БАҒДАРЛАМА ӨЗЕГІ – БАЙЫПТЫ ІС
Осылайша, әлеуметтік жаңғыртудың алға қойған міндеттері адам потенциалын тиімді пайдаланудың шараларын қарастырады. Осыған байланысты, мынадай стратегиялық міндеттер айқындалды:
— кәсіби дайындық жүйесін тиімді дамытуды қамтамасыз ету;
— жұмыссыздарды қайта даярлау;
— жаңа жұмыс орындарын ашу және бұрынғыларын сақтауға жұмыс берушілерді ынталандыру;
— шағын бизнес пен жеке кәсіпкерлікті дамытуға көмектесу;
— халықтың әлеуметтік әлсіз топтары мен жастарды жұмыспен қамтуға көмектесу;
— еңбек миграциясын ұйымдастыру бойынша шараларды қамтамасыз ету.
Жұмыссыздықтан қорғау шаралары қоғамда табыстарын және әлеуметтік мәртебесін жоғалтқан топтардың болуымен байланысты әлеуметтік шиеленісті төмендетуге бағытталған мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі болып табылады. Бұл ретте мемлекеттің осындай мәселелерді шешуге қатысу дәрежесі мен түрлері, қолданылатын құралдары мен тәсілдері көптеген елде әртүрлі.
Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда әлеуметтік саясаттың басым міндеттерінің бірі жұмыссыздық деңгейінің өсуіне жол бермеу болды. Осыған байланысты жаңа жұмыс орындарын құру бойынша уақытында қабылданған шаралар нәтижесін Қазақстанның еңбек нарығындағы негізгі көрсеткіштерден көруге болады. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің деректері бойынша 2008-2013 ж.ж. жұмыссыздық деңгейі 6,6%-дан 5,2% дейін төмендеді, ал 15 жастан 24 жас аралығындағы жастар жұмыссыздығының деңгейі 7,4%-дан 3,8% дейін төмендеді.
Жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау жүйесін ұйымдастырудың әлемдік тәжірибесін қарай отырып, либералдық және әлеуметтік екі базалық моделін атауға болады.
Олардың біріншісі солтүстік Америка елдері мен Ұлыбританияның кейбір елдеріне тән, ол қоғамдағы экономикалық және қаржы шығындарын төмендетуге бағдарланған. Белсенді және белсенді емес бағдарламаларды таңдау олардың экономикалық қайтарымына қатаң түрде үйлестірілген және жұмыссыздарды материалдық қолдау жүйесі тек сақтандыру принциптері негізінде құрылады.
Өз кезегінде Батыс Еуропаның көптеген елдеріне тән әлеуметтік модель жұмыссыздықтың әлеуметтік шығындарына басым назар аударады, жұмыссыздарды әлеуметтік қорғауға шығатын мемлекеттік шығындардың жоғары деңгейімен айқындалады. Жұмыссыздарды материалдық қолдау жұмыссыздықтан сақтандыру және әлеуметтік көмек жүйесі – екі жүйенің өзара тығыз байланысы негізінде жүзеге асырылады.
Қазақстанда құрылған жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау жүйесі өзіне либералды және әлеуметтік модельдер негізін біріктіре отырып, әлемдегі ең алдыңғы жүйелер жиынтығынан іріктеліп алынды. Қазақстанда жұмыссыз халықты міндетті әлеуметтік сақтандыру есебінен және мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен әлеуметтік қолдау жүзеге асырылуда.
«Халықты жұмыспен қамту туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы халықты жұмыспен қамту саласындағы құқықтық, экономикалық және ұйымдастыру қатынастарын реттейді.
Жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясаттың басты бағыттары Қазақстан Республикасының азаматтарына және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғаларға еңбек түрі мен кәсіп таңдауда еркіндік, әділетті және қолайлы еңбек жағдайын жасау, жұмыссыздарды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету болып табылады.
Қазақстанның әрбір азаматы, республика аумағында тұрақты тұратын және табыс алатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ тұлғалар жұмысқа тұрғанда міндетті түрде еңбек шарттарын жасау қажет. Еңбек шартына отыру, жұмыс берушілер ай сайын қызметкердің табысынан Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (Қор) 5% мөлшерінде әлеуметтік аударымдар төлеп отыратындықтан, әлеуметтік тәуекел туған жағдайда Қор қаржысы есебінен әлеуметтік қамсыздандырудың қосымша деңгейін алуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік аударымдар біздің табысымыздан ұсталмайды, ол жұмыс берушінің қаржаты есебінен төленеді.
