БҮГІН АЛАҢҒА КІМДЕР ШЫҒАДЫ?
Алдағы маусымда айдарынан жел есіп, чемпиондық атаққа ұмтылатындар саны өсіп отыр. Олардың арасында Астананың «Астана» мен Алматының «Қайрат» командаларын бөле айтқан жөн. Өткен жылғы құрамдарын түгелдей дерлік сақтай отырып, ойынды күшейту үшін бар мүмкіндікті жасаған қос ұжымға Шымкенттің «Ордабасы», Павлодардың «Ертісі», Қостанайдың «Тобылы», Көкшетаудың «Оқжетпесі» табан тіресіп көреді деп күтілуде. Осы топта Атыраудың «Атырау» командасы да болады деген үміт бар. Биылғы жылы көптеген мықты ойыншыларды шақырып, Түрік елінде үш бірдей оқу-жаттығу жиынын өткізіп қайтқан жерлестеріміздің осы маусымда талайды «қан қақсатары» анық.
Өткен маусымдағы құрамынан алты-ақ ойыншысын сақтап қалған жерлестеріміз әдеттегіше жер-жаһаннан ондаған футболшыны шақырып, осыдан бірдеңе шығар-ау дегендерін ұстап қалды. Атап айтсақ, қақпашы Рамиль Нұрмұхаметов (Тараз), қорғаушылар Александр Дамчевски (Франция), Алексей Мулдаров (Шахтер), Абдель Ламанж (Франция), Алдан Балтаев (Қайсар) жартылай қорғаушылар Павел Шабалин (Оқжетпес), Ұлан Қонысбаев (Астана), Вячеслав Шарпар (Украина), Валерий Коробкин (Ақтөбе), шабуылшылар Александр Макась (Беларусь), Пшемыслав Трытко (Польша) сияқты жаңа келген футболшылар көмегімен алғашқы алтылыққа енеміз деген үміт те бар.
Әр маусымның өзіндік ерекшелігі, соған орай өзіндік қызықтары болады. Биылғы жылы жазда Франция жерінде Еуропа біріншілігінің финалдық айқасы өтеді. Жолдамаға ие болған 24 команданың арасында Ресей мен Украина елдерінің құрамалары болатыны қуанышты.
Ел біріншілігіне қайта оралсақ, жыл сайын жетпей қалатын жалғыз ұпай осы жылы да діңкелетіп жүрмесе екен деп тілейміз. «Атырау» жеңсе, жайраңдап, жеңілсе, қайраңдап қалатынымыз рас. «Гүл бар жерде көбелек бар, футбол бар жерде жанкүйер бар» дегендей, футбол маусымы елімізге аяқ басты. Ендеше, қадамың сәтті болсын, «Атырау»!
Алғашқы ойын. Алғашқы ұпай.
Ел чемпионатының алғашқы кездесуін «Атырау» командасы сырт алаңда талдықорғандық «Жетісумен» өткізді. Бірінші таймда Ұлан Қонысбаев салған голға алаң иелері ойынның екінші таймында жауап қайтарды. Ойын тең аяқталып, командалар ұпай бөлісті.
Енді 19 наурызда жаңа маусымда жергілікті команда өз алаңындағы алғашқы қарсыласы– қостанайлық «Тобылды» «Судоремонтник» стадионында қабылдайды.
Мұнайлы астанада футбол маусымы сағат 15.00-де басталады. Кіру тегін. Сүйікті командамызға жанкүйер болуға асығайық, ағайын!
Алтынбек Нысанғалиев.