Бағаналы орда, басты орда
1.Тәуелсіз Қазақстан тарихында Астананың рөлі қандай?
2.Астана – Елбасымыздың төлтумасы. Бірақ, мұны Президенттің туған күнімен байланыстыратындар көп. Осыған орай не айтар едіңіз?
3.Бас қаланың болашағын қалай елестетесіз?
Биыл – тәуелсіз Қазақстанның тарихында айтулы жыл. Елорданың Алматыдан Астанаға ресми түрде көшкеніне 20 жыл толды. Тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, осынау аз ғана жылдың ішінде ерке Есіл бойында Қазақ елі тәуелсіздігінің нышанындай болып бой көтерген әсем елорда – Астананың дәулеті тасып, сәулеті асқан жер жаһандағы сұлу шаһарлардың біріне айналды. «Мінбердің» қонақтары біздің сауалдарымызға орай ойларын, ұсыныстарын ортаға салды.
Бейбіт МАМРАЕВ,
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Тәуелсіздіктің символы, елдің жүрегі
1 – Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси көрегендігінің даусыз айғағы болып табылатын Астананың егемен еліміздің шежіресінде алатын орны ерекше. Өйткені, Астана – Тәуелсіздігіміздің символы, еліміздің жүрегі. Осы орайда, Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде: «1990 жылдардың ең ауыр кезеңдерінде Астана бізге үміт қанатын сыйлады және үлкен қиындықтарды еңсеруді үйретті. Қиын кез болатын. Бәрі жетіспейтін. Еңбекақы, зейнетақы төленбеді. Бірақ, біз сол қиындықтардың бәрін ештеңеге қарамастан еңсеріп, елордамызды салдық.
Елордамыз қасиетті Тәуелсіздік рухының – жасампаздық пен бірлік рухының қайнар көзіне айналды. Астана бүгінде өз тарихының бастауында ғана тұр. Ол біздің мемлекеттік қуатымыздың биік самғауын бейнелей отырып, жылдан-жылға ажарланып келеді. Біз оны әлемнің мәңгі қалаларының бірі ету үшін бәрін жасаймыз, өйткені, Астана дегеніміз – Тәуелсіздіктің киесі» деп атап айтқан болатын.
Бүгінде Астана – дүние жүзіне кеңінен танымал елордалардың бірі ғана емес, бірегейі. Себебі, еліміздің бас қаласында Елбасының бастамасымен халықаралық деңгейдегі аса маңызды іс-шаралар жүйелі түрде өткізіліп жүр. Мәселен, Астана бертінге дейін бір-бірімен үн қатыспай келген әлемдік және дәстүрлі діндер басшыларының басын қосатын парасат ордасына айналды. Ал, былтырдан бері Сириядағы қантөгісті тоқтатуға арналған келіссөздер де осында өткізіліп келеді.
Қазіргі таңда елордамызда өтіп жатқан ЭКСПО–2017 халықаралық көрмесі – Астананың және тұтастай алғанда Қазақстанның абырой-беделін асырып қана қоймай, барша адамзат дамуының болашағына айқын бағыт ұсынған ғажап жобалар алаңы.
Астана еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының локомотиві де болып отыр. Ерке Есілдің сол жағалауында бой көтерген жаңа қаланы салу барысында елорда мен өзге де өңірлердегі жүздеген мың адамға тұрақты жұмыс табылды. Бұған қоса, Астана қазірдің өзінде Алматы қаласымен, сондай-ақ, мұнайлы Атырау және Маңғыстау облыстарымен қатар ел қазынасын толтыруға елеулі үлес қосып отырған төрт «донор» өңірдің біріне айналды. Ажары күннен-күнге ашыла түскен Астанаға қарап, басқа шаһарларымыз бен ауылдарымыз да бой түзеуде.
2 – Еліміз тәуелсіздік алған соң Елбасы астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы бастама көтергенде сол кездегі Жоғарғы Кеңестің депутаттары бірден келісім бере қоймай, алуан пікір өрбігені белгілі. Соған қарамастан 1994 жылғы 6 шілдеде оң шешім қабылданып, Елбасын өзіндік сыйлық жасалғандай болғаны жадымызда. Сондықтан, Астана мен Елбасы есімі егіз ұғымға айналғаны ақиқат. Осыны ескере отырып, Парламент депутаттары Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясында Елбасының есімін Елорданың атауында және еліміздің басқа да маңызды нысандарында көрсетуді ұсынған болатын. Соған орай, жуырда Үкімет қаулысымен Астананың халықаралық әуежайына Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді.
