b84e431c397f5267fe3f0346f01042bd l

Айнұр ӘБДІРАСЫЛҚЫЗЫ: ҚЫЗЫМЫЗ қандай болса, ҚОҒАМЫМЫЗ сондай!

Жаңалықтар Рухани жаңғыру Қоғам

Atr.kz/11 наурыз, 2020 жыл. «Белсенділіктің өзі жанашырлықтан, қоғамға деген аналық көзқарас пен қамқорлықтан туындайды. Сондықтан, әйел-аналарымыздың осы табиғи қасиеті жоғалмауы тиіс» дейді ақын, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірасылқызы.

− « Ә й е л г е д е г е н қарым-қатынас ардың, ұяттың, адалдықтың, парасаттылықтың ең нәзік өлшемі, сезімталдықты тәрбиелейтін ең жоғары мектеп» деген екен В.А.Сухомлинский. Осы бір қағида деуге келетін дүние қоғамда қаншалықты орындалып отыр?

− Көпке топырақ шашудан аулақпын, дегенмен адам сапасын айтарлықтай кемітіп алған қазіргі қоғамымызда ол қағиданы орындамақ тұрмақ, осы сұрақ толғандыратын адамдардың қалғанына да шүкір дер едім. Әйел-анаға, жалпы адамға деген қарым-қатынас әр адамның ішкі мәдениетінен, тектілігінен, тазалығынан, парасатынан, азаматтығынан туындайды.

Осы өлшемдерге сай азамат ерлеріміз В.А.Сухомлинскийдің сөзін жандандыратын жағдайда деп есептеймін. Екінші жағынан өзін сыйлата білу – намысты әйелге тән асыл қасиет. Бұл жағынан жауапкершілік жүгі әйелдердің еншісінде. Бірақ, «аталы сөзге жетесіз тоқтамайтыны» секілді, сыбызғыдай сызылып тұрған әйел затының өзін басакөктеп, өктемдік жасайтындар да аз емес.

Баршаға таныс «нәпсі» деген ұғым бар. Алла Тағала нәпсіні жаратқаннан кейін одан: «Сен кімсің, мен кіммін?» деп сұрағанда, менмен нәпсі: «Сен − сенсің, мен − менмін», деп, Жаратушысын мойындамай, қайқайып қарсы тұрған екен. Сондықтан, ораза арқылы нәпсіні тәрбиелеу мұсылманға парыз етіліпті. Мұны мысал еткенде айтпақ болғаным басқа. Сол менмен, тәкаппар, ештеңеден тартынбайтын нәпсі достан ұялады екен. Қазақтың «бет көріссе, жүз ұялады» деген мәтелінің бір ұшығы осы шындықпен де жанасатын болар.

Қоғамдасып өмір сүрудің, санатты түзеп, ел болудың бір мұраты – бір-бірінен тартынып, бір-біріне қарап бой түзеп, кемтігін толтырып, жақсысын жетілдіріп, ортақ өнеге қалыптастырып, ортақ қағидаға бойұсыну болар. Осыны әйел-еркек, жаскәрі демей түгел ұғынып, бірбірімізді тыйып, бір-бірімізді тәрбиелеп, бір-бірімізді қолдап отырсақ, жер бетіндегі жұмақ қоғам сондай-ақ болар еді.

Ауыл болса, қауым бола білген, басқаның баласына да бей-жай қарап көрмеген, тәрбиені бірге берген, телісі мен тентегін бірге тыйған, әдет заңы мен әдеп заңын үлкен-кіші демей, бар қазаққа ортақ еткен кешегі ақылман аталарымыздан ең болмаса осы өнегені ала білсек, ұлт ретіндегі өміріміз мыңжылдықтарға ұзарар еді…

− Жаһандану жағдайында ұлттық болмысымызды сақтап қалу үшін не істеу керек?

− Ұлттық бастауларға оралу керек. Ұлтты ұлт еткен құндылықтарды қайта тірілту керек. Далада туған дәстүрді тым болмаса санада сақтап қалу керек. Ұрпақ тәрбиесіне, адам тағдырына шынайы жанашырлықпен қарау, әйеланаға, отбасына қамқорлық жасау керек.

