ҚАЖЫМАҒАН ҚАЛАМГЕР

Ардагер журналист Рахмет Иманғалиев – сексеннің сеңгірінде

Атырау аймағы журналистикасы ардагерлерінің бірі, облыстық «Атырау» газетінде қырық жыл бойы табан аудармастан қызмет еткен қарымды қаламгер Рахмет Иманғалиев – бүгінде сексеннің сеңгірінде. Сонау елуінші жылдардан бері Еділ мен Жайық арасындағы халықтың тұрмыс-тіршілігін, мұң-мұқтажын тақырыбына арқау етіп келген қаламгерлік қызметіне биыл 60 жыл толды. Осыған орай өткен сенбі күні Құрманғазы ауданында ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстанның Құрметті журналисі Рахмет Иманғалиевтың шығармашылық кеші болып өтті.

Қырық жыл бойына облыстық “Атырау” газетінің Исатай, Құрманғазы аудандарын тұрақты қамтитын меншікті тілшісі бола жүріп, тарих қойнауынан сыр шертетін “Еділім менің, Еділім”, “Жылдар жырлайды”, “Нарын – шежіре” және басқа да сүбелі кітаптарды жарыққа шығарды. Сонымен қатар, Рахмет Иманғалиев тек Еділ-Жайық арасын ғана емес, көршілес Ресей Федерациясының Астрахан облысының Қызылжар, Володар және Харабайлы аудандарын қамтып, ондағы қандастарымыздың өмірі, олардың ерен еңбегі, тұрмысы, сол жердің тарихы жөнінде тамаша туындылар жазды.
– Ең бастысы, Рахаңның тойы жалғасын тауып, жасы ұлғайған сайын кітаптың да санын көбейтіп шығармашылықпен жұмыс жасауда. Екеуміздің “Нарын-шежіре” деген бес томнан тұратын кітапты шығарамыз деген келісіміміз бар. Әзірше 4 томы, таяуда “Нарын-шежіренің” 4-ші кітабы “Азғыр ақиқаты” жарық көрді, – деді Алматыдан осы шараға арнайы келген белгілі зерттеуші-ғалым, “Арыс” баспасының директоры Ғарифолла Әнес. – Енді келесі жылы наурыз айында осы кітаптың бесінші томын да шығаруды жоспарлаудамыз. Сонымен бірге, келер жылы Рахаңның таңдамалы прозалық жинағының 1-томы да мемлекеттік тапсырыспен 4 мың дана болып жарық көретіні жөнінде ақжолтай хабарды ала келдім…
Қаламгермен қызмет бабындағы таныстығы терең сыйластыққа ұласқан еңбек ардагері, қоғам қайраткері Жанай Беркәлиев сөз алып, оны ерекше мақтан тұтатынын жеткізді. “Серпер” газетінің Бас редакторы Таңатар Дәрелұлы арнау өлеңін оқыды. С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпазы Әділбек Нұрғалиев “Ата толғауы” күйін орындады.
– Рахаңды мен өзім өмірдегі ұстазым санаймын. Отыз жыл бұрын облыстық партия комитетінде істеп жүрген кезімде өзімнің қолыммен толтырған қағаздар орталыққа кетіп, Рахмет аға құрметті атақты иеленді, – деді «Атырау-Ақпарат» ЖШС ардагерлер кеңесінің төрағасы Айтқали Нұрғалиев. – Биыл да осы тойдың өтуіне өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын. Ісіміз оң болсын дейміз. Қазір ағаны сексенге келді деуге сену қиын. Міне, бір жылда төрт кітабы жарық көрді, тағы бір кітабы “Ағатай”, екіншісі “Арыс” баспасынан шығады деп естідік. Қалам қуаты қайтпасын, той тойға ұлассын!..
Сондай-ақ, осы кеште “Атырау-Ақпарат” ЖШС директоры Төлеген Берішбай, облыстық “Атырау” газетінің Бас редакторы Исатай Балмағамбетов, Исатай аудандық мәслихатының хатшысы Жұмажан Қадимов, туыстары атынан Өмірзақ Қажымғалиев және басқалар мерейгерге ізгі тілектерін арнады. С.Көшекбаев атындағы мәдениет үйінің өнерпаздары ән-күйлерімен шара шырайын келтірді.
Ардагер журналист Рахмет Иманғалиев өзіне көрсетіліп жатқан құрметке ризашылығын білдіріп, журналистика хақында өрелі ой өрбітті, өзінің “Кәріліктің күңкілі” атты жаңа өлеңін оқып берді. Шығармашылық кеш соңы мерейгерге ақбоз арғымақ мінгізумен түйінделді.

Қанат ҒҰМАРОВ,
Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз