Жарнама
Қоғам

Бабадан қалған ұлы аманат

Кез-келген адам, кез-келген халық, кез-келген мемлекет қасиетті жерді өзінің анасына теңеп, оған Жер-Ана деген киелі атау берген. Әр кезеңде Жер-Анаға арнап өлең-жырлар жазып қалдырған қай халықтың да ұлттық шығармаларынан оған деген үлкен махаббатты, кіршіксіз сезімді көруге болады.

Яғни, Жер-Ана – өмірдің, тіршіліктің нәрі, байлықтың көзі, адамзат атаулының қамсыз өмірінің бірден-бір кепілі.

Қазақтың бай мұраға толы ауыз әдебиетінде жерді барлық құндылықтан биік қойған халық туралы  мынадай бір керемет аңыз бар.

Ертеректе бір бейбіт ел өмір сүріпті. Елді ақылы дариядай  дана хан басқарған екен. Сол елге көрші қоныстанған тағы бір хандық болыпты. Бірақ, ол елді басқарған ханның көзқарасы, ұстанымы біз айтқан елге мүлде кереғар болған екен. Бейбіт елдің тірлігіне қызыққан жауыз хан ретін тауып көрші елді жаулап  алуды ойлаумен күн кешіпті.

Ұзақ ойланған ол  бір күні бейбіт хандыққа елші жібереді. Елші арқылы дана ханнан оның атағы жер жарған жүйрік тұлпарын тез арада беріп жіберуді талап етеді. Хан уәзірлерін шақырып, кеңес құрады. Уәзірлер тұлпарды беруге қарсы болады. «Одан да елшіні өлтіріп, атқа қонайық! Көршілес хандыққа шабуыл жасайық! Біз хандықтың абыройын асқақтатып тұрған атақты сәйгүлігімізді тектен-тек беріп қоймаймыз!» деп шуылдайды уәзірлер. Сонда хан ашуға мінген уәзірлерін тоқтатып, елімнің тыныштығы үшін жүйрік ат садақа бола қойсын. Маған «елімнің бейбітшілігі қымбат» дейді де, келген елшіге тұлпарды ұстатып жібереді.

Дәндеп алған қара ниетті  хан араға уақыт салып, тағы елші жібереді. Бұл жолы ханнан көлемі ешкінің тулағындай болатын жер беруін талап етеді. Дана хан кезекті кеңесін құрады. Сол кезде уәзірлер «ешкінің тулағындай жер деген не тәйірі! Алса,  ала берсін. Берейік» деп қоштай кетеді. Сол кезде қаһарына мінген данышпан хан «Жоқ! Олай болмайды! Мен берсем сырты түк, іші боқ жануарымды бердім. Бірақ, жер – халықтың меншігі. Атқа қоныңдар! Қару алыңдар!» деп, елмен бірге жерді қорғауға аттанған екен. Міне, осы аңыздың өзі ата-бабаларымыздың қасиетті жерді қасық қаны қалғанша қорғағанын көрсетеді.

Жер Кодексіне  енгізілген өзгерістері  халық тарапынан қолдауға ие болмады. Мәселенің қоғамдық резонанс тудыруы да сондықтан. Осы жағдайды ескерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев заңның кейбір баптарына мораторий жариялау арқылы, кезекті рет өзінің көрегендігін көрсетті. Елдің ойынан шықты.

Ал, экономикалық тұрғыдан қарағанда, жер тауар болып табылады. Және де ол «тауар+ақша+ тауар» формуласы түрінде жұмыс істеуі керек. Әрине, бұл формула бірден жүзеге асып кетпейді. Дегенмен, жерді тауар түрінде экономикалық өсімге пайдалану – сауаттылықты, мұқияттылықты, біліктілікті қажет етеді. Және мұндай мәселелер ғылыми негіздерді, халықтың дәстүрін және халықтың  пікірін есепке алып отырып қана жүзеге асырылуы керек. Сондықтан да, оны түсіндіру жұмыстарын күшейту керек. Ең бастысы, заңда кез-келген мәселені айналып өтетін тұстар болмауы тиіс. Халыққа заңды түсіндіруге Экономика министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірге, жаңадан құрылған Ақпарат және коммуникация министрлігі кешенді жұмыстар атқаруы керек. Сонда ғана ең ыңғайлы шешімі табылары сөзсіз. 

Абат  КЕНЖЕҒАЛИ,

ҚР  Мәдениет  қайраткері.

 

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button