Бүгін Астана – Еуразияның танылған геосаяси көшбасшыларының бірі, жаңа, табысты, қалыптасқан мемлекеттің бірегей нышаны. Өзіне Шығыстың дәстүрлері мен заманауи Батыстың ұмтылысын үйлестіретін Елорда – мегаполистердің тұрақты дамуының әлемдік трендтеріне бейімделген, тез және тиімді дамушы инновациялар мен смарт-технологиялар қаласы. Сондықтан, Астана мен Елбасы есімін байланыстырудың еш артықтығы жоқ деп есептеймін.
3 – Елбасы атап көрсеткендей, алдағы уақытта Астана үш миллионнан астам тұрғыны бар еуразиялық мегаполиске айналмақ. Сонымен бірге, Алматы мен барлық облыс орталықтары ырғақты дамуын одан әрі жалғастырып, ғылым, технологиялар, даму өріс алатын бірнеше жаңа миллиондық қалалар пайда болмақ.
Астананы қазір қазақстандықтар «арман қала» деп атайды. Мұнда білім алу, еңбек ету – оның 1 миллион тұрғыны үшін тағдыр сыйындай үлкен бақыт. Ал, халқымыз үшін Астана – зор мақтаныш! Өйткені, жаңа елорда тәуелсіз еліміздің бағаналы ордасы, басты ордасы!
Нұрпейіс МАҚАШЕВ,
Атырау облысының Құрметті азаматы:
Астана –Қазақстанның имиджі
1 – 1997 жылы елордамыз Алматыдан Астанаға көшкенде бұл шешімнің дұрыстығына сенімсіздік білдіргендер көп болды. Елбасы ұсынысын ақылға сыймайтын әрекет деп бағалады. Өйткенi, сол кезде елдiң экономикалық жағдайы қазіргідей емес еді. Ал, қазір Астана Қазақстанның елордасы ғана емес, бүкіл Еуразия құрлығының орталығына айналып, әлемді өзіне қаратты. Елімізде өтіп жатқан ЭКСПО халықаралық мамандандырылған көрмесі – соның айғағы. Астана арқылы әлем тәуелсіз Қазақстанды таниды. Елбасы жаңа астананы таңдауды бірнеше өлшем бойынша жүрізген еді. Атап айтсақ, геосаяси және географиялық орналасуы, климаты, ландшафт, сейсмологиялық жағдай – бәрі есепке алынды.
Жасыратыны жоқ, солтүстік өңірдегі бес облыстың «орыстанып» кету қаупі туындаған сәтте Астананың елорда болып, сол аймақтарда мемлекеттік тілдің қалыпты дамуына тың серпіліс берді. Ал, кез келген мемлекеттің дамуы ұлттық тілі мен дінінің, ділі мен салт-санасының өсу деңгейімен тікелей байланысты екені сөзсіз. Бұл да – Президенттің көреген саясатының жемісі.
2 – Иә, мұндай мәселе бар. «Астана күні Президенттің туған күнінде әдейі тойланады» деушілер кездеседі. Әр қаланың өз туған күні болады. Мәселен, елорда Алматыдан Астанаға желтоқсан айында көшті. Бұл мезгіл бас қаланың туған күні ретінде тойлауға ыңғайлы ма? Жоқ. Өйткені, Астананың қысы тым суық. Сондықтан, жаз мезгілі – ең сәтті кезең. Бұл кезде мен Парламент Мәжілісінде депутат болдым. Әрине, бұл мәселе көп талқыланды. Әлі де айтылып жатыр. Бірақ, елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесі 1994 жылдың 6 шілдесінде қабылдағанын көбі біле бермейді. Демек, бұл жерде тарихи байланыс та бар. Мұндай шешім қабылдау арқылы біз көп нәрсені ұттық. Сондықтан, бұл мерекені нақ сол күні тойлауды дұрыс деп есептеймін.
3 – Астана – несібесі мол қала. Еліміз бойынша инвестиция, негізінен, бас қалаға құйылуда. Жиырма жылда мұндай сәулетті қала тұрғызу ешбір елдің тарихында болмаған. Бастапқыда халқының саны 150 мың болса, қазіргі көрсеткіші бір миллионнан асты. 2025 жылға қарай миллион жарымдай тұрғын болады деп күтіліп отыр. Демек, Астананың болашағы зор. Сондықтан, елдің әр азаматы елордамыздың гүлденуіне өз үлесін қосуы керек деп есептеймін.
Айгүл ЕРТІЛЕУ