Қазақстандағы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіндегі әлеуметтік тәуекелдердің бірі жұмысынан айырылуы жағдайы болып табылады. Бұл әлеуметтік тәуекел бойынша «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, олар үшін жұмыс берушілер ай сайын әлеуметтік аударымдар төлеген міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары Қордан әлеуметтік төлем алуға құқылы. Жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлемдер тағайындау үшін қажетті негізгі құжаттардың бірі міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушының жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органға жұмыссыз ретінде тіркелуі туралы анықтама болып табылады. Бұл ретте жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау үшін оған төлеуші (жұмыс беруші және (немесе) өзін-өзі жұмыспен қамтыған тұлға) жұмыссыз ретінде тіркелгенге дейін соңғы 24 күнтізбелік айда Қорға алты айдан кем емес әлеуметтік аударымдар төлеген жеке тұлға өтініш білдіре алады. Егер әлеуметтік аударымдар 6 айдан 12 айға дейін төленсе, онда аталған әлеуметтік төлем бір айға тағайындалады; 12 айдан 24 айға дейін төленсе – екі айға; 24 айдан 36 айға дейін төленсе – үш айға; 36 және одан да көп айға төленсе – төрт айға тағайындалады.
Жұмысынан айырылуы жағдайына тағайындалатын әлеуметтік төлемнің мөлшері жұмыссыз ретінде тіркелген күнге дейінгі 24 ай ішінде Қорға түскен ай сайынғы әлеуметтік аударымдардың сомасы мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты болады. Осыған байланысты, жұмысынан айырылған жағдайда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы жұмыссыз ретінде неғұрлым тез тіркелсе, соғұрлым тағайындалатын әлеуметтік төлемнің мөлшері жоғары болады.
2005-2012 жылдары жұмысынан айырылуы жағдайына Қордан төленген әлеуметтік төлемнің жалпы сомасы 3,5 млрд. теңгені құрады. Жұмысынан айырылуы жағдайына әлеуметтік төлем алушылар санының төлем кезеңі 4 айға тең болатын жоғары көрсеткіші жыл сайын артып келе жатқаны байқалады. 2012 жылы тағайындалған әлеуметтік төлемдер санының негізгі үлесін 36 ай және одан да көп қатысу өтілі бар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылар (77%) құрады.
Халықаралық тәжірибеде жұмыссыздық бойынша жәрдемақы белсенді түрде жұмыс іздеушілерге беріледі. Қордан төленетін әлеуметтік төлем мемлекеттік бюджет есебінен берілетін жұмыспен қамту бойынша шараларға қосымша әлеуметтік қамсыздандыру болып табылады.
Осыған байланысты, егер тұлғаның (отбасының) жан басына шаққандағы орташа айлық табысы облыстағы (республикалық маңызы бар қаладағы немесе елордадағы) белгіленген кедейлік шегінен төмен болса, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) төлеу арқылы мемлекет қолдау көрсетеді.
2011 жылдан бастап Қазақстанда «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда, мұнда ең алдымен оқытуға, жұмысқа тұрғызуға, тұрғылықты жерінде өзінің ісін ашуға және оны кеңейтуге ерекше көңіл бөлінеді. Мұндай мүмкіндіктер болмаған жағдайда мемлекет экономикалық әлеуеті төмен елді мекендерден өнімді жұмыспен қамтылуды кеңейту мақсатында экономикалық әлеуеті жоғары елді мекендерге өз еркімен көшуге көмектеседі. Жоспарланған шаралар жұмыс істейтін халық үшін әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейін қамтамасыз ететін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
Осылайша қазақстандықтар өздерінің өмір сүру сапасын өз беттерінше жақсарта алады және әлеуметтік қолдау халықтың еңбекке, шығармашылық және қоғамдық белсенділігін арттыруға жағдай жасауға бағытталады.
А.ҚҰРМАНОВ,
«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ президенті.
(Арнайы «Атырау» газеті үшін).