ІЗГІЛІК ІЗДЕРІ

Мұқтаж жанға қайырымдылық жасап, көмек көрсету – ізгілікті іс, ұлтымызға біткен ұлы қасиет. Ол - қолынан келген, мүмкіндігі тартқан әр адамның парызы. 
Атырау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәліметінше, бүгінгі таңда шаһар бойынша 17 мыңнан астам зейнеткер, 300-дей жалғызілікті қария, 700-ге жуық бала жасындағы мүгедек, т.б. қамқорлық пен қолдауға зәру жандардың санатына кіретіндер бар екен.

Айлық басталғалы қала басшылығы тарапынан осында жұмыс жасайтын 50 шамалы кәсіпорын, компаниялар мен бизнес құрылымдарына хат жолданып, демеушілік жасау жөнінде өтініш жолданған. Солардың арасынан 30-дан астамы оған құлақ асып, атсалысқан. Соның нәтижесінде, аз қамтылған, басқалай жағынан да қолдауды қажетсінетін 1000-ға тарта отбасы қайырымдылық шараларымен қамтылып, қариялар мен мүгедектерге, қарттар үйінің тұрғындарына түстіктер, ақшалай және азық-түлік түріндегі көмектер, концерттер мен кештер ұйымдастырылып, өткізіл-ген. Мұның сыртында қоғамның әлеуметтік әлсіз топтарына жататын жандарды баспанамен қамту жайына да көңіл бөлініп, тиісті құжаттарын жасақтауға жәрдемдесілген. Мұндай жұмыстар қалаға қарасты барлық селолық және ауылдық округтерде де жалғасын тапқан.
Өткен бейсенбіде Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония ғимаратында қала бойынша аяқтала келген қамқорлық айлығын қорытындылауға арналған салтанатты жиын өтті. Онда Атырау қаласы әкімінің орынбасары Гүлмира Шәкірова атаулы айлық барысында ортақ іске өзіндік үлестерін қосып, көмек қолын созған демеуші компаниялар мен кәсіпорын-мекемелер мен ұйымдардың өкілдеріне шаһар басшысы Серік Айдарбековтің атынан жазылған Алғыс хаттарды табыс етті. Филармония жанындағы «Нарын» фольклорлық оркестрі басқосуға қатысушылардың назарына концерттік бағдарламасын ұсынды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз