ҒИБРАТҚА ТОЛЫ ҒҰМЫР

Қуанышев Бақыт 17 жасында орта мектепті бітірген жылы Топайлы селолық кеңес атқару комитетіне хатшы болып орналасқан болатын. Жас жігіт майданға аттануды, елін жаудан азат етуді армандайтын. 1943 жылдың басында әскерге алынып, десанттық құрамаға тап болды. Сөйтіп ол, 98-гвардиялық әскери-десант дивизиясының 18-бригадасы құрамында Карелия жерінде соғысқа араласты. Кейін ІІІ Украина майданы құрамында Дунайдан өтіп, Будапешт, Вена, Прага қалаларын жаудан азат етуге қатысты.

 

Десанттардың ең ауыр, ең қиын жерге жұмсалатыны белгілі. 1945 жылы еліміздің шығысына жіберіліп, Жапон милитаристерінен Мүкден, Харбин қалаларын азат етіп, соғысты Порт-Артур қаласында аяқтады. «Отан соғысы» орденімен 2 рет және бірнеше медальдармен марапатталды.

Елге оралған соң «Қазмұнайқұрылыс» басқармасына жұмысқа кіріп, оның бас инженерлігіне дейін өскен. Ал, 1953 жылы, тәжірбиелі басшылар мен мамандар ауыл шаруашылығын көтеруге жұмсалған кезде, Қызылқоға аудандық МТС-ке жіберіліп, кейін «Казсельхозтехника» басқармасын, облыстың «Рыбакколхоз» мекемесін басқарды. Бұл салалардағы жемісті қызметі үшін «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, басқа да көптеген медальдармен марапатталды.

Бұл күнде майдан даласында ерлік көрсетіп, бейбіт күнде еңбегімен даңқын шығарған Б.Қуанышев 90 жасқа толып отыр.

Әлі де тың, кездесу кештеріне барып, жастар арасында адамгершілік, отансүйгіштік, руханият, имандылық бағытындағы әңгімелерін айтып кейінгі ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің үлгісін көрсетуде.

Әліпқали БЕКЕШ,

Атырау қалалық

ардагерлер кеңесінің төрағасы.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз