ЕНДІ «ЕУРО-5» ӨЗІМІЗДЕ ӨНДІРІЛЕДІ

«Еуро-5» жанармайы енді Қазақстанда да өндіріле бастайтын болды. 24 kz арнасының хабарлауынша, Батыс Қазақстан облысында экологиялық жағынан таза өнім саналатын «Еуро-5» жанармайын өндіруге арналған кешен құрылысы аяқталуға жақын.

Бірінші кезеңде жылына 200 мың тонна жоғары октанды этилсіз Ка5 бензині өндірілмек. Ал екінші іске қосу кешені аясында экологиялық таза дизель отыны шығарылмақ.  200 млн. АҚШ долларына  бағаланған жоба өткен жылы Индустрияландыру картасына енгізілген. Шығындардың өтелу мерзімі – сегіз жыл. Осы арқылы Қарашығанақ кен орнында шикізатты терең өңдеу өндірісі өрістеп, тиісінше дайын өнімді сыртқы нарықта саудалау көзделіп отыр. «Конденсат» компаниялар тобы басшысының айтуынша, зауыт осы жылдың үшінші тоқсанында іске қосылмақ.

«Кедендік одақ және қазіргі Еуразиялық экономикалық одақ елдері бес класты бензинді қолдануға біржола көшті. Қазақстан бұған енді ғана кірісіп жатыр. Біздің міндетіміз – Батыс Қазақстан мен көршілес облыстарды сапа стандартына сай өніммен қамтамасыз ету. Қазірдің өзінде біз ресейлік өндірушілермен бәсекелестікке дайынбыз деп есептеймін», дейді «Конденсат» компаниялар тобы директорлар кеңесінің төрағасы Валерий Жүнісов.

Б.АТАЙМАНҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз