасалынып жатқан жұмыстардың бірі ғана екенін білемін,-деп қысқа қайырды сөзге шорқақтау мұнайшы.
«Үздік маман-2014» байқауының жеңімпазы қанша биіктерден көрініп, жетістіктерге жетсе де, туған ауылын есінен бір сәт те шығарған емес. Бір кездегі домбырасы қолынан түспейтін қазақы ауылдың қарапайым баласы өзі қызмет етіп жатқан «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының арқасында талай белестерді бағындырды. Бүгінде ол білікті, білгір мұнай-газ өндіру операторы. Кім білген, жұмысындағы іскерлігін осы қарқынмен жалғастыра берсе, бұдан да жоғары лауазымдарды атқарар?! Бәрі де өз уақытымен емес пе?! Біз кейіпкерімізбен тілдесу барысында осыны ұқтық.
Айбөпе САБЫРОВА.