Бақуатты тұрмыс көзіне айналса…
Жер – ықылым заманнан халқымыздың киелі мұрасының бірі. Осы ұлан-ғайыр даламыз ерекше аялауды, күтімді қажет етеді. Әсіресе, ауыл шаруашылығы мақсатында қолданылатын құнарлы жердің нақты иесі болса, бұл осы саланы өркендетуге өзіндік септігін тигізер еді. Бұған біздің «Райхан» шаруа қожалығының мысалынан нақты деректер келтіруге болады.
Қазір иелігімізде 49 жылға жалға алынған 300 гектар жер бар. Оның 70 гектарына көкөніс, бақша дақылдарын егіп, жыл сайын мол өнім жинап келеміз. Атап айтқанда, жыл сайын 36 гектарға картоп, 4 гектарға қауын, қарбыз, 30 гектар аумаққа қырыққабат пен сәбіз, жуа мен бұрыш, қызанақ пен қияр, баклажан өнімдерін өсіреміз. Өткен жылы 36 гектардан 1440 тонна картоп өнімін жинадық.
Осылайша, бұрын тек мұнай-газ өнеркәсібі қарыштап дамыған аймағымыздың ауыл шаруашылығы өнімдерімен өзін-өзі толық қамтуына үлесімізді қосып келеміз. Бұл күндері Атырауға еліміздің өзге өңірлерінен, сондай-ақ, көршілес Ресейдің шекаралас облыстарынан тасымалданатын көкөніс-бақша дақылдарының көлемі азая түсті.
Шаруа қожалығында 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Сонымен бірге, ерте көктемнен күз айларына дейін созылатын маусымдық жұмыстар кезінде тағы да 50-60 адамды қосымша жұмысқа тартып келеміз.
Мұның бәрін неге айтып отырмын? Өйткені, соңғы кезде ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жердің шетелдіктерге сатылатындығы және жалға берілетіндігі төңірегінде түрлі алыпқашпа әңгімелер айтылуда. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясында осы мәселеге орай өзінің алаңдаушылығын білдіріп, «Тағы да айтқым келеді – ауыл шаруашылығы жерлерін шетел азаматтарына және компанияларына сату туралы мәселе жоқ, талқыланбайды да. Біздің мақсат – ауыл шаруашылығымен айналысатындарға жекеменшігіне жер алу мүмкіндігін беру» деп түйіндеп берді.
Шынында да, біз, ауыл шаруашылығы саласының өкілдері осы мақсатта қолданылатын жер аумағының азып-тозғанын қаламаймыз. Өйткені, иесіз жатқан жер де күтім жасалмағаннан кейін құнарлылығын жоя бастайды. Ал, егер жердің нақты иесі болса, оның ел үшін пайдасы ұшан-теңіз боларына сенемін. Біріншіден, иесі бар жер айрықша күтімге алынады. Қай азамат өзінің иелігіндегі жерінің бүлінгенін қалаушы еді. Бұл – бір.
Екіншіден, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді жалға, не өз иелігіне алған шаруашылық иесі оның құнарлылығын арттыруға, одан мол өнім алуға мүдделі болады.
Райхан БӨЛЕКОВА,
«Райхан» шаруа қожалығының жетекшісі, Махамбет ауданы.