Ең бастысы – руханиадамгершілік тәрбие саласында жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарсы бағытталған іс-әрекеттерге тосқауыл қойылуы қажет. Мемлекет бір жағынан асқақ гуманизмді, жоғары руханиятты, руханиадамгершілік тәрбиені насихаттап, екінші жағынан ғаламтор ресурстары мен БАҚ-тарда қаптаған зорлықзомбылықты, агрессияны, қатыгездікті, тамырсыздықты насихаттайтын арандатушы ақпараттарға жол беріп қарап отырмауы тиіс.

Бұл қоғамға, әсіресе жастарға бір қолмен бал, бір қолмен у ұсынғанмен бірдей. Жастарды бағдарынан жаңылдырып, ересек
буынның наразылығын күшейтетін, құндылықтардың құнсыздануына, рухани жалғыздыққа соқтыратын мұндай қосұдайлыққа мүмкіндігінше шектеу қойылуы тиіс.

– Исраил Сапарбаевтың сөзіне жазылған «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» әніндегі қазақ қыздарының образы қазіргі қоғамда қаншалықты сақталып отыр деп ойлайсыз?

– Әйел адамның жаратылысында адалдыққа, тазалыққа бейімділік және табиғи мейірім бар. Ол өз шаңырағының ғана емес, қоғамның да тазалығына, тәртібіне, тәрбиесіне жаны аши біледі, жауапкершілікті сезінеді. Сонысымен де әйел тектіліктің, ізгіліктің
бастауы. Барлық діндер мен салт-дәстүрлерде әйелдерге қойылатын талаптың жоғары болатыны сондықтан. «Алып анадан, ат биеден туады» дейді халқымыз.

Алтын құрсақты аналардың тектілігінің, тазалығы мен тәрбиесінің ұрпақ үшін қаншалықты маңызды екенін аталарымыз осы бір мақалдың аясына сыйғызған. «Ет бұзылса, тұз себесің, тұз бұзылса не себесің?» деп мақалдаған қазақ, қызды, яғни болашақ ұлт анасын бұзылудан сақтау үшін қырық үйден тыйым сала білді. Қыздың әр қадамын назарда ұстап, «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, қызыңды тәрбиеле» деген қанатты сөзді қалдырды. Соның нәтижесінде ерлігі ересен, елдігі кемел ұлт болғанымыз баршаға белгілі.

Ал бүгін қандаймыз? Жауап айқын – қызымыз қандай болса, ұлтымыз сондай. Ал қыздарымыз… ала-құла. Тектілігін танытып, ибалы, инабатты мінезін сақтап, иіліп тұрған, «салтанаты санатына жарасқан», қарасаң, көз сүйсінетін қыздарымыз аз емес. Қолынан да, тілінен де келетін, орнын да, айтарын да білетін, алмас қылыштай жарқылдаған ерге бергісіз бойжеткендеріміз де бар.

Бірақ өкінішке қарай, арзан әңгіме, орынсыз қылжаңға бой алдырып, құнсыз құндылықтарға алданған, ақылпарасат пен әдеп-ибаны ысырып тастап, пайдасы өз басынан артылмай, дүнияуи игіліктерді ғана көздеуге бейімделген қыздарымыз да жетерлік. Қай тарап басым түссе – елдің ертеңі соған байланысты болмақ.

Бір қиыны, ақымақтың үлкен-кішісі болмайтыны секілді, жамандықтың да аз-көбі болмайды. Аз боп көрінетін, бірақ көп болып шығатын, яғни ақырғы салдары көп болатын келеңсіз құбылыстар бар. Қыздарымыздың аз бөлігінің болса да, азуына жол бермеуіміз керек еді…

Өкінішке қарай, бұл да өткен шақтың әңгімесі болып қалды. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» болып, қыздарымыздың тәрбиесіне көп көңіл бөле алмадық. Бізге бой бермейтін еркімізден тыс үдерістер де болды. Ендеше, өкпеміз өз басымызға болуы тиіс. Ендігі жерде келешекті қамдауымыз қажет.

Сұхбаттасқан:

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған